Жаңалықтар

Тұғыры биік тау тұлға

Жаратушының немесе тағдырдың ұйғарғаны дейміз бе, әйтеуір бір заңдылыққа ден қоясың, ол – небір алмағайып уақыт аясында тарих сахнасына ірі тұлғалардың шығатындығы. Ұлттық руханият тарихында сондай танымал қайраткер Өзбекәлі ЖӘНІБЕКОВ еді. Ол өзінің алдындағы Темірбек ЖҮРГЕНОВ, Ілияс ОМАРОВ сияқты ірілердің игілікті істерін ұтымды жалғастыра алды.

Ө.Жәнібеков буыны қатқанша тағдыр теперішін көп көрген екен. Еңбекке ерте араласқан. Мектеп бітірген соң 21 жасында ҚазПИ-ді тәмамдап, ауыл мектебінде мұғалім боп, комсомол жұмысына ауысқан. Аудандық, облыстық комсомол комитетінде істеп, республика комсомол комитетіне ауысып, бірінші хатшы қызметіне дейін өсуі, одан 1970 жылы құрылған Торғай облыстық партия комитетіне идеология жөніндегі хатшы боп баруы, 1986 жылы желтоқсан оқиғасынан соң Мәдениет министрі, артынан ҚКП ОК-нің хатшысы болуы іскер адамның қызмет бабында өсуі ғана емес, ұлттық болмыс, оның алатын орнын жалпыадамзаттық құндылықтар ауқымында салыстыра сараптауына алғышарттар жасап еді дегеніміз орынды. Бір ғана Торғайдағы қызметінде пединституттың, облыстық филармония мен қазақ музыкалық драма театрының ашылуы, музейдің, фольклорлық ансамбльдердің дүниеге келуі – бәрі де осынау жігерлі де ұлтшыл азаматтың тікелей атсалысуымен жүзеге асқан болатын.

Қазақтың С.Қирабаев, Ш.Мұртаза, М.Жолдасбеков, М.Есенәлиев, Ә.Кекілбаев, Ж.Ерман сияқты азаматтары ол туралы тебірене естеліктер жазды. Лауазымды қызметте болғанында тым қарапайымдылығымен ерекшеленгенін, ірі мәжілістерде оқитын баяндамасына дейін өзі жазатынын, түрлі бас қосуларды іскерлікпен өткізетінін естелік авторлары ерекше атап отырған. Өзекеңнің республика партия комитетінде хатшы боп отырған кезі ең бір күрделі кезең болатын. Бір жағынан, демократия мен жариялылық, қайта құру үдерісі, екінші жағынан, Орталықтан қазақ ұлтшылдығы деген теріс бағаның айтылып, дәуірлеп тұрған кезі. Құдіреті күшті партияға, Мәскеуге, бодандыққа қатысты қазіргі көзқарас ол кезде қалыптасып болған жоқ-ты. Сондықтан да дәл сол тұстағы ұлттық сананың сілкінісі мен серпілісін сұңғылалықпен сезінген Ө.Жәнібеков терең білімі, орынды уәжі, заңға сүйенген саясаткерлігі арқасында ана тіліміздің даму тұжырымдамасының жасалуына, А.Байтұрсынов, М.Ду­­­латов, Ш.Құдайбердіұлы, М.Жұ­­мабаевтардың ақталуына, тота­литарлық жүйе тұсында Қазақстанға қатысты Мәскеуде қабылданған зардабы мол болған қаулылардың күшін жоюға айрықша қолдаушы әрі көшбасшы болды. Халқымыз құйылғанына алты ғасырдан астам уақыт өткен, салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3000 литр болатын ұлттық қазынамыздың бірегейі – киелі тайқазанның 54 жылдан соң Санкт-Петербургтен (оған 1935 жылы апарылған) елге әкелуін Өзекеңнің есімімен байланыстырады. Республика бойынша мұражайлардың көптеп ашылуы, олардың тарихи-этнографиялық сипатты болуы, Наурыз мейрамының қайтадан тойлана бастауы, әсіресе, Әзірет Сұлтан қорық-музейінің ашылуына, оған атақты хан-сұлтан, би, батырлар құлпытасының жәдігер ретінде қойылуына, түрлі тарихи-фольклорлық өнер ұжымдарының дүниеге келуіне, Иассауи мұрасына ғылыми тұрғыдан бетбұрыс жасалуына, тарихи, мәдени ескерткіштерді сақтап, қалпына келтіруде шыр-пыр боп тер төгуі, Алматыда сол тұста “Алматы ақшамы” газетін ашуға қолдау көрсетуі – бәрі де оның халқы сүйген шынайы перзент деген биікке көтерілуіне лайықты баспалдақ еді дегенді баса айтуға тиіспіз.

Өз басымыздан кешкен бір жайтты айтайық. Сол сексенінші жылдардың соңында мен қазіргі әл-Фараби атындағы ұлттық университетке 4 айлық білім жетілдіру курсында болдым. Керемет оқиғалар боп жатты. Жұрттың бәрі таң атпай газет дүңгіршектеріне жүгіреді. Д.Қонаевтың басшылығын қаралау, т.б материалдар шығып жатқан кез. Г.Колбин республика басшысы. Алдын ала жазылып, министр М.Жолдасбековке (ол кезде кәсіптік білім комитеті, оқу министрлігі, жоғарғы және арнаулы орта білім министрлігі бірігіп бір министрлік құрылған) кірдім. Жезқазған пединститутында филология факультетінің деканымын, облыста қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері жетіспейтінін айтып, сол мамандықтың ашылуына жәрдемдесуін өтіндім. Министр түсіністікпен қарады, алайда арнайы қаржы бөлінген жоқ, әзірше ашу мүмкін емес деді. Көп ұзамай Орталық Комитет жақты торуылдадым. Партияның бұрынғы қаһарының қайта бастаған кезі. Алайда, хатшыға кіру мүмкін емес екен. Дегенмен, қабылдау бөліміндегі бір жігіт тұрып жатқан жерімді сұрап алып қалды. Арада үш күн өткенде жатақханаға таң атар-атпастан сол жігіт келіп тұр. Маған бүгін кешке Ө.Жәнібековтің қабылдайтынын, ертерек келуім керектігін айтты. Кемінде үш ай күтетін қабылдауға үш күнде қол жеткізген мен бір сағат емес, екі сағат бұрын бардым. Бірден айта кетейін, сол азаматтың аты-жөнін сұрап, жазып алмағаныма осы уақытқа дейін өкінемін. Өзекең кең кабинетінде есікке дейін кеп, жылы қарсы алды. Көлденең үстелге отырдық. Шаруамды сұрады. Қайдан екенімді, нендей мәселемен келгенімді пысықтады. Айтып жатырмын. Министрде болғанымды айта кеп, тікелей өзіне келгеніме кешірім өтіндім. Сол-ақ екен, ол кісі Орталық Қазақстан, онда да Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі тарихи, мәдени ескерткіштер, олар қалай дүниеге келген, сол көне замандағы қоғамдық-әлеуметтік, тарихи, саяси жағдаяттардың ежелгі жәдігерлерден көрініс табатынын, т.б. мәселелерді қамтып әңгімелей жөнелді. Алаша хан, Жошы хан кесенелері туралы сұрақ қойып қалса, не айтам деп мен отырмын. Хатшы осынау ұлы мұралар арқылы ұлт тұтастығы, мәдениеті мен зияткерлігі, рухы, тектілігі мен бекзаттығы туралы айтып берді. Қазір ойлап отырсам, ол кісінің 6-7 кітабында сол бір отырыстағы кесек ойлары негізгі идея боп көрініс тапқан екен. Сосын орнынан тұрып, телефонға барды. Министрмен сөйлесті. Алдына кеп отырған мен туралы ештеңе деген жоқ. Есімде «әбден негізделген дәйекті ұсыныс әкел. Ал, бюджетті шешуді бізге қалдыр» дегені қапты. Міне, жүзінен нұр төгіліп тұратын, асқан білімдар, рухы биік азаматтың арқасында Жезқазған пединститутында 1989 жылы «орыс мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті», 1990 жылы «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы ашылып еді. Егер Өзбекәлі ағадан басқа бюрократ шенеуік болса, не ректор, не проректор емес, не облпартком қызметкері емес мен сияқты қатардағы деканның өтінішін орындамақ түгілі, қабылдар ма еді деп осы уақытқа дейін толғанамын.

Сол қазақ бөлімдері ашылған сәттен бастап облыс, республика өңіріндегі өнер, мәдениет шараларына белсене қатысу белең алды. Оқытушылардан 2 ғылым докторы, 3 ғылым кандидаты, ал, түлектерімізден 1 ғылым докторы, 5 ғылым кандидаты шықты. Қазір ғылым докторы, профессор, белгілі ғалым атанып отырған Ж.Жарылғапов оқуды Жезқазғанда бастаған. Қазірде түрлі қызмет саласында жүрген С.Жұмкина, Е.Мұсабеков, Ә.Омаров, Б.Байжантаев, Н.Әбжанов, Д.Әбілдин, А.Кептербаева, А.Аманбаев, т.б тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда айтыс өнерінің берік, іргетасы болуына өлшеусіз еңбек сіңіріп еді десем, мені ешкім артық айтты демейтініне сенімдімін. Наурыз мерекесі, Никольский қаласының аты өзгеруі, «Байқоңыр дауысы», «Ұлытау үні» сияқты өнер байқаулары, т.б шаралардың өтуімен қазақ бөлімдерінің ашылуы тұспа-тұс кеп, Ұлытау-Жезқазған өңірінде ерекше бір серпіліс болып еді… Уақытты ешкім де тоқтата алмайды. Жаңа ұстаным, басқаша таным, көзқарастар қалыптасады. Ешкім де мәңгілік емес. Өмірге келу де, одан кету де заңдылық. Алайда, Ө.Жәнібеков сияқты тұлғаның ұлылығы мен ірілігі халқының жүрегінен мәңгілік орын алғанында болса керек.

Мәуен ХАМЗИН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button