Жаңалықтар

Тәуелсіз ойлаудың төте жолы

           Адамды адам етіп, рухани байытқан кітап – өткенді бүгінмен, бүгінді болашақпен жалғайтын алтын көпір. Рухани дүниені бойына сыйдырған еңбектің, оқулықтың шекарасы болмайды. Ол – адамзаттың бәріне ортақ асыл қазына.
Осы орайда Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында гуманитарлық ғылымның әртүрлі бағыттары бойынша әлемдегі ең озық 100 оқулықты қазақ тіліне аудару туралы тапсырма берді. Осылардың қатарында философия, әлеуметтану, психология, мәдениеттану, дінтану, тіл білімі, медиа-журналистика, антропология, экономика, менеджмент және кәсіпкерлікті дамытатын оқулықтар бар. Бастаманың негізінде елімізде Ұлттық аударма бюросы құрылып, жоғары оқу орындарына арналған гуманитарлық бағыттағы жаңа оқулықтар жобасын әзірлеу жұмыстарын бастаған болатын. Соның негізінде бүгінде 18 оқулық қазақ тіліне аударылып, келесі жылы еліміздің жоғарғы оқу орындарына бірнеше данамен тегін таратылатын болады. Бұл жобаның жемісі жайындағы отырыс 2018 жылдың 12 сәуірінде Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және ғалымдар мен оқулық авторларының қатысуымен өткен болатын. Бұл оқулықтардың қатарында Грегори Мэнкьюдің «Экономикс», Джордж Ритцердің «Қазіргі әлеуметтану теориясы», Эллиот Аронсонның «Әлеуметтік психологияға кіріспе», Реми Хестің философияға арналған кітаптары, «Тіл біліміне кіріспе» тағы басқалар бар. Бұл оқулықтардың әлемдегі озық білім беретін жоғары оқу орындарының сұранысындағы еңбектер екендігін де атап өтуіміз керек.
Аталмыш оқулықтар жаңа қазақ жазуының емлесі бекігеннен кейін алдағы жылдары жаңа латын негізді қазақ жазуымен берілетін болады. Міне, рухани жаңғыруымыздың анық көрінісі осы десек те болады.
Елбасы бастамасының негізгі мақсаты – әлемдегі озық идеялар мен үлгілерді ала отырып, Қазақстанның білім беру жүйесін жаңа жолға қою. Ғалымдар мен жастарға жасалып жатқан бұл зор мүмкіндік еліміздің дамуына, дамыған әлем елдерімен рухани байланыс орнатуға, өз ғылыми потенциалын ашып көрсетуге жағдай жасайтыны сөзсіз. Рухани жаңғыру аясында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық. Жаңа гуманитарлық білім» жобасы бойынша әзірленіп жатқан оқулықтардың алғашқы легі 2018-2019 оқу жылында студенттердің қолына тиіп, университеттер осы ғылыми оқулықтармен мамандар даярлайтын болады.
Еліміздегі ғалымдар тек әртүрлі тілдегі оқулықтарды аударып қоймай, сонымен қатар кейбір әлем ғалымдарының назарын Қазақстанға да аудартып, қызығушылықтарын тудырып жатыр. Олардың кейбіреулері елімізге келіп, Астананы көріп, таңданыстарын жасыра алмай, еліміз жайында еңбектер жазуға да уәделерін берді. Бұл дегеніміз – екі жақты рухани байланыстың айқын көрінісі. Тереземізді өзгелермен тең етіп, рухани дүниелеріміздің шекарасына шек қоймай, біздің де мүмкіндіктерімізді көрсететін кез келді. Сәтті аудармалар жасау арқылы қазақтың да өзге тілді ғылыми тұрғыда меңгеруі шетелдіктерді де таңқалдырмай қоймасы анық.
Оқулықтарды аудару барысында қойылатын талаптар өте қатаң. Әр оқулыққа комиссия құрылып, оның мазмұнына, өміршеңдігіне, теориялық әрі практикалық маңыздылығына, қоғамдық қажеттілігіне назар аударады. Оқулықтардың сапалы болып ана тілімізге аударылуы – ең басты шарт. Әлемнің ең озық ғылыми оқулықтарын аударуда басшылыққа алынған негізгі принцип – шетел тілінен қазақ тіліне бірден аудару. Оқулықтың сапасына нұқсан келтірмей, оны қазақ тілінде таза сөйлету. Біз Кеңес одағы кезінде шетел оқулықтарын бірінші орысшаға, орысшадан қазақшаға аударып оқитын болсақ, енді түпнұсқадан танысуға уақыт жетті. Бұл – санамыздың жаңғырып, ұлттық ойлаудың тәуелсіз болуы деген сөз.

Елдос Түйте,
Е.Бөкетов атындағы
ҚарМУ доценті,
филология ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button