Жаңалықтар

Тағдырлы ұлт тағылымы

1995 жылдың қаңтарында құрылған «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени қоғамдық бірлестігі – Қарағандының ғана емес, тұтас атамекеніміздегі шешен-ингуш халқы өкілдерінің бастамасы мен белсенділігінің жарқын мысалы боларлық ұйым. Бірлестіктің бірегей мақсаты – этносаралық келісімді сақтау, аймақтағы басқа этникалық топтармен мәдени байланысты дамыту.

Суреттер бірлестік ұсынды

Төл тарихымыздың бір тарауындай болған тағдырлы этнос өкілдері тәуелсіз еліміздің қадір-қасиетін қастер тұтады. Депортацияға ұшыраған шешендер мен ингуштарға арналған үлкен жұмысты атқара жүріп, Арқаның сайын даласына деген терең құрметін білдірмек пейілмен, облыстық мұрағаттың қолдауымен «Нас породнила Сарыарка» атты кітабын да жарыққа шығарғанын зиялы қауым жақсы біледі.

– Этномәдени бірлестігінің жанынан құрылған Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің мүшелері өскелең ұрпақты ұлттық мәдени құндылықтарға баулып, қазақстандық патриотизмді сіңдіруде бірқатар жұмыс атқаруда. Шешендер мен ингуштар мәдени-әлеуметтік өмірге белсенді араласады. Қазақстандағы өзге ұлттармен халықтар арасындағы достық пен бейбітшілікті нығайтуға бағытталған әртүрлі шараларға атсалысады. «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің облыстағы қалалар мен аудандарда филиалдары бар. Келер жылы бірлестік өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. «Тар жол, тайғақ кешу» кезеңдерінде бізге ғұмыр да, тұғыр да берген дана елге алғысымыз шексіз, – деп жылы лебіз білдірді «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Увайс Джанаев.

Увайс мырзаның сөзінше этномәдени бірлестігінің мұраты этносаралық келісімді сақтау, аймақта тұрып жатқан өзге этникалық топтар өкілдерімен мәдени және қоғамдық байланысты дамыту, ана тілін, ұлттық мәдениетті және дәстүр-салтты дәріптеу, Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамаларын жүзеге асыру. Орталық мүшелері спорттағы үлкен жетістіктерімен мақтана алады. Ірі жарыстарда Қазақстан мен Қарағанды облысының намысын сан рет қорғап жүрген жайы бар. «Вайнах» этномәдени бірлестігінің би ұжымы республика көлеміне танымал. Түрлі концерттер мен фестивальдерде мақтау қағаздарымен, жүлделермен марапатталып жүр.

Шешенстандағы Тевзана ауылының тұрғыны Амани Джанаева қазақ тілінде тілшілер қауымына бір ауыз жылы лебізін жеткізді.

– Қазақстандағы жылдар мұғдарында мен тым жас едім. Қаракөз бауырларыммен бірге есейдік. Тағдырымыз да, ән-жырымыз да бір бүтін болды. Ең тәуір шешен – нағыз қазақ. Ең тәуір қазақ – нағыз шешен десек жарасар-ау мұндайда. Екі елдің тағдыр-талайы судың қос тамшысындай егіз. Жүрегімізде шекарасы жоқ елміздегі, – деп тебіренді Амани апа риясыз кейіпте.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button