Ұтқыр топ – ұтымды бастама
Азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған ұтқыр топ аудан прокурорының өкімімен құрылған. Топ мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау, оларды бас бостандығынан заңсыз айыруға жол бермеу және түрлі әлеуметтік көмектер көрсету.
Топ жетекшісі болып Жаңаарқа аудандық прокуратурасының прокуроры О.Мұхтар бекітілген. Сонымен қатар, ұтқыр топ құрамында 2 кенттің, 12 ауылдық округтердің әкімдері, аудандық аурухананың қызметкерлері, аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторлары, кәсіпкерлер палатасының заңгері, Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары бар.
Ұтқыр топ Атасу және Қызылжар кенттерін, Түгіскен, Ералиев, Ақтүбек, Байдалы би, С.Сейфуллин, Ақтасты, М.Жұмажанов, Бидайық, Қараағаш, Айнабұлақ, Целинный, Ақтау ауылдық округтеріне қарасты 33 шалғай елді мекенді, 17 шаруа қожалығын, 49 қыстақ пен жайлауларды аралады.
Нәтижесінде, азаматтарды бас бостандығынан заңсыз айырып, еркінен тыс жұмысқа тарту деректері анықталған жоқ. Шалғай елді мекендерде жұмыс істейтін азаматтардың барлығы өз еріктерімен ауызша келісім арқылы жұмыс істеуде.
Атап айтқанда, Түгіскен ауылдық округіне қарасты «Нұрмағанбет» қыстағында он жылдан аса өз еркімен қойшы болып жұмыс істеп жүрген жеке куәлігі жоқ С.Рябининнің жеке басын куәландыру мәселесі қаралып, құжаттарын заңдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ералиев ауылдық округінде «Ақ ши» қыстағында орналасқан «Саят» ШҚ-да өз еркімен жұмыс істеп жүрген А.Карамышевтың мерзімі өткен құжаттары рәсімделіп, тұрып жатқан жері бойынша тіркеуге қойылды.
Ақтау ауылдық округіне қарасты Комсомол қыстағында өз еркімен бір жылдан аса қойшы болып жұмыс істеп жүрген, жеке басын куәландыратын құжаты жоқ Н.Ворониннің РФ азаматы екені анықталып, Елшілікке оның құжаттарын рәсімдеу бойынша тиісті сұраныстар жолданды.
Одан басқа, аудандық медицина қызметкерлерімен бірге медицина мекемелеріне тіркелмеген тұлғаларды ЖИТС-қа (жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы) тексеру жұмыстары жүргізілді.
Жалпы, азаматтардың құқықтарын қорғау және оларды бас бостандығынан заңсыз айыруға жол бермеу мақсатында құрылған ұтқыр топ аудан бойынша 51 тұлғаның медициналық-профилактикалық тексеруден өтуіне ықпал етті.
І,ІІ,ІІІ топтағы мүгедек тұлғалар тегін дәрі-дәрмекпен қамтылып, дәрігерлердің қабылдауында болды.
Ұтқыр топтың жұмыс берушілерге жұмыскерлермен еңбек келісім-шарттарын бекіту қажеттілігін түсіндіруінің нәтижесінде, 23 шаруа қожалығының жетекшісі жұмыскерлерімен еңбек шарттарын бекітті.
Конституцияның зор маңызына қарамастан, қазақстандықтар бір кісідей Қазақстан Республикасы Конституциясының барлық бабын біле бермейді. Осыған орай, ұтқыр топ аймақтарды аралау барысында құқықтық түсіндіру жұмыстарын да жүзеге асырып, ҚР Конституциясының 1 бабына сай, Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екенін түсіндірді.
Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды.
Әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар.
А.ӘДІЛХАНОВ,
Жаңаарқа ауданының прокуроры,
әділет кеңесшісі.