АймақТеміртау

Тағылым мен тағзым жүздесуі

Металлургтер шаһарының құрылысына қолтаңбасын қалдырған ардагер-металлургтер Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының қонағы болды. Металлургия майталмандары Ермек Төлеубаев, Қуаныш Омашев, Илияс Баймұрзаев, Бірлікбай Ордабаев, ізбасарлары Мұхаммедқали Турабаев, Әлібек Алпысбаев және қаладағы «Еріктілер» ұйымының мүшелері де қатысты.

Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адамдар болуы тиіс» деген болатын. Түрлі саланың дамуына үлес қосып жүрген мамандар әрқашан зор құрметке лайық. Шара барысында Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы мен Қарағанды облысы бейнелеу өнер музейі бірлесіп, «Магнитка аспаны» атты көрме ұйымдастырып, оның шымылдығын еңбек ардагерлерінің қатысуымен салтанатты түрде ашты. Көрмені қала тұрғындары бір ай көлемінде тамашалай алады.

Мамандық таңдауда толғанып жүрген жастарға еңбек ардагерлерінің кеңесі өте пайдалы болмақ. Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Ардагерлеріміз жалындаған жас­тық шағында жанын қинамай табыс табатын кәсіпті емес, қызуы бет қаритын дом­на пешінің жанында тұрып, темір балқытатын металлург мамандығын таңдауынан қиындықпен күресе білетін табандылықтарын аңғарамыз. Бұл жағдайда адам жұмысқа ерекше құлшыныспен кірісіп, сүйікті ісінен ғанибет алады.  Мамандыққа деген адалдық пен еңбекқорлығы еңбек ардагерлерін осы күнгі биігіне жеткізді. Олар Құрмет тақтасынан түспеді, түрлі орден, марапаттардың иегерлері болса да, көлденең келген артық атақ пен даңқ, мансапты, қолпашты қумады. Балаларынан да осыны талап етті.  Сүйікті мамандығын шыңдау үшін бар күш-жігерін сарп етті. Аянбай, еңбектенді. Әр мамандықтың өзіндік қиындығы бар десек те, металлургия саласында жұмыс жасау оңай емес. Мұндай кәсіп атаулының ішіндегі қиындығы көп мамандықты жан-жақты меңгеруге ерік-жігері мықты азаматтар ғана төзе алады.

– Металлургтер зауыттарда, онымен бірге өндірісті ошақтардың ғылыми бөлімдерінде де жұмыс істей алады. Бәрі сіздің қарым-қабілетіңізге байланысты. Өзінің міндеттерін мүлтіксіз орындағанын ескере отырып, металлург цех жетекшісі, өндіріс аумағының басшысы немесе тұтас зауыт басшылығының құрамына да кіруі бек мүмкін. Тіпті, қарапайым жұмысшы ерен еңбегінің арқасында жоғары марапатқа ие бола алады. Адам алдымен өз жұмысын жақсы көруі қажет, – дейді бірауыздан майталман металлургтер.

Ардагер ақсақалдарымыз риясыз әңгімелерінде еңбек жолындағы қызықты, ең маңызды оқиғаларға тоқталып, сонымен қатар, жастарға өсиет, баталарын берді.

Ләззат ДИХАНБАЕВА,
Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы Экскурсиялық-бұқаралық бөлімінің әдіскері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button