Бас тақырып

Тәуелсіздік және Қарағанды

Республика күнінің тарихы сонау тоқсаныншы жылдардан басталады. 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» дек­ларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болатын. Декларацияда Қазақстанның сол бір тарихи кезеңдегі сая­си-құқықтық негіздері жарияланды. Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптас­тыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Еліміз үшін Республика және мемлекет сөздері егіз ұғым. Республика (лат. Respublіka – халық игілігі, қоғамдық іс) – мемлекеттік басқару нысаны. Ал, Мемлекет –белгілі бір аумаққа иелік етіп, сол жердегі халықтың еркін дамуына мүмкіндік беретін, қоғам табиғатынан туындайтын ортақ істерді атқаруға қажетті басқарудың жоғарғы дәрежеде ұйымдасқан жүйесі, саяси билік ұйымы. Егемендікке ие және қоғамды басқаруды арнайы механизмдер (аппарат) арқылы жүзеге асыратын қоғамдағы саяси билікті ұйымдастырудың ерекше түрі, сая­си жүйенің орталық институты.

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет басшысы оған «Ұлттық мереке» мәртебесін беріп, Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтерді.

Егеменді еліміздің индустриалық орталығы Қарағанды қаласының соңғы отыз жылда өткен тарихы да сан қырлы.

Қазыналы қаламызда атқарылып жатқан танымдық-тағылымдық шаралар аз емес. Тағдырдың талай тауқыметін бастан өткерген кенді өлке бүгінде танымастай өзгерген. Өндіріс өркендеп, гүлденген шаһарға, болашағынан үлкен үміт күттіретін қалаға айналды. Қа­ламыз­дың мұндай деңгейге көтерілуі – әрбір қала тұрғынының үлесі, түрлі мамандық иелерінің қажырлы еңбек сіңіруінің нәтижесі деп білеміз.

Қазыналы Қарағанды – өндірісті өркендетумен, жерасты қазба байлықтарын игерумен, оны ұқсататын зауыт-фабрикаларымен және құрылыс саласыныдағы жетістіктерімен ғана емес, сонымен бірге ғылым мен білім, мәдениет пен өнер, спорт саласында қол жеткізген үлкен табыстармен ерекшеленетін қала.

Қарағанды – еліміздің саяси-экономикалық тірегі, мәдени-өнер орталығы, ғылымы мен білімі дамыған, спорт саласында халықаралық деңгейдегі биіктерді бағындырып, ертеңіне нық қадам басып келе жатқан, небір тума таланттар мен дара дарындарды дүниеге әкелген қасиетті өлке.

Ел егемендігінің алғашқы жылдарында Қарағанды да еліміздің өзге өңірлері секілді дағдарысты бастан кешті. Өндіріс көлемі азайып, жұмыссыздық белең алды. Дегенмен де, кенді өлкенің халқы тоқсаныншы жылдардың соңына қарай қала экономикасының біршама тұрақталғанын, халықтың өмір сүру деңгейінің артып келе жатқандығын сезінді. Қарағандыда көмір өндірісімен қатар, қара металлургия, машина жасау, құрылыс материалдар зауыты, жеңіл өнеркәсіп салалары дами бастады. Қала іргесінде «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы құрылып, инвесторлардың қатысуымен арматура шығаратын, изоляцияланған құбырлар жасайтын, ескі көліктерді кәдеге жарататын кәсіпорындар іске қосылды.

2000 жылдан бастап, қала дамуының жаңа жоспары қабылданды. Бұл бағдарламада қала халқының әлеуметтік жағдайы, мәдени шаралар да қабылданды. Қала өмірінің жаңа келбеті қалыптаса бастады. Қаламыздың мәдени өмірінде Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры, Серік Сәпиев атындағы бокс орталығы, теннис орталығы, мұз сарайы, Достық үйі секілді әлеуметтік нысандар Тәуелсіздіктің тартуы болды.

Соның бірі – Оңтүстік-Шығыс ауданда этносаябақтың ашылуы. 2004-2005 жылдары қала өмірінде жаңа бір кезең мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама негізінде қала көшелерінде жаңа ескерткіштер пайда болды. Бұл ескерткіштер қатарында «Сүйінші», «Қобыз» композициялары қалаға жаңа рең берді. Еліміздің біртуар тұлғалары Қаздауысты Қазыбек би, Бұқар жырау ескерткіштері ел егемендігі тарихының бастауының айшықты белгілері болды.

Қазақстан тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму кезеңіне аяқ басты. Қарағанды қаласының бас жоспарында мыналар көзделеді: тұрғындардың тығыздығын бір мезгілде төмендете отырып, орташа алғанда тұрғын үй қорын 2015 жылы бір адамға шаққанда 20,6 м 2 дейін қамтылуға жеткізу арқылы халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту.

Қала халық санының 98 мың адамға көбеюіне байланысты күрделі және жоспарлы алдын ала жөндеу жұмыстарының барлық түрлерін жөндеуді, оның ішінде, оның техникалық жай-күйін, моральдік тозуы дәрежесін және тарихи-мәдени құндылығын ескере отырып, ескі тұрғын үй қорын қайта жаңартуды жүргізу; қоғамдық құрылыс пен көгалдандыру құрылысының қарқынын тұрғын үй құрылысының қарқыны есебінен дамыту көзделіп отыр. Қоғамдық және әкімшілік-іскерлік облыс орталығы қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінде (45га) Спасск тас жолы мен 7-ші магистраль арасында орналастырылады. Мұнда ірі бизнес орталығы құрылады. Бас жоспарда 640-700 мың адам халық саны есебімен есепті мерзімнен кейін тұрғын үйлер салу үшін резервтік алаңдар қарастырылған. Қала дамуының ұйымдастырушылық-экономикалық пәрменді алғышарттарының бірі – Қарағанды және Қарағанды облысы маманданған қызметтер салаларында өңірлік кластерлерді құру болып табылады. Бизнестің инновация лық-экономикалық белсенділігі бизнес орталықтары, технопарктер, ғылыми институттар, ЖОО-лардың жаңа технологияларды игеруі мен сапаның халықаралық стандарттарына көшуі күшейтілетін болады. Екіншіден, өңірлік маңызы бар жобаларға конкурс негізінде жеке капиталдық салымдар мен демеушілік қаржы белсенді түрде тартылады. Үшіншіден, белгіленген салықтық төлемдерге қосымша бюджетті толықтырудың тұрақты көзін құруға мүмкіндік беретін ренталық төлемдер тетігін енгізу көзделеді. Егер қаланың өсу стратегиясын, азаматтар әл-ауқатының артуын, халық санының, тұтыну сұранысының артуын негізге алсақ, аумақ ұдайы өсіп отырады.

Қаланың әлеуметтік-экономикалық әл-­ауқаты оның халқының санына тікелей тәуелді болып келеді. Сондықтан жергілікті билік органдары демографиялық жағдайды жақсартудың кешенді бағдарламасын әзірлейді, оған сәйкес бала туу санын көбейту, аурулар мен өлімді азайту, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған саясат жүргізіледі.

«Менің аулам» бағдарламасы әзірленген. Ауқымды жобалық сәулеттік-жоспарлауды ұйымдастыру. Қаланың орналастырудың аумақтық ерекшеліктеріне (көмір кен орындарына жақындығы) және оның жекелеген тұрғын үй аудандарының алшақтығына орай (Жаңа қала, Оңтүстік Шығыс, Михайловка, Пришахтинск, Майқұдық және Сқырптау) қаланың тұжырымдамасы тұрғын үй аудандары өзін-өзі ұйымдастыратын және өзін-өзі басқаратын жүйелер ретінде қарастырылатын көп орталықты ұйымдар ретінде көзделеді.

Қаланы басқарудың әкімшілік орталықтары және іскерлік белсенділіктің негізгі орталықтары Оңтүстік-Шығыс ауданына көшіріледі. Жоспарлауға қатысты қала аумағын ұйымдастырудың тікелей бұрышты-диагональді құрылымы қабылданған. Негізгі көлік магистральдарын басымдықпен мамандандыру көзделген: Бұқар жырау даңғылы – сауда, Гоголь көшесі – іскерлік, 7-ші магистраль – облыстық маңызы бар объектілер. Осы бір қала салу және функционалдық-технологиялық идеясымен Қарағанды басқа қалалардан ерекшеленетін болады. Қаланы аумақтық дамыту шығыс бағытында дамымақ. Тұрғын үй құрылысының басым бөлігін Оңтүстік-Шығыс, Майқұдықтың оңтүстік бөлігінде, Қарағандының Оңтүстік-Батыс бөлігіндегі алаңдарда салу көзделеді. Жаңа қаладағы халықтың тығыздығын азайту көзделуде. Қаланың индустриалды аймақтарын солтүстік-шығыс бағытта дамыту жоспарлануда. Қала шегінен тыс ұжымдық бақшалар мен инженерлік құрылыстар есебінен қала пайдаланатын жер көлемі ұлғайтылады. Бұл көлем – 8702 гектарға жетеді. Қалада 7 бақ, 28 саябақ пен гүлзарлар бар. Қала халқының жасыл желектерге мұқтаждығын жою әрі экологиялық жағдайды жақсарту үшін біршама жыл сайын жаңа ағаштар отырғызу дәстүрге айналған. Ел егемендігі халқымыздың ертеңге деген сенімінен нақ көрінеді. Қарағанды қаласының дамуы бүгінгі күні соның бір айшықты дәлелі болмақ.

Темірғали АРШАБЕКОВ,
Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button