Таңғажайып қойылымда – төл тарихымыз

    Әлемге әйгілі Дю Солей циркі Астанада өнер көрсетеді. Шығармашылық ұжымының өнерін «ЭКСПО – 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында тамашалай аласыз. Қойылымның билеттері 2017 жылдың 10 мамырынан бастап сатылымға шықты.

Штаб-пәтері Канаданың Монреаль қаласында орналасқан Дю Солей циркі қазіргі таңда ойын-сауық индустриясындағы алып компаниялардың біріне айналған. Цирк ұжымында әлемнің 50 елінен жиналған 4000-ға жуық адам еңбек етеді. Оның 1300-і – әртіс.

Әлемге әйгілі Дю Солей циркі осы уақытқа дейін 400-ден астам шаһарда өнер көрсетіп үлгерген. Енді, олар «ЭКСПО – 2017» аясында алғаш рет Астанаға жол тартпақ.

Қазақстанның бай мәдениеті мен тарихынан және «Болашақ энергиясы» атты Көрме тақырыбынан шабыттанған цирк әртістері Астана тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы эксклюзивті «REFLEKT» шоу-бағдарламасын әзірледі.

Таңғажайып қойылымда қазақ халқының мәдени мұрасы мен болашаққа деген заманауи көзқарасы өзара өріліп жатады. Жалпы, цирк тарапынан 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін 71 қойылым қою жоспарланып отыр. Цирк қонақтары бірегей шоуды арнайы жабдықталған үшбұрыш тәріздес павильонда тамашалай алады. Оның сыйымдылығы 2000 көрерменге жоспарланған. Қойылым тұсаукесері Көрме алаңында 16 маусымда өтпек.

Заманауи Қазақстан тарихындағы алып шараның бір бөлшегі болу мүмкіндігін жіберіп алмаңыз. Дю Солей циркінің таңдай қақтырарлық қойылымының куәгері болыңыз.

Билеттер құны 4000 теңгеден басталады.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.