Басты тақырып

Тағдыршешті таңдардың тағылымы

Кеше. Бүгін. Ертең. Бұл үшеуі – дәуірдің үш тағаны. Тәуелсіз Қазақстан жағдайында осы үш кезеңнің тынысы әрқилы болғанымен, мақсаты – жалқы. Еңселі ел болып, тарих сахнасында Қазақстан деген ұлттық, зайырлы мемлекет қалыптастыруды тура осы үш кезең бір-біріне аманаттап келеді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында ғана оқырманға жол тартқан «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабы өткенді екшеп, бүгінді кемелдендіру, ертеңді еңселі ету мақсатындағы ордалы ойлардың көмбесіндей көшелі екен. Иә, тарихты тұлғалар жасайды. Егемен ел болып, жаһан жағырапиясынан ойып орын алғанымызға да 27 жылға жуықтап қалды. Өркениет көшіне именбей ілесіп, Тәуелсіздігімізді тарихи тәуекел жағдайында танытқан елміз. Саралай салмақтасаңыз, кеңестік жүйедегі «Үлкен үйден» еншімізге ештеңе бұйырмай, үйіндіден үй тіккенімізді ескерсек, 27 жыл дегеніңіз – өте қысқа мерзім. Ал, осы кезеңнің әр сәтіндегі сындарлы мезеттер мен әр жылының ғасыр жүгін еңсергендей күрделі болғандығын ойласақ, аса ұзақ жолды жүріп өткенімізді түйсінер едік. Бағындырған белестеріміз бен жеткен жетістіктеріміз – ғасыр ғаламатына балауға тұрарлық сүбелі соқпақ.

Елбасының өзі де жаңа кітабының «Біз өз жолымызбен – Қазақстандық даму жолымен жүреміз» атты алғы сөзінде: «Ел тәуелсіздігіне – 26 жыл. Әлемдік тарих тұрғысынан қарағанда онша көп те уақыт емес. Дегенмен, осы жылдарда біз әлемге және болашақ ұрпаққа тәуелсіз Қазақстан атты жасампаздықтың ұлы жемісін ұсына алдық. Сол себепті, бұл кезең – біз үшін Ұлы дәуір», – деп, Тәуелсіздік жылнамасының құндылығын өз парасатына құндақтайды. Бабалар аманаты алдындағы перзенттік парыздың өлшемі осы төрт сөйлем арқылы төрге озып тұрған жоқ па?!

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Одақтың ортақ қазанынан шөміші бос қайтқан өзге одақтастарымыз секілді біздің елдің іргесіне де сын-қатер, экономикалық апатты ахуал, толқу, аласапыран күндер қоңсы қонғанын баршамыз ұмыта қойған жоқпыз. Осынша сындарлы сәтте революциялық секірісті емес, эволюциялық даму жолын таңдап, саясаттың алдына экономиканы шығарған Елбасының көрегендігі мен ерен еңбегін қалай ұмытайық?! Егер, сол бір күрделі күндер мен сын сағаттар жадыңызда көмескілене бастаған болса, Ұлт Көшбасшысының осы еңбегі арқылы жадыңызды жаңғырта аласыз.

Тіпті, Одақ көлемінде билік басындағыларды абдыратып тастаған Қарағанды кеншілерінің ереуілі, оның салдары, ашынған кеншілермен жүргізілген келіссөздер нәтижесі тәптіштей баяндалады. Көбіміз жалпылама білетін кейбір деректердің астарындағы ақиқатқа осы кітап арқылы көз жеткізуге әбден болады. Одақтың ортақ қазынасына орасан олжа салып отырған «Қазақстан өнеркәсібінің дені (93%) орталыққа бағынышты болғанын» қынжыла әңгімелеген Елбасы солай бола тұра, қазақстандық кеншілердің әлеуметтік проблемасы ушығып кеткенін шынайы баяндайды. «Әлі күнге дейін есімде, ұшақ әуежайға келіп тоқтағанда мен иллюминатордан өзімді траптан күтіп алғалы тұрған Қарағанды облысының басшыларын көрдім. Қаладағы күрделі жағдай олардың тұнжыраған жүздеріне көшкендей еді» деп еске алады.

Кеншілер ереуілі – жас мемлекеттің тағдыршешті таңдарындағы бір ғана оқиға. Ел тағдыры мың мәрте таразыланып, Елбасының әр шешімі тарихи тәуекелдерден тамыр тартатынын пеш түбінде жатып саясат соғатын «ақсақалдарымыз» білер ме екен?! Мен айтар едім, Көшбасшысы көшелі ел ғана эволюциялық даму соқпағымен-ақ революциялық жеңістің жетістіктеріне жете алатынын Қазақ елі дәлелдей алды деп.

Жаңғырудың үш кезеңіне мазмұнды шолу жасаған Елбасының төрт бөлімнен тұратын бұл туындысы төрт тұяғын тең басқан тұлпар тұрпатты кесек дүние екен. Тарихымыз терең, ұлттық рухымыз ерен халықпыз. Тасқа таңбалап, қанмен жазылған тарихымызды оқып жүрміз. Ал, мына туынды – Армен жазылған тарих!

Халқының тағдырын аялап, ертеңін көргендікпен болжай білген Ұлт Көшбасшысының ой таразысы мен биік парасаты жасампаз жылдар жылнамасын асқан шеберлікпен түзіп шыққан. Ең бастысы, публицистикалық жанрда оқырманның талғамына етене жақын сезіммен толғап, баршаға түсінікті тілде жазылған. Сөз басында тілге тиек еткен «Кеше. Бүгін. Ертең» деген ұғымдар бір-біріне жақындай түскен. Тарихымыз рухани тұрғыдан жаңғырып, елімізді алтын бесік санайтын жүздеген ұлттың бірлігіне дәнекер болған ұлы күштің рухани тұтастық екендігін айқын аңғардым.

Ашығын айтайын, кітап әлі қолыма тие қойған жоқ. Электрондық нұсқасын оқып шықтым. Тәуелсіздік жылнамасындағы тағдыршешті таң­дардың тағылымын терең бойлап, санам сілкініп қалды. Тәуелсіздіктің әр минутында ғасырдың жүгі бар екендігін сезініп, ашық қоғамның азаматы ретінде бойымды мақтаныш сезімі кер­неді.

Сіз де осындай әсерге бөленесіз, қадірлі оқырман. Ол үшін «Тәуелсіздік дәуірін» қолға алыңыз!

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button