Жаңалықтар

Ардың жүгін аманат еткен Танабай Ақшабақұлы

Абайдың 17-қара сөзінде ақыл, қайрат, жүрек таласқа түседі. Әрқайсысы өзінше дұрыс. Ақыл жол көрсетсе, қайрат іске бастайды. Бірақ, екеуі де жүрексіз болса, адамды адастырады. Сондықтан, Абай соңғы сөзді жүрекке береді. Өйткені жүрек – мейірімнің, рақымның, ардың мекені. «Толық адам» бәрін білетін емес, бәрін түсінетін адам. Ол қателесуі мүмкін, бірақ, қателігін ақтамайды. Оның шаршауы мүмкін, бірақ, арын саудаға салмайды. Ол үнсіз де қала алады, бірақ, үнсіздігі әлсіздіктен емес, жауапкершіліктен. Көрінбесе де, көпке тірек бола білетін де, керегінде елдің еңсесін түсірмей, ұстап тұратындар да солар. Олар мінберде емес, майданда, сөзбен емес, іспен дәлелдеп, көптің көңілінен берік орнын табады. Уақыт өте келе, атақ ұмытылғанымен, бейнеттің зейнеті өз әсерін бермей қоймақ емес. Себебі, ол – ардың еңбегі. Ардың жүгін аманат еткен дәл осындай адамның бірі әрі бірегейі – Танабай Ақшабақұлы.

Суреттер кейіпкердің мұрағатынан

«Аман қалу» стратегиясы

1925 жылы Ақшабақ ұлы дүниеге келгенде «қырандай қомданып өссін, елдің сөзін сөйлесін!» деп ырымдағаны бар. Есімін Танабай деп қойғаны да сол шығар. Байлықты емес, берекені, бірлікті көксеген әкенің арманының күндердің бір күнінде орындалатынын, орындалып қана қоймай, бүтін бір әулеттің маңдайына жазылған бағдарламадай ойып тұрып орын алатынын сол кезде ешкім білген жоқ. Ес біліп, әке сөзіне құлақ асатын жасқа келгеннен-ақ құлағына осы ойды құйып өсірген Ақшабақ әкенің сол кездегі тәрбиесін қазіргі ғылымда «нейролингвистикалық әсер ету» дейді. Желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектің құлағына құя отырып, тәрбиелеу арқылы, болашағын бағдарлап, өмірлік жолын көрсетіп береді.

Анасы о дүниеге аттанып кете барғанда Танабай небары бес жаста ғана еді. Оның үстіне, 1929 жылы басталған күштеп ұжымдастыру салдарынан күнкөрістегі шағын малдан айырылып, ертеңгі күннің өзі бұлдыр сағымға айналып, енді қайтпек керек дегенде әкесі Ақшабақ шынашақтай Танабайды аман алып қалу үшін Қарағандыға аттанбаққа бел буғаны бар.

Бір түйір дән үшін ар мен намыс сынға түскен шақта ауылда қалу мүмкін еместігін сезген әке, анасының мәңгілікке жоқ екенін жете түйсінбесе де, бір зауалдың туғанын кішкентай жүрегімен түйсінген ұлын жетектеп, туған жері – Шет ауданындағы Бұғылы-Тағылыны тастап, Қарағандыға жаяу жөнеле берген. Жарынан айырылып, қанаты қайырылса да, қарны ашып, әкесіне жалтақтай қарай берген ұлының амандығы бәрінен маңызды. Себебі, «әке» деген атқа лайық болмаса, адам атын алып жүруінің өзі неге керек?! Қиындыққа мойыса, Танабайы не болмақ?! Ұрпағының жалғасы, қарашаңырағының иесі… Қалай да тірі қалу ойында. Өзін емес, ұрпағын ойлады. Өзегі талса да, үмітін үзген жоқ. Әйтеуір, алда бір көрер жарығының бар екеніне сенімді. Түнеу күні аштықтан әрі-бері жосығандардың біреуінен Қарағанды кентінде шахтаға түсіп, көмір қазсаң, жан бағуға болады дегенді естігені бар. Бұған дейін тірідей жеті қат жер астына түсуді ойы түгіл, түсінде де көрмесе де, тәуекелге бел буған. Көзінің қарашығы – Танабайын аман алып қалса, болғаны. Ойы сол ғана.

Соғыс басталғанда 16-да еді…

Танабай ақсақал бұл дүниеде жоқ қазір. Бұғанасы қатып, буыны бекімесе де, еңбекке ерте араласқан ол көп сөйлей бермейтін. Көрген қиындығы көп болса да, сөзге сараң ақсақал ашаршылық жылдарында көргенін де көп айта бермейді. Балаларының есінде қалғаны да еміс-еміс. Аштықтан ісініп-кебініп өлгенді де, баласының етін жегенді де көрген. Бұл, бәлкім, бала кезде көргендерін жады санасынан ығыстырып, терең қабатқа тығып тастағанынан болар. Мүмкін, енді мұндай нәубетті ұрпағы енді көрмесін деп, сақтану да болар. Бірақ, қалай болғанда да, әкесі Ақшабақтан алған тәрбиені өсіп келе жатқан ұл-қыздарының бойына сіңірді.

– 1934 жылы Қарағанды қала статусын алғанға дейін шахталардың жұмыс істеп тұрғанын білесіздер. Сол кезде атамыз Ақшабақ қайламен көмір қазған алғашқы кеншілердің қатарында болды, – дейді балалары.

Қарағанды 1930 жылдары одақтың маңызы бар көмір орталықтарының бірі болғанымен, ауылдан үдере көшкен қара халық үшін, шахта аман қалу жолы еді. Әкесі Ақшабақтан кейін, Танабай ақсақал да осы қатардан табылды. Соғыс басталғанда 16 жасқа енді толған. Ал, 1942 жылдың қаңтар айында Украинаның Ворошиловград қаласынан А.Пархоменко атындағы көмір машинасын жасау зауыты көшірілгенде, кәсіпорынмен бірге келген 95 жұмысшымен иық тіресе еңбек етіп, станокқа бойы жетпегендіктен, аяғының астына тас қойып, күн мен түнге қарамай еңбек етті.

Бірақ, жастайынан қиындықты көріп өссе де, жігері жасымаған бозбала бұны да місе тұтқан жоқ. Қан майданға аттанып, жауына тікелей соққы беруді көздеп, жергілікті военкоматқа барып, алғы шепке сұранса да, комиссар жіберген жоқ. «Сенің майданың шахтада!» деген бір ауыз сөзге тоқтады. Кейінгі отыз алты жыл бойы осы жерден табан аударған жоқ. Зейнетке де осы жерден шықты. Абырой да, атақ та болды. Бірақ, байлық жиған жоқ. «Байлығым – балаларым!» деп өткен ол тоғыз бала тәрбиеледі.

Балалары бертінде мемлекеттік мұрағаттан атасы мен әкесіне қатыс­ты қағаздарды іздеген. Сол кезде атасы Ақшабақ та, әкесі Танабай да «За доблестный труд в Великой Отечественной войне 1941-1945 годов» медалімен марапатталғанын білді. Кенжесі Қайрат: «Ол кезде баламыз, біле қоймаймыз. Бірақ, үйде медальдарды көріп, қызықтап қарағанымыз бар еді. Бірақ, кейіннен әрі-бері көшіп жүрген кезде, жоғалтып алдық», – дейді.

Танабай Ақшабақұлына 1970 жылдары «Почетный шахтер СССР» төсбелгісі берілді. Әлбетте, бұл атақ сол кезде кез келгенге бұйыра бермегені анық. Оның үстіне, КСРО-ның батыс және шығыс аудандарындағы көмір өнеркәсібі министрлері мен КСРО-ның отын кәсіпорындары құрылысы министрінің бұйрығымен берілетінін ескерсек, Қазақстанның, оның ішінде, қарағандылық кеншінің осындай жоғары атаққа лайық болуы үшін қалай тер төккенін өзіңіз де елестете беріңіз.

Әке тәлімі

– Әкеміз – түздің адамы еді, – деп есіне алады балалары. – Бірақ, біз оның тоғыз баласы әке қамқорлығын көріп өстік.

Шахтерлігімен қатар, қазіргі тілмен айтқанда, алқаби, сол кездегі халық заседателі болатын. Одан бөлек, Октябрь ауданының екі шақырылымының депутаты болды. Десек те, тоғыз баласы бар Танабайдың жақсы өмір сүруге әбден мүмкіндігі бар еді. Бірақ, өзінің әрекетімен ұрпағының бойында адалдықты, адамды тәрбиелейтінін жете түсінген ол ардан аттаған емес. Балалары «Менің байлығым – балаларым!» деп үнемі айтып отыратын сөзімен не айтқысы келгенін балалары ержеткенде түсінді. Өз адалдығымен қатар, балаларына да соны үйретті. Жалған атаққа емес, арға қызмет етті. Елге қызметті тек жоғары лауазымда отырып қана емес, қарапайым кенші бола жүріп-ақ атқаруға болатынын түйсінді.

Тоғыз баланың тоғызы да әке көрсеткен жолдан бір сәтке де айныған емес. Қалай болғанда да, елге еңбегімді сіңірсем деген оймен жүретін олар, бүгінде әрқайсысы әр салада қызмет еткенімен, ең бастысы – адалдықты, адамдықты бірінші орынға қойып келеді.

Әлбетте, өз ісін ерекше жақсы көріп, бар болмыс-бітімімен еңбек адамы атанған Танабайдың балалары арасынан да шахтер шығатыны қалыпты құбылыс. Тұңғышы – Сайлаубай құрылысшы. Небары 14 жасынан түрлі ғимараттардың кесіндісінің сызбасын сызған ол кейін жоғары білім политехникалық институтында білім алып, инженер атанған. Қарағандыдан бөлек, Астананың әсем келбетінің өзінде Танабай ақсақалдың тұңғышы – Сайлаубайдың қолтаңбасы қалған. Ал, екінші ұлы Рахымбай Ресейдегі Краснодар спорт университетін аяқтап, туған қаласына оралды, КСРО-ның спорт шебері. Рахымжан мен Рахымбек әке жолын жалғап, талай жылдар шахтада жұмыс істеп, зейнетке шыққан. «Біз – кеншілер әулетіміз яғни династия!» деп өздері мақтанышпен айтады. Ал, кенжесі Қайрат – дәрігер. Адам жанының арашашысы. Қыздары – Майраш, Марий, Айгүл мен Айман да бір-бір әулеттің ұйытқысы болған.

– Әкем менің заң саласында қыз­мет істегенімді қалады. Өзі сотта «халық заседателі» бола жүріп, талайдың тағдырына араша түскенін білеміз. Кейде осы қызметке араласуының да өзіндік себебі бар ма деген ойға қалатыным рас. Әкем маған кенжесі ретінде көп үміт артып, «сен де адам тағдырына арашашы болуың керек!» дегенді жиі айтатын, – дейді Қайрат Шәкеев. Ол өзі – хирург. Бір кездері Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының ауруханасының хирургиясын басқарған. Бірақ, жоғарыда әкесінің құлағына құйып өсірген, «Қарашаңырақтың иесі – өзің!» деген сөзі санасында жатталып қалған. Қарашаңырақты қаңыратпайын деп Қарағандыға қайтып келді. Қалай болғанда да, әке аманаты орындалды.

Сөз соңы

Әділетсіздікке қасқайып қарсы тұрған, қиындыққа мойымаған, «қызыл коммунист» бола тұра, ұлтына, жеріне, дініне адалдығын өмір бойы өзімен бірге алып жүрген, немере сүйіп, шөберенің қолынан су ішкен Танабай ақсақалдың арманы болды ма екен?! Бәлкім, жоқ та шығар. Адал еңбегімен Кеңестің өзін мойындатып, төсбелгісін де тақты. Аңыз­ға айналған «Катюшаны» жасауға үлес қосқаны тағы бар! Әлбетте, армансыз адам жоқ. Балаларына айтқаны бар. «Бала күнімізде әкем көрші ақсақалдарды ертіп алып, үй-үйді аралайтын. Не үшін аралап жүргенін түсінбесек те, бізге қызық көрінетін. Кейін түсіндік. «Құдай жоқ» деген ұстаным ресми идеология болғанына қарамастан, әр үйге кіріп, айттап, Құран оқиды екен».
Айта кету керек, Танабай ақсақалдың ұрпақтарының ұйытқы болуымен жақында Майқұдықта тағы бір мешіт бой көтермек. «Аппақ Байжанов» атындағы мешіт болады, – дейді ұлдары. Батыр болу үшін уақыттың, мезеттің еш қажеті жоқ. Батырлық күнтізбеде белгіленетін күн де емес, ол – жүректің бір сәттік шешімі. Осы ұстаныммен өмір сүрген Танабай ақсақал оны ұрпағының бойына сіңіріп кетті. Өзі болмаса да, оның өмір жолында еккен ізгілік дәні ұрпақтары арқылы өзгеге таралып, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Дәл осындай адамдардың барында тіршіліктің жақсылық жібі үзілмек емес.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button