Жаңалықтар

Тәуекелдер түйінін тарқатқан жыл

Тарихты өзгертіп, қайта жазып шығу әсте мүмкін емес. Бірақ, көзқарасты өзгертіп, өзге дүниетаным тұрғысынан қарар болсақ, «path dependence», яғни, алдыңғы қозғалыс теориясына тәуелділіктен арылу үшін алдымен нық сенім, батыл қадам, түбегейлі өзгеріс қажет болса керек. Сонда ғана өткеніміз – өкінішсіз, қазіргіміз – қайғысыз, болашағымыз – жарқын болмақ. 2022 жыл елімізді саяси оқиғалардан кенде қылған жоқ. Көңілге қаяу түсіріп, қайғыға батырғаны да, санамызды селт еткізіп, жақсылықтың үміт отын жылт еткізгені де бар. Бәрі дәл осы мемлекетті құрайтын сіздер мен біздердің түрлі оқиғаларды қалай қабылдағанымызға және қабылдайтынымызға байланысты. Дегенмен, бір нәрсе анық. Ол – еліміздің саяси өміріндегі трансформациядан бөлек, уақыттың да бір орында тұрмайтыны тәрізді халық санасының да өзгеріске ұшырап, биылғы оқиғалар тізбегіне дұрыс баға беріп, салқынқандылықпен қабылдай білуі. Ал, ең бастысы – сенімі.

Себепсіз салдар болмайды. Күрделі ахуалмен басталған 2022 жыл проблеманың қай жақтан қылтиғанын көрсетті. «Сенген қойым сен болсаң…» дегеннің кебін кигендей, мемлекетке опасыздық жасағандар бірінен кейін бірі ұсталып, тергеуге түсті… Осыдан соң оқиғалар тізбегі басталды да кетті. Қазақстан халқына үндеу жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Жаңа Қазақстанның болашағы жолында нақты тапсырмалар берді. Бастысы – ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық жүйені түбегейлі қайта құру қажеттілігі. Себебі, ҰҚШҰ-ы күштеріне сүйенуден басқа амал болмады. Елде сенімсіздік орнады. Жағдайды сылтау етіп кірген орыс әскерін енді елден қуып шығара алмаймыз деген теріс пікір жоққа шықты. Қан жұтқан халықтың санасы осы кезде бір сілкініп, ұйқысынан оянған болар…

Одан бөлек, елдің әлеуметтік жағдайы тағы бар. Қаңтар оқиғасының орын алуының тағы бір себебі осы екенін көрсетеді сарапшылар. Демек, билік те халыққа бет бұрып, проблемаларын жете түсінгендей. Нәтижесінде, заңы бар, басқасы бар, түбегейлі трансформация керек екені белгілі болды. Өзгеріс те көп күттірген жоқ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарының конституциялық құқықтарын күшейту мақсатында Ата Заңға бірқатар өзгерістер енгізді. Алдымен өзгерістің барлығы халықтың талқысына ұсынылды. Жай қабылданып қойған жоқ, референдум арқылы қабылданды. Бұл саяси аренадағы айтулы оқиғалардың бірі еді. Осы өзгерістердің ішіндегі ерекше тоқталып айтуға болатыны – Қазақстанның өлім жазасынан түбегейлі бас тартуы. Демократиялық қоғам жолындағы алғашқы қадамдардың бірі ретіндегі бұл шешім біртұтас еліміздің әр тұрғынының өмірі кез келгеніміз үшін маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар президенттік формаға көшті. Мемлекет басшысы бұдан былай Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгертіп, Парламенттің рөлін күшейту қажеттігін айтқан еді. Осылайша, еліміз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алды.

Тағы бір айтулы өзгеріс – Президенттің Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру туралы Жарлыққа қол қоюы болды.

Қаңтар қаһарымен келсе, қыркүйек жақсы жаңалығымен келді. Президент қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялады. Сенат болса, «Рақымшылық жасау туралы» Заңды қабылдады. Жалпы, рақымшылық 1 500-ге жуық адамды қамтиды. Негізінен, заңсыз үгіт-насихатқа еріп, ұрлық, бүлікке қатысып, өрт қойғандар.

Биылғы жылдың тағы бір айтулы саяси жаңалығы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында кезектен тыс Президент сайлауының өтетінін мәлімдеуі болды. Себебі, әділетті Қазақстанды құру жолында кешенді реформаларды жүзеге асыру үшін жаңа сенім мандаты қажеттігін айтты. «Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен жоғары. Сондықтан, мен өзімнің өкілеттік мерзімімді қысқартып, кезектен тыс президенттік сайлауға баруға дайынмын», деді ол.

Президенттің өзі сайлаудың әділ әрі ашық өткенін айтты. «Бұл науқан ел мүддесі үшін ұлт болып біріге алатынымызды көрсетті. Бабаларымыз қай заманда да бірлігін бәрінен биік қойған. Біз ата жолын сақтай білген, заманауи және өркениетті ел екенімізді бүкіл дүние жүзіне паш еттік» деп баға берді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Салтанат ІЛИЯШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button