Бас тақырыпМәселе

Тұяғына – таға, дамуына демеу болайық

Поло десе, жейденің сол жақ омырауындағы ат үстінде қолында таяғы бар адам бейнеленген таңба елестейді. Еуропалық жағалы жейденің кеудесінде көрген соң, бірден басқа келері – «шетелдің ойыны екен» деген ой. Кім білсін полоның атасы – түркінің түбінен шыққан шөген екенін. Ойынның тамыры бізде екені анық-ау, қадірі қай елде? Аргентина, Аустралия?  1900 жылы Парижде өткен II Олимпиада ойындарының бағдарламасына енуі мұң-ақ екен, әлемге аты жайылды…

Біздің заманымыздың бірінші мыңжылдығының ортасында командалық ойын – шөген (човган) пайда болды. Бертінге шейін Әзербайжан, Иран, Ирак, Тәжікстан, Қазақстан сықылды түркі тілдес халықтың ортасында танымал ойындар қатарына енді. Шөгеннен ең алғашқы халықаралық дәрежедегі жарыстар XII ғасырда Таяу Шығыстың атұстарлары арасында Бағдат қаласында өткізілген деседі.

Бабыр сұлтанның шағында Үндістанды жаулаған жетісулық моғолдар себімен XIX ғасырда  Үндістан мүміндері ойнай бастады Шөгенді. Кейін Үндістанды өзіне бодан еткен ағылшындар үйреніп, жаңа ережелер енгізіп, Еуропа мен Азияға тез таралуына ықпал етті. Англияда осы спорт түрінен клуб ашылып, өзара турнирлер өткізілді. Уақыт өте қатарға маңайдағы Ирландия шөгеншілері қосылды. Екі елдің атсалысуымен Аргентинада 1875 жылы бұл спорт түрінен чемпионат өтті.

Біріншілік Аргентина тарихында жаңа бір өрлеу ретінде қалды. Ойынға назары ауып, кейін ойынмен біте қайнасып кеткен аргентиналықтар жаппай әрекетке көшті. Олар бұл спорт түрінің асты-үстін тінтіп, қыр-сырын меңгеріп, аттарына патенттейді. Осылайша, аяқ астынан бар ойынды жаңалық қылған британдықтардың мұрындық болуымен Аргентина алдымен затын алып, кейіннен ойынның атын алды. Поло ретінде әлемге мәшһүр болуының сыры осы. Дәл қазіргі таңда бұл ат спорты Ұлыбритания, Испания, Италия, Франция, Германия, сонымен қатар, Аргентина, Мексика, Бразилия, АҚШ-та ұлттық ойын ретінде ойналады. Ойынды Еуропаға шегелеген – 1987 жылдан бастап британдықтар ойнатып келе жатқан әлем чемпионаты. Едәуір жетістіктерге де жеткен, әрине, сол Аргентина, Бразилия, Чили және АҚШ командалары. Таңқаларлық жаңалық па? Қуанамыз ба түркіден шыққан спорт әлем төрінде жүргеніне, әлде, налимыз ба елімізде тұралап тұрғанына?

Жә, мұны қоя тұрыңыз. Жалпы, бұл ойыннан хабарымыз бар ма? Ойынға әрқайсысы 4 адамнан тұратын 2 команда қатысады. Ойынның өтуіне байланысты ойыншылардың бірі – қақпашы, ал қалған үшеуі – шабуылшылар мен қорғаушылар болып бөлінеді. Төрешіге маңызды матчтарда 2 сапшы (қосымша көмекші) көмекке беріледі. Бұл ойынды бұлтартпай бақылауға, төрелікті әділ жүргізуге септігін тигізеді. Төреші допты алаңның ортасына тастасымен, екі жақ команда ортаға шабады. Алаңдағы допты қолдарындағы таяқпен қағып, қарсылас қақпасына гол салуға тырысып. Ережесі қарапайым футбол немесе хоккей ойынынан айырмасы шамалы.

Ойын 4-8 кезеңнен тұрады. Әр кезең 7,5 минутқа созылады. Тек, ойын тең түскен жағдайда ғана қосымша 1 минут беріледі. Арасында 3 минут үзіліс уақыты. Үзіліс кезінде мініс аттарын ауыстыруға рұқсат етіледі. Әр ойыншының еншісінде 3-4 аттан болуы шарт. Өйткені, ойын кезінде оларды екі реттен артық ауыстыруға тура келеді. Шетелде мұндай аттардың бағасы ішек тартқызар қымбатқа түседі. Мамандардың пікірінше, шөгенге нағыз бейім қазақы жылқы. Әрине, ойынның қалыбы қалыптасқан отаны емеспіз бе?! Бұған практикалық дәлел де бар.

Шөген ойынын қайта өрлету жөніндегі ұсынысты ежелгі ат спорттарын зерттеген ғалымдар, журналистер және спорт функционерлері тоқсаныншы жылдардың аяғында қозғай бастады. Біздің елде шөген федерациясының негізі 2012 жылы қаланып, оны ілгері дамытуға алғашқы талпыныстар жасалған еді. 2014 жылы Шөген федерациясының президенті болып Асылжан Мамытбеков сайланды. Еліміздегі шөген ойындары бір жүйеге келтіріліп, алда атқарылатын жұмыстардың реті жоспарланды. 2014 жылдың желтоқсан айында ҚР Шөген федерациясы Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында Халықаралық поло федерациясына мүшелікке қабылданды. Елімізде шөгенді дамытудың негізгі алғы шарттары жасалып, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қалаларында федерациялар ашылып, клубтар құрылды. Барлық облыстық федерация республикалық федерациясының мүшелігіне өткен. Алайда, федерацияның жұмысы елеусіз күйде қала берді. Қазір бұл үрдіс елде бар ма? Ойнала ма? Жарыстар өтіп жатқан болса неге жер кіндігі Сарыарқаға жетпейді. Көкпар тартып, тақымы таралғыға таңылған тарлан ұлдар шөгенді неге ойнамасын?!

– Кез келген спортта әп еткеннен тәп етіп дами салу, жеңімпаз болып кету екі талай. Дайындық керек, ниет керек. Шөгенге келер болсақ, біздің жігіттерге оң солы бәрібір. Сексен келі серкені тартып жүрген палуандар таяқпен допты қағуын қағады-ау. Техника түгел емес қой. Ол үшін арнайы ашылған Шөген федерациясынан бір-екі бапкер келіп, мастер класс ұйымдастырса. Өз тәжірибесін біздің жігіттермен бөліссе. Сондай-ақ, бұл спортқа ат бейімдеу керек. Көкпардың өзіне аттарды қақтап  үйретеміз. Оған қарағанда шөген күрделірек қой. Егер, осы бір бастама өз кезегінде Қарағандыда басталар болса пұшпағын бірігіп илесіп, атсалысар едік, – дейді Қарағанды облысының кәсіби көкпар клубының бас бапкері Нұржан Шайхин.

Ел Президентінің биылғы Жолдауында да кенжелеген спортты қайта қатарға қосу туралы сөз қозғалды. Баба дәстүрін жаңғырту – біздің мойнымыздағы парыз.

Жансая СӘРСЕНБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button