Тәуелсіздік – бақ-нұрым, ұлылығым һақ бүгін!

     Кеншілер астанасы елдің басты мерекесі – Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын ерекше атап өтті. Балалар мен жеткіншектер сарайында өткізілген «Отаным – тәуелсіз Қазақстан!» тақырыбындағы салтанат та мерекеге арналған іс-шаралардың бірі. Қалалық білім бөлімі ұйымдастырған бұл жиынға Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ирина ЛЮБАРСКАЯ қатысты.

    Қаладағы білім беру ұйымдарының ұжымдары, білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымдары және қала мектептері мен мектепке дейінгі ұйымдардың бастапқы кәсіподақ ұйымдары төрағалары, ардагер ұстаздар мерекелік тартудың көзайымы болды, алқалы жиынның ортасынан табылды.

    Сонымен қатар, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушылар да құрметті қонақтардың қатарын толықтырды.

    Салтанатты іс-шара барысында Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ирина Любарская құттықтау сөз сөйледі. Қасиетті Тәуелсіздіктің мән-мағынасына тоқталды. Еліміздің жеткен жетістіктерін саралады.

    Шаһар басшысының орынбасары білім, спорт саласының қызметкерлеріне және желтоқсан оқиғасына қатысушыларға «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медальдарын да табыстады. Сондай-ақ, Қарағанды қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі, белсенді еңбегі және қоғамдық жұмысы үшін түрлі сала қызметкерлеріне Қарағанды қаласы әкімінің Құрмет грамоталарын және Алғыс хаттарын ұсынды.

     Мерекелік құттықтауды Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшысы Дулат Жекебаев жалғастырды. Қуатты Қазақстан құрудағы, ел ертеңін тәрбиелеудегі педагог мамандардың елеулі еңбегіне тоқталды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында білім қызметкерлеріне Қарағанды қаласы білім бөлімінің Құрмет грамоталарын және Алғыс хаттарын табыс етті.

    Салтанатты жиынның соңы әуенді-сазды бағдарламаға ұласты. Қаланың білім беру ұйымдары қызметкерлерінің арасында дәстүрлі түрде өткізілетін шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары өнер көрсетті. Олардың қатарында №58 орта мектептің, «Айсұлу» және «Бәйтерек» балабақшаларының, №77 мектеп-балабақша кешенінің, №101 мектеп-лицейдің педагогикалық ұжымдары бар. Бұған қоса, Қарағанды қаласының «Сарыарқа әуендері» фольклорлық ансамблі де мерекенің көрігін қыздыр­ды.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.