ЖаңаарқаРухани жаңғыру

Тағылымға толы мұра

           Жақында облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Жаңаарқа ауданындағы О.Жұмабеков атындағы тірек мектебінде Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру шеңберінде тарихшы-өлкетанушы, Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы Далбай ІЗТІЛЕУОВТІҢ мұраларын зерделеуге арналған «Рухани жаңғыру: тарих және тұлға тағылымы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Ғылыми-практикалық конференцияға Астана, Алматы, Қарағанды қалаларынан келген қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, өлкетанушылар, мектеп ұстаздары және Далбай Ізтілеуовтің бүгінгі күнде есімі белгілі шәкірттері қатысты.

Конференция материалдары жеке ғылыми мақалалардың жинағы ретінде жарық көрді. Конференцияда «Тарихтағы тұлғалар тағылымы», «Арқаның киелі жерлері», «Тарихи өлкетану» және «Туған жерге тағзым» тақырыптарында ғылыми өзекті мәселелер қарастырылды.

Республикалық конференция Жаңаарқа ауданы бойынша білім саласының қарашаңырағы О.Жұмабеков атындағы тірек мектебінде Далбай Ізтілеуов атындағы мұражайдың ашылуынан басталды. Мұражайдың ашылуы құрметіне әке жолын қуған ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы «Шәкәрім – ХХІ ғасыр әлемі» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Салтанат Ізтілеуова мен «Ғасыр адамы», көрнекті ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Темірғали Көкетаев ие болып, тағылымы мен танымы мол игі іс-шараның басталуына себепші болды.

Мұражайдың экспонаттары ұстаздың өз қолымен тірнектеп жинаған баға жетпес дүниелерінен құралған екен. Өлке тарихы үшін бүгінде бағасын айтпаса да түсінікті осынау рухани, мәдени жәдігерлердің мектеп оқушыларының азаматтық дүниетанымы мен білім көкжиегін кеңейтуге тигізер ықпалы мен олардың туған жерінің патриот азаматтары болып қалыптасуына мұражай қызметі орасан зор болмақ. Мұрайжайдың ашылу салтанатында көпшіліктің алдында сөз алған мектеп директоры Рысқали Рахимовтың баяндамасында ардагер ұстаз Далбай Ізтілеуов осы мектептің №1 орта білім алғаны жөнінде аттестатына ие болғаны және жарты ғасырдан астам уақыт бойы табан аудармай аталған білім ошағында оқу-ағартушылық қызметін атқарғаны айтылды.

Жаңаарқа ауданының Мәдениет үйінде республикалық конференцияның алқалық мәжілісі өтті. Алқалық мәжілістің модераторлық тізгінін Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қарағанды облысы Долинка кентіндегі КарЛаг мұражайы директорының орынбасары, өлкетанушы ғалым Ібірахым Ісләмов ұстап, жүргізіп отырды. Алқалық мәжілісте баяндама жасаған Жаңаарқа ауданының білім бөлімінің басшысы Тілеш Аштаев және облыстық оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Зәуре Тукбаева Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы қоғамдық сананың жаңғыруы жөнінде айтылған ойларына тоқталып, ұлттық код, білімнің салтанат құруы, туған жер туралы маңызды мәселелердің жас ұрпақтың даму қабілетіне терең әсер етіп, олардың бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына оң әсер ететінін жеткізді.

Ұстаздың көзін көріп тәрбиесін алған профессор Темірғали Көкетаев, «Темірқазық» корпорациясының құрылтайшысы Хакім Омаров, облыстық мәслихаттың депутаты, қоғам қайраткері Ғазым Жарылғапов, профессор, саясаттанушы Сайын Борбасов, кәсіпкер, тіл жанашыры Бақтыбай Жұмаділдин, ғалым Салтанат Ізтілеуова, ардагер ұстаз Қадыр Матиндер бүкіл саналы ғұмырын ел игілігіне, ұрпақ тәрбиесіне арнаған Ұлы Отан соғысының ардагері, тарихшы-өлкетанушы Далбай Ізтілеуовтің жоғары адами қасиетіне тоқталып, оның ғылыми-шығармашылық зерттеулеріндегі жетістіктерін және оқушыларды Отанға, елге, туған жерге, ұлттық құндылықтарға тәрбиелеудегі ұстаздық тәрбиесінің тәжірибесін насихаттап, оны бүгінгі күндегі орта мектеп пен жоғары оқу орындарында кеңінен пайдаланудың маңызына тоқтала отырып, келелі ойларымен бөлісті. Алқалық мәжілісте баянадама жасаған аты аталған азаматтар Қазақстан қоғамындағы өзекті мәселелерді кеңінен талқылай отырып, рухани дамуымыздың мәдениет пен білімге қосар үлесінің қомақты болатынын айтып, тағылымы мол баяндамаларымен конференцияға келген қонақтардың жүрегіне жол таба білді.

Республикалық конференцияда аға ұрпақ пен өсіп келе жатқан жас ұрпақтың сабақтастығына да көңіл аударылып, О.Жұмабеков атындағы тірек мектебінің 10 сынып оқушысы А.Баймаханова Далбай Ізтілеуовтің өмір жолы мен ағартушылық қызметі туралы «Сарыарқаның саңлақ ұстазы» атты ғылыми жобасын көпшіліктің алдында сәтті қорғап шықты. Алматыдан келген мәдениет қайраткері, қазақтың дәстүрлі әнін биік шыңдарға алып шығып жүрген Ерлан Төлеутайдың өнерін жұртшылық зор қошеметпен қабылдады. Ұрпақтары Жарас ән арнап, ал, Әлішер қазақ өнерінің төресі – күй тартты.

Түстен кейін конференцияның бағдарламасы бойынша секциялық баяндамалар тыңдалды. Көңілге қуаныш ұялатқан игі шарада жас жеткіншектердің туған жер, тұлға тағылымына арналған ізденістерінің табысты жүзеге асырылып жатқанына көзімізді жеткіздік. Осынау игілікті істің басы-қасында болған О.Жұмабеков атындағы тірек мектебінің директоры Рысқали Рахимовтың ұйымдастырушылық қызметі ерекше болды. Басшысымен бірге мектептегі ұстаздар ұжымы бір кісідей тізе қосып, салмағы үлкен рухани іс-шараны атқарып шықты.

Далбай Ізтілеуов бар ғұмырын өлке тарихы мен ұрпақ тәрбиесіне арнап, баға жетпес мәдени мұраны жинақтап, ұлттық дүниетанымды насихаттау арқылы өркениетті қоғам орнату жолында барлық білімі мен мүмкіндігін пайдалана адал еңбек атқарды. Мүмкін оның осындай тәрбиелілік мәні зор дүниені барлық ынта-жігерімен атқаруына – қазақ тарихындағы мемлекет пен ұлыстың тұтқасы болған әйгілі аталықтар әулетінен шыққаны себеп болды ма екен деген ойға қалдық. Себебі, Далбай Ізтілеуұлының шыққан тегі – Қазақ Ордасы хандарының тәрбиешісі және мемлекет басқару ісінің жауапты тұлғалары болған Алтай Сайдалы аталықтар әулетінен тарайды. Арғы ата-бабалары Арыстан аталық, Барқы аталық, Нияз аталықтардың ұлыс пен елдік мүдде жолында жанқияр ерен ерліктер жасағанын бүгінгі күнде біздер тарихшы-ғалым, профессор Жамбыл Артықбаевтың іргелі зерттеу еңбектерінен оқып-біліп жүрміз.

Жаңаарқадағы республикалық конференцияда тұлғаның қоғамдық және ғылыми-ағартушылық мұраларына арналған баяндамаларды мұқият тыңдап, көңілге түйіп отырған маған ардагер ұстаздың халықтың жанашыры болып қызмет жасауы – сол қасиетті бабаларының мәңгілік мұратына адал болуынан деген ой келді.

Нұртас СМАҒҰЛОВ,

Е.Бөкетов атындағы

ҚарМУ-дың аға оқытушысы, PhD докторанты.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button