Жезқазған

Тағдырлары – қыл үстінде

   Ресми органдардың мәліметі бойынша, Жезқазғанда 29 көп пәтерлі тұрғын үй апатты жағдайда деп танылған. Сараптамалық бағалау қорытындысына сәйкес, олардың 17-сі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жатпайды. Жалқы амал – жаппай бұзылуы тиіс. Төтесінен тартып айтсақ, қазіргі таңда іргелері сөгіліп, қабырғалары қисайған осы үйлердегі тұрғындардың тағдыры қыл үстінде тұр.

Біршама отбасы айтып келгелі тұрған апаттан бас сауғалап, басқа баспаналарға қоныс аударған екен. Әрине, олар – қалтасы тым қалың болмаса да, әжептәуір әлеуметтік әлеуетке ие, пәтер сатып алуға мүмкіндігі бар адамдар. Ал, барар жері, басар тауы жоқ, қаржы-қаражаты шектеулі, тапқан табысы нан пұлы мен күнделікті тірлігіне ғана жететін отбасылары шиеттей бала-шағасымен бірге әлгі үйлерді амалсыз паналауда. Қысқасы, төніп тұрған қатерден күні-түні сескеніп, өз пәтерлеріне алаңды пүшәйман күйдегі халық Жаратқанға жалбарынып, үрей құшағында күй кешуде.

Міне, сол себепті, шарасыздықтан шаршаған тұрғындарды басқа қонысқа көшіру – күн тәртібінде өте өткір тұрған өзекті мәселе. Алайда, ең өкініштісі – күні бүгінге дейін жергілікті атқарушы биліктің тарапынан күрделі жайттың түйінін тарқатуға қатысты пәрменді шаралардың қолға алынбауы. Жергілікті бюджеттен биылғы жылы апатты үйлердегі адамдардың жай-күйін жақсарту бағытына, дәлірек айтсақ, басқа жаққа көшіру жұмыстарына немесе өтемақы төлеуге қандай да бір көлемде қаражат қарастырылмауы – осы тұжырымның дау тудырмас айғағы. Тек қана, коммуналдық меншікте тұрған үйлердің ахуалына сараптамалық тексеру шараларын жүргізу жоспарға енгізілген.

P.S. Мемлекет үшін басты қазына-байлық – адам және оның өмірі. Бұл – Ата Заңда айшықталған қастерлі қағида. Ендеше, бейбіт күнде өз өмірлеріне төнген қауіп-қатер қабырғасына батып, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған, ұнжырғасы түскен ел-жұрттың зар-мұңына қапысыз көңіл бөліп, назар аудару – кезек күттірмейтін міндет. Бетін аулақ қылсын, әрине. Десек те, мына қалыпта тұрғындарға бүгін берілмеген өтемақы ертеңгі күні басқаша жағдайда ұсынылып қалуы бек мүмкін. Әйтеуір, орны толмас өкініштен «әттеген-ай!» деп бармағымызды шайнап, «қап!» деп санымызды соғып жүрмесек болғаны…

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Суретті түсірген Ю.ВЫСОЦКАЯ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button