Тағдыр талқысына мойымаған ғалым
Биыл академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде мерекелі жыл. Ол – қарашаңырақтың алғашқы ректоры академик Евней Арыстанұлы Бөкетовтің 100 жылдығы. Осы атаулы кезең бүкіл қазақ елінде, тіпті шет елдерде де аталып өтуде. Ғылыми орданың алғашқы құрылу кезеңдерінде университетте көптеген мамандықтар ашылған еді. Соның бірі – «психология» мамандығы. Осы психолог мамандарды даярлау негізін қалаған алғашқы кафедра меңгерушісі Сатыбалды Мұқатайұлы Жақып та 75 жаста болар еді.

Кафедра үшін және Қазақстандағы психология ғылымы үшін, ерекше орын алған, «Алаш доценті» атанған ғалым-психолог Сәлкен Балаубаевтың 125 жылдығына арналған шаралар да ұйымдастырылуда. Кезінде 1972 жылы Евней Бөкетов өзі жұмысқа профессор лауазымына шақырып, өмірінің соңына дейін педагогика, психология кафедрасының профессоры болған. Олар 1959 академик Е.Бөкетов Қарағандыдағы Қазақ КСР Ғылым Академиясының Химиялық-металлургия институтының директоры болған уақыттан бастап, тығыз достық қарым-қатынаста араласқан екен.
Халқымыздың ғасырлар бойы біртіндеп қорланып қалыптасқан рухани қазынасы тоталитарлық тәртіп кезінде орасан зор күйзеліске түсіп, тоқырап қалғаны қазір екінің біріне мәлім. Бұл жағдай халқымыздың өскелең мәдени-ғылыми көтерілуіне, ғұлама тұлғаларын анықтауға, өзінің табиғи-дарындық ерекшеліктерін көрсетуге көптеген нұқсанын тигізді. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» – демекші, бұл мақала қазақтың алғашқы ғалым-психологтарының бірі: психология ғылымдарының кандидаты, профессор Сәлкен (Сауытмұхамед) Балаубаевтың қиын да қилы өмір жолы мен Қазақстанның психология ғылымына қосқан үлесі туралы.
«Сәлкен Балаубаев Қазақ даласына алғаш психология ғылымын қазақ тілінде сөйлеткен ғұлама ғалым, ұстаз», – деп еске алады көзкөрген қарт ұстаз, білім үздігі Мұса Тайтөлеуұлы. Біздің өткенімізде елеусіз қалған, тіпті, жойылып кеткен ғылыми ой-тұжырымдары мол, ғылым мен білімге, халық болашағы – жастарды тәрбиелеуге арналған еңбектері бар атаусыз қалған Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаевтардың қатарында сонау 1937-1938 жылдары «Халық жауы» аталып кеткендер әлі де болса, зерделеуді, зерттеуді талап етеді. Соның бірі – қазіргі кезде өзекті ғылым педагогика, психология ғылымдарын зерделеген, психология ғылымдарының кандидаты, профессор, академик Сәлкен Балаубаев.
Ақын, мұғалім, неміс, орыс, араб, өзбек тілдерінен латыншаға да, кириллицаға да аударған Сәлкен Балаубаевтың ғылыми-психологиялық ойлары, оның басқару жүйесі бүгінгі таңда кімде-кімге болса да үлгі боларлықтай (шәкірттер естеліктерінен). Ғалымның сол ХІХ ғасырдың 20-жылдары көтерген психологиялық, педагогикалық мәселелері қазіргі кездегі еліміздегі жаңғырған көптеген ғылымдардың ішіндегі психология ғылымының заманауи дамуында өз орнын табуға тиіс. Мұндай дарындылық тек адами қасиеті жоғары, білім, ғылымға құштар, дүниетанымы ұшан-теңіз, бергенінен берері көп адамға ғана тән.
С.Балаубаев бойынан жастайынан білімге деген ұмтылысы, қызығушылығы бойында қалыптасқандығын аңғаруға болады. Ол Қарағанды облысының және оның кейбір аймақтарының, атап айтқанда Байдәулет (Бұқар жырау өңірі), Еркіншілік ауданының орталығы (қазір – Ақмола облысының Ерейментау ауданы), Асан Қайғы ауданы (қазіргі – Жаңаарқа ауданы) құрылуының бастауларында бастамашыл, көреген, сыншыл, өмір белестерін сараптаушылығы жоғары екендігін көреміз. (Бұл деректер Жаңаарқа аудандық сотының сайтында көрсетілген). Ол кезде ғалым небәрі 23 жаста болатын. Болашақ ғалым С.Балаубаев – 1900 (1901) жылдың 28 (15) сәуірінде, Жаңаарқа ауданында қарапайым отбасында дүниеге келіп, 1974 жылы 74 жасында қайтыс болды. Ал, көнекөз Мұса Тайтөлеуұлының пайымдауынша, Жаңаарқа ауданының «Жайылма» ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы ауылда өтіп, жасынан қой, сиырды сауып, атқа мініп, бәйгеге қатысты.
Ғалым өмірбаянында Сәлкен (Мұхамедсалық) Балаубайұлы Балаубаевтың 1900 жылы Ақмола қаласы маңындағы Май-Балық көлінде қарапайым қазақ көшпелі отбасында өмірге келгендігін баяндайды.
Бір күні Балаубайға оның күйеу баласы кәсіпкер Әубәкір Сейткемеловтің Қарағандыдан қырық шақырым жерде Спасск кентінде жеке дүкен ашқаны туралы хабар жетеді. Жасөспірім Сәлкен туысына сатушының көмекшісі болып орналасады, сауда кәсібін табысты игереді, сатып алушыларды табады, олармен жақсы байланыс орнатады. Спасскіге қоныстануға және жұмыс істеуге мәжбүр болғанда дүниеге қайта келгендігін көрсеткен. Өзінің Спасскідегі балалық шағы туралы естеліктері «өте қызықты, бақытты шағым» деген екен.
Он жасында балаларға ескіше жазу, сызуды үйретеді. Осы уақытта Спасскіде граммофон билеті 1 рубльден лотереяда 150 рубльге ойналды. Граммофон кішкентай Сәлкенге де жетті, ол кезде ол 11 жаста еді. Сәлкен граммофонды өзіне қалдырмай, оны ағылшын мыс қорыту зауытының приход мектебінің жетекшісіне, мұғалімге апарып берді және мұғалім оны бастауыш білім бергенге дейін кешке жеке оқытады деп келісіпті. 1911-1916 жылдары онымен бірге оқи отырып, Сәлкен Балаубаев приход мектебінің көлемінде 7 класс білім алды. Өмір оның әкесі – Балаубайды кедей отбасын аяған жоқ. Қыстақ жанында ағылған өзен жағадан шығып, шөп шабатын жерлерді толтырып, егін алқаптары өртеніп, мал азықсыз қалды.
Өзінің қабілетті алғырлығының арқасында сауатын ашып, әрі қарай білімін жетілдіруге, жоғары оқу орындарына түсуге ұмтылады. Ол 2 жылда құран сүрелері бойынша қасиетті канондарды зерттеген. Дүкенде жұмыс істей жүріп, ол орыс-қырғыз мектебінде оқиды, көркемөнерпаздар үйірмесіне мәдени-ағартушылық клубының жұмысына белсенді қатысады. Сәлкен 16 жасқа толғанда, оған клуб меңгерушісі қызметін сеніп тапсырып, Спасск мыс балқыту зауытының жұмысшыларын тұтыну кооперациясы басқармасының мүшесі болып сайланады. С.Балаубаев Ақмола қаласында революционер Сәкен Сейфуллиннің «Жас қазақ» жастар қоғамының филиалы ретінде «Жас жүрек» Спасск зауытының жұмысшыларын ұйымдастырады. Сол кезде Қарағандыда 8-ші рет аймақ тарихында бірінші рет жастар қоғамы қойылымдар қойды. Сәкен Сейфуллиннің «Бақыт жолында» пьесасының алғашқы қойылымын Сәлкен сахналады. Әлі жарияланбаған пьесаны жоба түрінде Балаубаевқа Сәкен Сейфуллиннің өзі берген.
Ауыр өмірден шаршаған Балаубай отбасы туған ауылды тастап, Ақмолаға көшеді. Отағасы көпес Матвей Кубринге малшы болып жалданады.
Осы күндері Астананың бірнеше тарихи орындары Кубриндердің көпес әулетінің атымен тығыз байланысты. 1905-1907 жылдары салынған Бөкейхан мен Кенесары көшелерінің қиылысында орналасқан көпке «Астана» дүкені жақсы таныс Степан Кубриннің ағасы Матвей Кубринге тиесілі болды. Осылай Балаубаевтардың өмірі жақсара бастайды. Алайда, Сәлкен білімге жастайынан құштар, ізденімпаз зиялылардың еңбектерімен танысуды армандайды.
Қызыл Армия бөлімшелерін жабдықтау жөніндегі революциялық комитеттің хатшысы болып жұмыс істейді. 1920 жылы ол Ақмола революциялық комитеті болып тағайындалып, маусымнан желтоқсанға дейін Байдәулет революциялық комитетінің төрағасы (қазіргі Қарағанды облысы, Бұқар жырау (Ульянов) ауданы) болып жұмыс істеді. Біраз уақыттан кейін Сәлкен Байдаулет ревкомының төрағасы, одан кейін Ақмола, Петропавл қалаларының халық судьясы, губерниялық атқару комитетінің хатшысы болып сайланады. Балаубаев Кеңестердің волостық съезін өткізіп, қазақтың талантты жұмысшыларының бірі ретінде танылып, Қарағанды облысының Ақмола қаласына шақырылды. 1921 жылдың тамызынан 1922 жылдың маусымына дейін Ақмола уездік атқару комитетінің жауапты нұсқаушысы және Поволжьедегі аштыққа көмектесу жөніндегі округтік комиссия төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды. Жұмыс барысында жас басшы өзінің алған ісіне жауапты, адал, тыңғылықты екенін көрсеткен. Әрі қарай ол әдеби қызметпен айналысуды қатаң түрде шеше отырып, қызмет етуден бас тартады. «Бостандық туы» («Знамя свободы») Ақмола губерниялық газетінің редакциясында әдеби қызметкер болып жұмыс істейді.
1924-1925 жылдары Ташкент қаласына барып, жұмысшы факультетіне түсіп, оны үздік бітіргеннен кейін Орта Азия мемлекеттік университетінің психология-педагогика факультетіне түсіп, 1929 жылы 27 жасында үздік аяқтайды. Орта Азия университетінде Шыңғыс Айтматовтың әкесі Төреқұлмен бірге оқып, Нағима атты шешесімен өте жақсы таныс болған екен. Достық қарым-қатынаста болады. Сонымен 1928 жылы Шыңғыс дүниеге келгенде атын Шығыс деп қойған екен. Ол кезде Шыңғыстың әкесі мен Сәлкен Шығыстану факультетінде оқып жүрген. Кейін Шыңғыс аталып кетіпті.
Университетті бітірген соң Ташкенттегі Орта Азиялық еңбекті ұйымдастыру және сауықтыру институтының психикалық-техникалық лабораториясында бастық болады. Осы кезде «Ташкенттегі жасөспірімдердің кәсіптік бағдарламасы», «Мақта тазалайтын Джин машинасын меңгеру мамандығы», «Ташкенттегі өндірістік мекемелердің санитарлық-гигиеналық шаралары» деген еңбектерін бастырып шығартады. Осы жылдары ол психология, педология ғылымдары саласында бірнеше еңбектер жазады. Т.Барановпен бірлесіп «Вопросы конструирования национального теста» («Советская психотехника», 1933, №1), «Мектеп группаларын комплектеу» (Алматы, 1934), «Қиын бала», «Политехникалық мектеп», (1933, №7-8), профессор А.Залкиндтің «Педологиясын», профессор П.Шимбиревтің «Педагогика» оқулықтарын қазақ тіліне аударды. Осы еңбектерде психологиялық терминдердің қазақша баламасы көп кездеседі. С.Балаубаев еңбектері қазақ психологиясының тарихынан елеулі орын алады. «Мектеп группаларын комплектеу» (Қызылорда, 1934, 16 бет) атты еңбегінде психология тұрғысынан сынып ұжымын құру жайында ақыл-кеңес береді. «Автор оқушыларды бірыңғай бөлу қажет, өйткені, әр баланың оқу қызметі түрлі болса, топтың оқу жұмысы қиынға соғады, олар ақыл жетілуі мен дене бітімі жағынан да бірыңғай жақын болуы тиіс. Бір топ дене жетілісі ұлылы-кішілі болып, үлкен бала мен кішкене баланың қатар отыруы, бала психологиясына орайласпайды, үлкендігі таудай бала мен үлкендігі құлындай баланы қосып оқытуға болмайды. Оқушылардың сезім-эмоция, ерік-жігер ерекшеліктеріне орай класс тобы төмендегіше құрылғаны дұрыс: «Эмоция – қайрат өзгешелік жағынан топ түрлі болуы керек, өйткені, оқу тобының бірін ылғи ұйымшыл, екіншісін ылғи ұйымсыз балалардан, бірін ылғи пысық балалардан, екіншісін ылғи сылбыр балалардан, біріншісін – ылғи бастаған ісін аяқтай алатын табанды балалардан, екіншісін – ылғи бастаған ісін тастап кететін тыңғылықсыз балалардан түзуге болмайды» (С.Балаубаев Ұлағат порталы / 1934, 5 том, «Қазақстан әдебиеті» мақаласы).
1930-1932 жылдары Ташкент қаласындағы Қазақ педагогикалық училищесінде сабақ береді, Орта Азиялық әлеуметтік қорғау ғылыми-зерттеу институтының зертханасын меңгереді. Сондай-ақ, Қазақ КСР Халық ағарту комиссариатында балалар әдебиеті бөлімінің төрағасы болған. Ол әдеби энциклопедияда ақын ретінде көрсетілген. 1932 жылы аталған еңбектерінің жарық көруіне байланысты Қазақстандағы ВАК (төрағасы Меңдешев) психология ғылымдарының кандидаты және доцент атағын қоса береді. 1932-1935 жылдар аралығында КазПИ-інде психология кафедрасының меңгерушісі. Орал қаласындағы педагогикалық институтқа доцент болып ауысады, осы жерде қазақша «Психология» кітабын жазып шығарады. Бірақ, бұл еңбектерін С.Балаубаевты «Халық жауы» деп тұтқындап, соттағанда өртеп жібереді. С.Балаубаев 1932-1937 жылдары Алматы, Орал, Қарағанды педагогикалық институттарының кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1935 жылы Распеннің «Мюнхаузен оқиғалары», Лермонтовтың «Демонын», Куприннің «Олеся» деген әңгімесін аударып «Қызыл Қазақстан» журналына жариялатуға барған кезден басталған С.Балаубаевтың ұстаздық, ғылыми тағдыры бес статьямен 1937 жылдың қараша айында қайнаған ғылыми-педагогикалық қызметі кенеттен үзіледі. Оны ОГПУ қызметкерлері қамауға алып, 20 жыл бас бостандығынан айырады. «Алаш» партиясына мүшелігі үшін «халық жауы» белгісі «Қазақстан Большевик» журналында «Пролетар студенттерін коммунистік тәрбиелегені үшін» тақырыбындағы аймақтық партия комитетінің үгіт-насихат және насихаттау бөлімі қызметкерінің мақаласы тұтқындауға себеп болды. С.Балаубаевтың «Халықаралық топқа» қатыстылығы туралы іс бойынша материалдарда ол оны ұйымдастырушылардың бірі деп аталды. 1954 жылы қамаудан оралған соң, С.Балаубаев өзінің қызы тұрған Теміртау қаласындағы мектептердің біріне логика мұғалімі болып орналасады. 1956 жылға дейін ІІМ арнайы ұсынысының тұрақты бақылауында болады. 1956-1957 оқу жылының басында Қарағанды педагогикалық институтының ректоры Сейтқали Баймурзиннің ұсынысы бойынша С.Балаубаев доцент атағына қайта қабылданып, педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалады.
1956 жылы № 22/179-н ұйғарымымен Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы С.Балаубаевтың барлық құқықтары қалпына келтіріліп, ақталды. Сол 1956 жылдан бастап ол Қарағанды педагогикалық институты мен университетінде психология кафедрасының доценті және педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеді, сонымен қатар аспиранттардың психология бойынша ғылыми жұмыстарына жетекшілік етті. Қазақ КСР Халық ағарту комиссариаты жанындағы Балалар әдебиеті секциясының төрағасы қызметін қоса атқарады. Ол педагогтарды психологиялық даярлаудың бірегей жүйесінің авторы.
Сондай-ақ, ол белгілі тұлғалар Әлімхан Ермеков, Жайық Бектұров, Сайдиль Талжанов, Жұмабай Орманбаев, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Ислам Жарылғапов, Гали Мусалитимов және басқа да қоғамның ғалымдарымен жұмыс істеді, араласып, достық құрды. Ғабиден Мұстафин, Ислам Жарылғапов ғалымның бала кезден достары болған.
Сәлкен Балаубаев сол кезде құрметті атаққа ие болған төрт ғалымның бірі болды. Оның тыңдаушыларының арасында кейіннен көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлері, Қазақстанның ірі ғалымдары болған студенттер – жазушы Әди Шәріпов, Қазақ КСР ағарту министрі Кенжалы Айманов, КСРО Педагогика Ғылымдары Академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин болды.
С.Балаубаев психологиялық қоғамның республикалық, бүкілодақтық съездерінің, XVIII Дүниежүзілік психологтар конгресінің делегаты болды. Институт ректорының Балаубаевқа көрсеткен сенімі абыроймен ақталды. Қысқа уақыт ішінде ол оқу-әдістемелік және ғылыми-педагогикалық жұмыстың көптеген бағыттары бойынша орасан зор еңбек атқарды. Кафедра меңгерушісі, аспиранттар мен студенттердің ғылыми жұмыстарына жетекшілік етті. Оның жұмыс істеген уақытында кафедрада Ескендір Сәдуақов, Теміртай Қамзабаев, Светлана Матяш. т.б. қызмет істеді. Онымен қатар, ғалымның басшылығымен Мейрам Иманбеков, Заманбек Ахмедин, Бақыт Орманбаева, Василий Верхов, Бахи Хамзин, Василий Иванович Щербина сияқты танымал адамдар кандидаттық диссертацияларын қорғады.
Сәлкен Балаубаевтың 100 жылдық мерейтойы, ғалымның сол кезде (1989-2000) бізде табылған деректерге байланысты туған жылы 1901 жыл деп көрсетілгендігіне орай, 2001 жылы атап өтілді. Оған ғалымның жиен шөбересі Қарағанды облыстық музей қызметкері Айгүл Омарова, алғашқы аспиранты психология ғылымдарының кандидаты, доцент Бақыт (Октябрина) Орманбаева, басқа туысқан, көзкөргендері, бауыры Борис Балаубаев қатысып, салиқалы естеліктер айтты. Осы қарсаңда шәкірті Сәбит Бармұханұлынан да сұхбат алғанмын. Ол кісі өз әңгімесін: «1936-37 нәубет жылдары қазақ халқы дүрбелең қу заманның күйзелісіне ұшырады. Халқымыз «Патшасы зұлым болса – халқы зарлайды» дегенді көрегендікпен айтқан ғой», – деп бастады. Сол кездегі қазақ өлкелік партия комитетінің үгіт-насихат бөлімін басқарған бір «мықты», «Большевик Казахстана» журналының 1936 жылғы 21 нөмірінде шыққан «Пролетарлық студенттерге коммунистік тәрбие беру үшін делінген мақалада: «Давать нашу молодежь всяким Салкенам мы не можем, закон эпохи для Балаубаева (бывший алашординец, доцент педологий), это он и подобные ему не должны и не будет занимать места в советских кафедрах», – деп жазды, деп қарт күрсіне сөйледі.
Ату жазасына кесілетіндерге тәртіптің қатаңдығы сонша, күнде жауапқа екі аяғын бұғаулап, екі жағынан күзетші жүріп апаратын. Сондай күндердің бірінде жауап алушы жас жігіт Сәкеңе аса жылы қарағандай көрінеді. Біраз үнсіздіктен кейін әлгі жігіт: «Аға, сіз мені танымадыңыз ба? Мен өзіңіз оқуға түсіруге көмектескен екі баланың бірімін ғой, екеуіміз де оқуды жақсы бітіріп шықтық. Қасымдағы орыс жігіті де жоғары қызметте, ол да келіп қалар, сізге қалай көмектессек екен», – деп қиналғанын білдіреді. Сөйтіп, әлгі екі жігіт өздеріне қамқор болған ағаларын әупірімдеп жүріп, ату жазасынан алып қалды. Міне, «мың жақсылық жасасаң – ең болмаса бірі қайтады» – деген осы деп, Сәбит ақсақал естеліктен шаршап қалғанын аңғартты. Осы 2000 жылы алғаш рет бүкіл жастар қауымының алдында ғалым-ұстаз, психолог, филолог Сәлкен Балаубаев есімі жарыққа шықты.
Қазақ психология ғылымының негізін салушылардың бірі белгілі жазушы Жүсіпбек Аймауытов болса, оның жолын қуған ізбасары ғалым С.Балаубаев еді (Сәлкен аға үнемі дәріс барысында «Менің пірім – Ахмет Байтұрсынов», – деп, қолынан Ахаңның «Әдебиет танытқыш» кітабын тастамайды екен. Ол кезде 1937 жылы бұл сөзі өзіне жала болатынын қайдан білсін. Серік Оспанов та («көнекөз қария Жақсылық атаның әңгімесі» құптайды). Ол Қазақстанның алғашқы психология ғылымдарының кандидаты (1932 жылы 30 жаста) болатын. Ғылыми жетекшісі, бүгінде бізге таныс орыс ғалымы, психолог, профессор Николай Добрынин болған. Бірақ, оған «Алашорданың доценті» деген атақ тағылады. Көп еңбектерін тұтқындаған кезде өртеп, жоғалтып жіберген. «Оны істеген өзінің бір кездегі оқушысы болды», – деп, апасы Күләнда есіне алатын.
Қазір Күләнданың қызы (Қарағандыда) мен шөберелері Айгүл, Қайрат т.б. ғалымның жиеншары Айгүл Омарова атасын еске ала отырып: «Знания и ум молодого ученого помогли выжить Салкену в тяжелейших условиях лагерных лет. Даже здесь он завоевал авторитет и уважение не только среди политзаключенных, но и среди уголовных преступников, которые дали ему прозвище «Академик». После освобождения Салкен Балаубаев отправился на поиски своей жены Александры Галиховской, с которой прожил совместно совсем мало; но обнаружил в Москве ее могилу…» дейді. Сәлкен Балаубаев босағаннан кейін Теміртауда тұратын өзінің алғашқы әйелінен туған Күләнда деген қызын тауып алады. Ол кезде оның төрт баласы бар еді. Бір ер баласына әкесінің есімі жойылып кетпесін деп Қанат Балаубаев деп қойған екен. Қызы (12-13 жаста) әкесін Оралда тұтқындағанда НКВД-лықтардан бірер ескі фотосын тығып қалады.
Енді кезінде жойылып кеткен еңбек тізімдеріне қысқаша көз жүгіртсек: 1930 жылы Ө. Тұрманжановпен бірігіп жазған «Еңбек пен мектеп» оқулығы; «Психология межличностных отношений в колониальном ауле и их изменения при социализме»; «Сборник школьных групп» аударма (1934); «Алғашқы мектеп жасындағы балалар ерекшеліктері» «Қазақ мектебі» жорналы; «Қазақ тіліндегі психологиялық-педагогикалық ғылыми терминдерді нақтылау мезгілі жетті» атты мақаласы «Орталық Қазақстан»; Педагогическая повесть «Воспитание в трех семьях»; «Метод Бине-Симона, приспособленный к исследованию умственного развития казахских детей» Орта Азия балаларын зерттеу әдістері (сборник статей САГУ) 1930 ж.; «Профессиональная ориентация подростков-юношей». Ташкент қ. 1931 ж. «Развитие трудовых навыков и овладение профессией хлопко-очистительной машины «ДЖИН» 1931 ж.; «Гигиенические условия производственных помещений г. Ташкента» 1932 ж.; «Психологические возрастные особенности» 1932 ж.; «Трудный ребенок» «Политехническая школа», 1933 ж. т.с.с. (Еңбектері толықтырылуда). Сәлкен Балаубаевтың бұл еңбектерінде қазіргі жағдайдағы психология және басқа ғылымдарда қозғалып жатқан көптеген мәселе ғылыми түрде зерттелген. Ендеше, С.Балаубаевтың бұл салаға қосқан үлесі ұшан-теңіз. Мұндай ұстаз-ғалымның аты да, еңбектері де Қазақстанның рухани байлығының өзегі боларлық. 2023 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбековтің басшылығымен даярланған «Қалдырған ізі мәңгілік» атты университеттің қалыптасуына өз үлесін қосқан ғалымдар мен оқытушылар жайлы еңбекке С. Балаубаев есімі енгізілді.
Ал, өткен жылы академик Е.Бөкетов университеті басшылығының қолдауымен Бибісара Әубәкірқызының «Аты – аңыз, өмірі – өнеге ғалым, психолог Сәлкен Балаубаев» атты еңбегі шығып, Қарағанды университетінің философия және психология мен филология факультеті орналасқан 8 ғимаратында мемориалдық тақта орнатылды. Үстіміздегі жылы еске алу шарасының жалғасы Сәлкен Балаубаевтың 125 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция және басқа шаралар ұйымдастырылуда. Бұл шара аясында, осы оқу орнының психология мамандығы бөлімінің түлегі Гүлзат Асанова бастаған «Қазақстан психологтар одағы» елеулі үлес қосқандығын айта кету керек.
Демек, ғалым-ұстаздың есімі жастар жүрегі мен халық аудиториясында мәңгі сақталуға тиіс және оның еңбектері бүгінгі «Жаңа Қазақстанды» қалыптастырушы жастар психологиясының жаңаша дамуына үлесін қосады деген сенімдемін.
Ғалымның өмір мен еңбек жолы заманауи жастардың бойында рухани қалыптасуына, патриотизмін, ұлтына деген жанашырлығын, табандылығын, парасаттылығын дамытуға үлгі болып, ұрпақ жүрегінде ұялауы тиіс деген ойдамын. Ғұлама ғалым, ұстаз, профессор Сәлкен Балаубаев есімі Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин сынды ұлы тұлғалармен қатар ескеріліп, мектеп, көшеге есімі берілуі тиіс деген көзкөргендер мен шәкірттерінің пікірін, ұсынысын, қазақ қауымы, оқырмандары, ұстаздарының қолдауын сұраймын.
Бибісара ӘМІРОВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу
университетінің профессоры,
ҚР ПҒА академигі,
психология ғылымдарының докторы,
профессор