Жаңалықтар

Қарағанды өңірі Жеңістің 80 жылдығын асқақ рухпен атап өтті

От шарпыған екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске биыл сексен жыл толды. Тарих қойнауындағы қанмен жазылған қасіретке әрдайым тағзым жасау – ұрпақ мойнындағы борыш. Қарағанды өңірі Жеңістің 80 жылдығын салмақты мазмұнмен, терең тағзым және асқақ рухпен атап өтті.

Сурет ЖИ

Қарағандының соғыс жылдардағы еңбегі – ел тарихындағы ерен үлгілердің бірі ретінде қатталды. Қорғаныс қорына жиналған 52 миллион сом қаражат, соның арқасында майданға «Шахтеры Караганды», «Комсомолец Караганды», «Железнодорожник Караганды» атты танк колонналары жөнелтіліп, теңіз толқынында «Комсомолец Казахстана» сүңгуір қайығы жаумен шайқасты. Ал «Женщины Караганды» әуе звеносы мен даңқты ұшқыш Нұркен Әбдіровтің есімі берілген әуе кемесі көк аспанда ерліктің бедерлі нышанына айналды.

Сол себепті, Жеңіс күні тек әскери жеңістің белгісі ретінде ғана емес, халықтың ортақ ерлігі ретінде бағалы. Сол бір сұрапыл жылдары майдан шебінде қару ұстаған жауынгермен қатар, тылда тынымсыз еңбек еткен бала да, ана да, ақсақал да Жеңісті жақындатуға бар күш-жігерін жұмсады. Сондықтан да зұлмат жылдар зобалаңының күнтізбе жылжыған сайын қадір-қасиеті де салмақтана береді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Же­ңістің 80 жылдығы сән-салтанатымен атап өтілді. Үкімет биылғы жылдың басында Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты республикалық іс-шаралар жоспарын бекітті. Бұл құжат ел көлемінде өткізілетін барлық мерекелік, еске алу және тағылымдық шаралардың негізгі бағыттарын айқындап, тарихи жадыны сақтау мен жас ұрпаққа отансүйгіштік рух дарытуды басты мақсат етті.

Жалпы, Ұлы Отан соғысы жылдарында Қарағанды облысынан майданға 45 мыңға жуық сарбаз аттанған. Солардың алты мыңнан астамы жауынгерлік ерлігі мен батырлығы үшін жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталса, 18 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Бұл деректер Қарағанды өңірінің Жеңіске қосқан үлесінің зор екенін көрсетеді.

Бүгінде аймақ бойынша тоғыз соғыс ардагері бар. Олардың әрқайсысы – тарихтың тірі куәсі, ерлік пен елдік рухтың символы. Жеңістің 80 жылдығы аясында Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге 5 миллион теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек көрсетілді.

Сонымен қоса, Қарағанды облысында соғыс ардагерлеріне теңестірілген 2340 азамат бар. Мереке қарсаңында өңірлерде оларға бюджеттен тыс қаржы көздерінен материалдық көмек көрсетілді, түрлі қайырымдылық акциялар ұйымдастырылды.

Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің ерлігіне арналған еске алу іс-шаралары ұйымдастырылып, батыр есімі берілген білім беру мекемелерінде тағылымды кездесулер өтті. Сондай-ақ, соғыстың сұрапылын хатқа түсірген ақын Қасым Аманжоловтың шығармашылығына арналған әдеби кештер жас ұрпаққа рух сыйлады.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты бастамасымен «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары ұйымдастырылды. Тағылымды іс-шара «Спасск» оқу-жаттығу полигонында өтті.

Қатысушылар әскери-тактикалық жаттығулардан өтіп, саптық дайындық, алғашқы медициналық көмек көрсету және командалық өзара іс-қимыл бойынша өз білімдері мен шеберліктерін сынға салды.

«Qaisar» әскери-патриоттық ойындары жас ұрпақтың ел қорғаны болуға деген жауапкершілігін арттырып, Жеңіс рухын бүгінгі күннің биігінен сезінуге мүмкіндік берді. Мұндай бастамалар тарихи жадыны сақтауға, ерлік пен елдік ұғымдарын жастар санасына терең сіңіруге бағытталған маңызды қадам.

Қысқасы, Жеңістің 80 жылдығы – тек өткенді еске алу күні ғана емес, халқымыздың бірлігі мен ерлігін дәріптейтін тағылым. Қарағанды жұртының майданда көрсеткен батылдығы мен тылдағы табандылығы – ел рухының тірегі. Бұл ерлік әрқашан ұрпақ санасында сақталып, Жеңіс рухын жаңғыртып, Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық парыздың үлгісін көрсете береді. Сол арқылы біз өткенге тағзым етіп, болашаққа аманат қалдырамыз.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button