Тәуелсіздік туы көтерілген күн
Исі қазақ үшін қастерлі мереке – Тәуелсіздік тойынан Қарағанды да қалыс қалған жоқ. Бұл күні желтоқсан айының ызғары мен күннің түнергені кедергі болған жоқ. Қаланың басты көшелерінің осы мерекеге орай арнайы безендірілуі – шаһар ажарын аша түсті…
Тәуелсіздік мерекесі
білім ошақтарында
Тәуелсіздік пен желтоқсан көтерілісін бөліп қарай алмаған мектеп оқушыларының осынау мерекеге арнап дайындаған сахналық көріністерінің қайсысы болмасын – желтоқсан қайраткері – Қайраттың бейнесін сомдауға тырысты. Қайрат – жазықсыз жала жабылған құрбан емес, ол – тәуелсіздік тұлғасының бірі, әрі бірегейі. Оның түрмеде отырған сәтін дәл бейнелеуге тырысып, тәуелсіздік жолындағы күресін көрерменіне жеткізе білген оқушылардың қойылымдары көрермендерінің жүрегіне жол тапты. Бұл орайда С.Саттаров атындағы №57 мектеп лицейінің «Желтоқсанда үзілген жауқазындар» атты мерекелік іс-шарасы Желтоқсан көтерілісі туралы деректерді беруге тырысса, Сұрыптау елді мекеніндегі №12 орта мектепте өткізілген «Тәуелсіздік – Ұлы дала ұрпақтарына аманат» атты іс-шара ел тарихына тоқталды. «Қайрат деген атым бар, қазақ деген затым бар!» деп, рухтана Қайраттың бейнесін сомдаған оқушының еліміздің қалыптасу жолындағы 25 жылдық тарихын, Елбасының саясатын, қиын-қыстау кезеңді басынан өткеріп, жанымен түйсіне алғаны анық.
Мерейтойлық марапат
Мерекелік көңіл-күй «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған» мерейтойлық медаль тапсыру сәтінен бастау алып, әрі қарай өз жалғасын тапты…
Халықтың көңіл-күйі де ерекше. Әр жерде елінің тәуелсіздігін лайықты дәрежеде өткізуге өзіндік үлесін қосқан мекемелерде өткізілген іс-шаралар да әр алуан болды.
Тәуелсіздік қарсаңында Қарағанды техникалық колледжіндегі Қазыбек би ауданының әкімі Т.Шатохинаның «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған» мерейтойлық медалі мен Алғыс хаттар тапсыру сәті де ел абыройының ғана емес, сонымен қатар елдің өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың да мерейі үстем болған күні.
– 2016 жыл – Қазақстан үшін атаулы жыл. Ұлы дала елінің ұлттық мерекесі – Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіз Қазақстан біздің ортақ жетістігіміз, біздің ортақ мақтанышымыз. Осы жылдары жаңа мемлекет, жаңа экономика және жаңа біртұтас қоғам құрылды. Енді бүкіл әлем бізбен санасады. Бұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасы, – деп бастады құттықтау сөзін Т.Шатохина.
Бір ерекшелігі, мерейтойлық медальмен, Алғыс хаттармен марапатталғандардың көпшілігі – қала өмірін көркейтуге үлес қосқан жұмыскерлер мен қала тыныштығын қорғауға ат салысқан полиция қызметкерлері болды. Олардың арасында қаладағы пәтер иелерінің кооперативінің жұмыскерлері, еңбек ардагерлері, полиция қызметкерлері бар.
Мерейлі мерекеде
дүниеге келді
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы күні дүниеге келген сәбилер де назардан тыс қалған жоқ. Осы күні өмірге келген 7 сәбиге аудан әкімі Т.Шатохина мен Қарағанды облыстық мәслихаттың депутаты Г.Ратаева ақшалай сертификаттарды сыйға тартты. Олар үшін ел тарихындағы атаулы күні дүниеге келу бақытымен бірге бір бұйырса, тәуелсіздік тарихында есімдері қалу бақыты да бұйырды. Сәбиге жасалған марапат – оның болашақ өмірінде зор мәнге ие болары хақ.
Сарбаздардың мерекелік сабы
Тәуелсіздік жылдарында арнайы тапсырма мен әскери-қызметтік борышын өтеу кезінде ерлік пен батырлық танытқан «Ұлттық ұланның» 150-ден астам сарбаздары да мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына үлес қосуда «Жас ұлан» республикалық әскери мектебінің тәрбиеленушілері тысқары қалмады, бір мезетте 25 санын жазып, мерекелік сап түзеді. Ұландардың бұлай сап түзеуі олардың бойындағы Отанға деген риясыз ықыласты паш етті.
Мәдени ошақтарда
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын лайықты деңгейде тойлауға мәдени ошақтар да өз үлестерін қосты. Дәл осы күні К.Станиславский атындағы орыс драма театры баршамызға бұрыннан белгілі «Бір түп алма ағашы» драмасын көрермендерге ұсынды. Оқиғасы белгілі болса да, мерейтой – сананы жаңғыртудың, кеудесінде жаны бар кез келгеннің басынан өтуі мүмкін ескі оқиғаны еске түсірудің тағы бір себебі болды. Драмаға кірудің тегіндігі болғаны – аталмыш мекеменің қала халқына тәуелсіздік мерекесінде жасаған сияпаты болды.
«Жаңа Майқұдық», «Теміржолшылар» және «Молодежный» мәдениет сарайларында ұйымдастырылған мерекелік концерттер ұйымдастырылды.
Қазақ елімен бірге, Мәңгілік елмен бірге мәртебесі тасыған, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлауға жиылды қала халқы. Ал, мерекенің соңы мерекелік от шашуға ұласты.
Салтанат ИЛЬЯШОВА
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.