Облыс әкімінің есебі қарсаңында

Табиғатты қорғау – болашақты ойлау

Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды орындау мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді, балық шаруашылығын дамыту мемлекеттік бағдарламалары, сондай-ақ, облыстың экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жол картасы шеңберінде басқарма тарапынан орман, су ресурстарын, жануарлар дүниесін, табиғатты қорғау іс-шаралары, жобаларды экологиялық сараптау және қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектілерге рұқсат беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларын азайту үшін «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына және облыстың даму жоспарына нысаналы индикатор енгізілді, оған Қарағанды облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жол картасының іс-шараларын орындау есебінен қол жеткізілетін болады.

Сурет автордан

Жалпы, алдағы 5 жылда облыстың ірі қалаларында атмосфера шығарындыларын 50%-ға қысқарту жоспарланып отыр. Табиғатты қорғау іс-шаралары шеңберінде облыстық бюджет қаражаты есебінен бірқатар іс-шаралар өткізілді және жалғасуда. Өткен жылы Шерубай-Нұра, Топар өзендерін санациялау және Нұра мен Жезді өзендерінің үш учаскесін жобалау жұмыстары аяқталды. 2021 жылы 2022-2024 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. Аталған іс-шаралар жоспары Экология министрлігімен келісіліп, облыс мәслихатының шешімімен бекітілді. Іс-шаралар жоспарына жалпы сомасы 49,5 млрд. теңгеге 98 іс-шара енгізілді. Табиғатты қорғау іс-шаралары аясында 2022 жылы:

су объектілерінің экожүйелерін сақтау үшін, Нұра, Солонка, Ақбастау өзендерін қалпына келтіру және Үлкен Бұқпа өзенінің қалпына келтіруін жобалау;

бүлінген жерлерді қалпына келтіру үшін, бұрынғы Дарьял-УРЛС және Қарағайлы кең байыту комбинаты барит қалдықтары қоймасының жерлерін қалпына келтіру жобасын әзірлеу;

Қарағанды облысының қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін, сондай-ақ, Сәтбаев атындағы каналдан Тұзды өзеніне табиғат қорғау мақсатында су жіберудің ғылыми-табиғи негіздемесін әзірлеу жоспарлануда.

Көму көлемін азайту және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін ұлғайту маңызды мәселе болып табылады. Өңірде қатты-тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу 2015 жылдан бастап жүргізілуде. Коммуналдық қалдықтарды өңдеу көлемі олардың пайда болуының жалпы көлеміне шаққанда 5 жылда 2%-дан 50%-ға дейін ұлғайды. Жинауды, әкетуді және көмуді 31 мамандандырылған ұйым мен кәсіпорын жүзеге асырады. Облыс бойынша барлығы 13 мыңнан астам контейнер, оның ішінде, қалдықтарды бөлек жинауға арналған 1200 контейнер және құрамында сынабы бар аспаптарды жинауға арналған 66 контейнер орнатылды. Жыл сайын «Бөл, тапсыр, қайта өндір» және «Бірге таза Қазақстан» акциялары арқылы тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинауды халық және шағын-орта бизнес субъектілері арасында насихаттау бойынша іс-шаралар өткізіледі.

2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша басқарма қарамағындағы мемлекеттік орман қорының жалпы алаңы 204 094 гектарды құрайды. 2021 жылы 445 га алаңға 1,7 млн. ағаш көшеті отырғызылды. Ағаш көшеттерін отырғызу Шахтинск, Теміртау қалаларының, сондай-ақ, Ақтоғай, Егіндібұлақ және Атасу елді мекендерінің мемлекеттік орман қоры аумағында жүргізілді.

Биылғы жылға жоспар – 435 гектар. Биыл «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының нысаналы индикаторына қол жеткізу мақсатында жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізу және 25 240 гектар алаңда орман дақылдары қорының қосымша учаскелерінде ағаш отырғызудың жұмыс жобаларын әзірлеу, мемлекеттік орман қоры аумағында орман тұқымбақтарын құру бойынша жобаларды әзірлеу және 168 мамандандырылған техника мен жабдық сатып алу жоспарланған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 7 желтоқсандағы қаулысымен Қарағанды облысының аумағында «Орман мен жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Ұлытау шаруашылығы» КММ базасында «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылды.

Облыста жалпы алаңы 37,2 млн. га 139 аңшылық шаруашылығы бар, оның ішінде, 27,1 млн. га алаңда 106 аңшылық шаруашылығы бекітілген. Резервтік қор 10,1 млн. га алаңда 33 аңшылық шаруашылықты құрайды. Балық шаруашылығы қорында алаңы 73 908 га жергілікті маңызы бар 202 балық шаруашылығы су айдыны және республикалық маңызы бар 3 су айдыны (Балқаш көлі, Нұра өзені, Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың су тораптары) бар. Алаңы 36 144 га 83 су айдыны бекітілген, резервтік қор 37 764 га алаңда 119 су айдынын құрайды. 2021 жылы 90 су айдынына паспорттау жүргізілді, оның қорытындысы бойынша 57 балық шаруашылығы су айдынын ғылыми ұйым балық шаруашылығын жүргізуге ұсынды. 2021 жылы орман мекемелері 535 рейд жүргізді, оның қорытындысы бойынша 83 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Қарағанды облысының аумағында 262 гидротехникалық құрылыс бар, оның ішінде облыстық коммуналдық меншікте «Қарағанды су қоймалары» КМК теңгерімінде – 45 объекті. Абай, Бұқар жырау және Шет аудандарының су объектілері бойынша жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары, инженерлік жұмыстар жоспарына сәйкес жүргізілді.

2021 жылы Абай ауданының Топар бөгетін күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Биыл Жаңаарқа ауданының Манака бөгетін, Саран және Шалғия су қоймаларына күрделі жөндеу жүргізіледі, сондай-ақ, Таңатбай су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу аяқталады. Экология министрлігінің Су ресурстары комитеті «Қарағанды облысы Осакаров ауданының Үлкен Құндызды өзенінде Садовое су қоймасын салу» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуде. Көлемі 14 млн. м3 болатын су қоймасының құрылысы су тасқыны кезеңінде Осакаров ауданының елді мекендерін су басу қаупін жоюға және 2 мың гектардан астам алаңда тұрақты суарылатын жерлердің ирригациялық жүйелерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. 2022 жылы су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу үшін «Қарағанды су қоймалары» КМК материалдық-техникалық базасын нығайту жоспарлануда, облыстық бюджеттен қажетті қаражат бөлінді. Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі халыққа мемлекеттік қызмет көрсету болып табылады, 2021 жылы басқарма – 2683 мемлекеттік қызмет көрсетті, оның ішінде, жобаларға – 343 экологиялық қорытынды, қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектілер үшін – 922 рұқсат және жануарлар дүниесін пайдалануға – 1418 рұқсат берді. Басқарма 2021 жылы табиғатты қорғау іс-шаралары саласында, су және орман шаруашылығы саласында барлық нысаналы индикаторларға қол жеткізді.

Әсет ТАЗАБЕКОВ,

Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button