Тағзым. Тарих. Тектілік

Атамыз Үсен Жақыпов туралы жиналған деректерді хатқа түсіру бұрыннан ойда жүрген мәселе еді. Сондықтан, әу басында атамыз туралы мағлұматты алға тарталық. Ол 1902 жылы туған. Руы – Жетіру ішінде Рамадан. Семейдің Үржар ауданында, Қарқаралыда, Томар ауылында қызмет істеген. Қайран әкеміз ол туралы белгілі жағдайларға байланысты ештеңе айтпайтын. Біз де жас болдық, керек қыла қоймадық. Өзімізге келсек, әжем Күләш Әбубәкірқызының бауырында өстім. Ол кісі де атам туралы көп әңгіме шертпейтін. Әжем – Күләш, руы – Тоғалақ, атама 16 жасында тұрмысқа шығып, 24 жасында 2 баласымен қалған: қызы Мағыш – 7 жаста, ұлы Мәдениет – 2 жаста.
Ел аузынан естігеніміз бар-тын. Асқаралы атамыз ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарған, білімді, өжет, ептеген ақындығы да болған көрінеді. Еліміз еңсеген егемендігін алғаннан кейіннің өзінде атамыз һақында ақпарат жинау жеңіл болмаса керек. Жоспарлы түрде қудалау, содан жазалау 1930 жылы басталған. Тіпті, соғыс жылдары жалғасқандығы баршаға аян. Атамыз талай-талай азаматтарды қудалаудан құтқарып жүріп, 1935 жылы жұмыстан қудаланып, дәл сол жылы «әлеуметтік қауіпті элемент» ретінде партиядан шығарылған. Бізге атамыз туралы архив қайнарларынан, ұлттық қауіпсіздік комитетінен алған бірқатар мәліметтермен қатар, қарағандылық журналист Екатерина Кузнецованың өз қолынан алған «Қанды 37» деген кітабы мол септігін тигізді.
Ол кезде БКП (б) тапсырмасымен жер-жерде құпия түрде, кеңес үкіметіне қарсы ұйымдарды әшкерелеу тапсырылған. Сондай аты шулы істердің бірі «Қарқаралы ісі» болған. Тоқтала кетелік. Үкіметке қарсы ұйымның жетекшісі ретінде тұтқындалғандар қатарында округтық атқару комитетінің төрағасы А.Асылбеков, хатшылары Н.Нүрпейсов, М.Татаулин көп ұзамай 1937 жылдың 22 қарашасында атылды. Сол күні осы «ұйымның» мүшесі ретінде атам Үсен Жақыпов та тұтқындалған еді. Тұтқындалғандар ішінде Томар ауылының да азаматтары болған. Қатарында жездеміз Қабажан Қасенов те бар. Жездеміздің балаларының айтуы бойынша, атамыз атылар алдында «енді жүздеспеспіз» деп, қоштасып кеткен екен.
Қош, содан 28 қарашада аты мәшһүр 58 баптың 1,8,9 тармақтарына сәйкес, яғни, «Кеңес үкіметін құлату, Қазақстанды бөліп әкету әрекеті» деген айып тағылады оларға. 1937 жылы 19 желтоқсанда айыпталған 58 адамның 23-і, мұның ішінде 35 жастағы атамыз Үсен де атылып кете барады. Қалғаны еңбекпен түзету лагеріне жөнелтіледі. Айқын дәлелдің жоқтығына байланысты 20 жылдан кейін Қарағанды облыстық соты Президиумының қаулысымен 1957 жылы 13 маусымда ақталған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің анықтамасына сәйкес: ешбір фотосуреті, жеке мүлкі, құжаты сақталмаған. Жерленген жері де белгісіз. Өзіміз Михайловтағы «Қуғын-сүргін құрбандары» ескерткішіне ара-тұра соғып кетіп, қол жайып дұға бағыштап тұрамыз.
Әуел басында айтқандай, енді әкеміз Мәдениет Үсеновтің өмір жолына келер болсақ, сол кездегі қалың көпшілік сияқты 16 жасынан бастап, жұмысқа араласқан. 18 жасында Фрунзе колхозының мүшелігіне қабылданған. 1958 жылы Қарқаралыдаға зооветтехникумды бітіріп, алғашқыда Фрунзе колхозында зоотехник болып істейді. 1963 жылдан бастап, Фрунзе совхозының бас зоотехнигі қызметін атқарады. 1965 жылдың басында жаңадан құрылып жатқан «Прогресс» совхозына директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары ретінде жолдама алады.
Сонымен не керек, 1965 жылдан бастап, әкеміз ауылдың, совхоздың өсіп-өркендеуіне, қуатты да шуақты совхозға айналуына өте зор үлес қосқан азаматтардың біріне айналды. Мал шаруашылығы өрістеген совхоз кезінде бөлімше зоотехнигі, совхоздың бас зоотехнигі қызметтерін қалтқысыз атқарды. Ал, 1967-1972 жылдар аралығында әкімшілік қызметке ауысып, ауылдық кеңестің төрағасы болды. Әкеміздің іскерлігін аудандағы жолдастары да жоғары бағалайтын. Бірде Ақтоғай ауданының атқару комитетіне де жұмысқа шақырылғанын білеміз. 1972 жылы Ынталы совхозына ауылдық кеңестің төрағасы қызметіне жіберіледі. Ол жақта анасы Күләш әжеміз ауырып, төсек тартып жатып қалады да, 1974 жылы қайтадан Томар ауылына оралады. Ауылда комендант болып жұмыс істеді. Сол уақта денсаулығы да жиі сыр бере бастады. Өмірінің ақырғы жылдары көбінесе аурухана мен үй арасында жүрумен болды.
Ақыры найзағайдай жарқ етіп, жарқын да жалынды өмір сүрген әкеміз 1978 жылы анасының соңынан көпке созбай 43 жасында дүниеден озды.
Біздің анамыз Мәрия Оспановаға аз-кем тоқтала кеткенді құп көрдік. Руы – Шашты. 10 құрсақ көтерген. Туа сала шетінеген қос сәбиінің, Отан алдындағы борышын өтеп жүріп мерт болған ініміз Марғұланның күйігіне мойымаған. Әкемізді жоқтатпай өмірдегі шамшырағымыз болып, осыдан үш жыл бұрын ақзер дүниеден озды.
Азын-аулақ ойымызды тұжыра келе, қилы заманда алғы шепте болғаны үшін жандарын пида еткен асқар тау атамыз Үсеннің, ел ішінде игі аты кеткен әзиз де рахыметті әкеміз Мәдениеттің рух-шәрібі разы болсын. Еліміз аман, жеріміз тыныш, болашағымыз жарқын болсын! Мемлекетіміз мәртебелі, өркениетті елге айналатынына шүбәсіз сенеміз!
Мәди ҮСЕН