Қарағанды

Тәуелсіздік тағылымын дәріптеді

   

     Жасампаз елді жаңа белеске көтерер шараның көбі – Тәуелсіздік мерекесіне арналуда. Солардың бірі академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде жас зерттеушілердің үшінші аймақаралық құрылтайы өтті.

     Шараны облыстық департаменттің оқу-әдістемелік орталығы және «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырды. Аймақаралық құрылтайда жас зерттеушілер тың жобаларды ортаға салды.

               Нұрсахан АХМЕТОВА, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі:

Дәстүрлі құрылтай үшінші жыл қатарынан өтуде. Алғашқысы М.Шоқайдың өміріне арналса, екіншісі «Ә.Бөкейхан және Тәуелсіздік» тақырыбын қозғады.Үшінші құрылтайға «Тәуелсіздік тағылымы» атауын бердік. Мектеп оқушылары, студенттер еңбектерін көрнекілікпен көрсетеді. Оларды ғылымға бейімдеп, еліміздің жетістігін қадірлеуге үйрету – басты мақсат.

    Құрылтайға қатысушылар тәуелсіздік алған жылдардағы ел жетістігіне арқау болған тақырыптарды таңдапты. Жаңаарқа аудандық №132 мектептің оқушылары және Нұра аудандық №3 Киевка орта мектебінің оқушылары «Мәңгілік Ел» идеясы және ақталған есімдер төңірегінде жобалар ұсынды.

    ҚарМУ-дің филология факультетінің І курс студенттері «Ұлы Даланың Мәңгілік Ел» идеясын зерделеп, егемендік алған жылдардағы қол жеткізген дүниелерімізді атап өтті. Мәдени мұра бағдарламасымен жарық көрген «Бабалар сөзі» деректерінен дайындаған жобаны қорғады. Олардың айтуынша, «Мәңгілік ел түрік жұртының данагөйі Тоныкөк негізін қалаған идея. Елтеріс Құтлық қаған екінші Түрік қағанатын құрғаннан кейін Тоныкөк «Мәңгілік Ел» идеясын қолға алды. Елдің қауіпсіздігі үшін қорғаныс шеңберін жасап, мәңгілік ел саясатын Көк Түріктер іске асырды». ҚарМУ-дің биология-география факультетінің студенттері Ербұлан Мұқашев және Жанарыс Әмитхан: «жылқы малы тәуелсіз ел атану жолындағы талай жорықтарда батырларға пырақ болды. Тәуелсіздік мерейтойы тұсында жылқы малының қасиеттілігін атап өткеніміз жөн», – дейді. Студенттер жылқы малын жергілікті тұқымдар, қазақи жақсартылған, желісті жылқы тұқымымен және басқа да мініс тұқымдарымен жақсартылған, ауыр жүк таситын жылқы түрлеріне бөліп зерттепті.

    Тәуелсіздікпен қатар жүретін Әлихан Бөкейхан есімін ұлықтаған қалалық №53 мектептің оқушылары Әлихан еңбектеріндегі егемендікке бастаған идеяларды ұсынды. Сол сияқты М.Жұмабаев атындағы №39 мектептің оқушылары «Әлихан Бөкейхан және қазақ газеті» тақырыбына тыңғылықты дайындалыпты. Сөйтіп, жас зерттеушілер арасынан бас жүлдені Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің бірінші курс студенттері иеленді. Екінші, үшінші орындарға ақшалай сияқы, кітаптар берілді. Қатысушылар сертификат иеленіп, жетекшілері Алғыс хатпен марапатталды.

Жалпы, бүгінгі таңда «Тұлғатану» пәнаралық ғылыми-зерттеу орталығы өткізген құрылтайдың мақсаты орындалып, Мәңгілік Ел идеясының құндылығы жан-жақты талданды. Жастар өткеннен сабақ ала отырып, болашақты баянды етуде нақты мақсаттар ұсынды.

Аяулым СОВЕТ

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button