Ресми

Тұтынушы құқығы тапталмайды

Бүгінгі таңда тұтынушылардың құқығын қорғау саласында мәселе жетіп артылады. Оны шешу үшін уақыт пен заң жүйесіне біршама өзгеріс қажет. Осы мақсатта Сауда және интеграция министрлігінің Заң жобаларын әзірлейтін жұмыс тобы 40-қа жуық кездесу өткізіп, көппен бірге ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды талқылады. Ал, Заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Толықтырулар мен өзгерістер жайында облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас мамандары Әсел Сахариева мен Еркін Балмағанбетов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Жыл сайын тұтынушылар тарапынан түсетін өтініштің саны 20%-ға өсуде. Мәселен, 2020 жылы уәкілетті органға 21 мыңнан астам өтініш түссе, былтыр шағымның саны 30,2 мыңға жеткен. Ал, сол шағымдардың басым бөлігі бөлшек сауда, тұрмыстық қызметтер, электрондық сауда және қоғамдық тамақтану нысандарының қызметіне байлансты. Осы мақсатта бизнес өкілдерінің жауапкершілігін арттыруға және халықтың құқығын қорғау мақсатында Заң жобаларына түзетулер енгізілген болатын. Қазіргі уақытта Заң жобасын әзірлеу барысында тиісті ғылыми зерттеу жұмыстары толық жүргізілген.

– Азаматтардың келіп түскен өтініштерін талдау мен мониторинг нәтижелерін, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қоғамдық институттарының пікірлері мен ұсыныстарын және әлеуметтік зерттеу көрсеткіштерін назарға ала отырып, министрлік ең алдымен жосықсыз бизнеспен жұмыс істеудің алдын алуға бағытталған заң жобаларын әзірледі. Бұл жерде барлық мүдделі тұлғалардың ұсынысы ескерілген, – деді Әсел Болатқанқызы.

Жаңа заң жобасында Конституцияның ережесіне сәйкес келмейтін және логикасыз міндетті тізбектілікті алып тастау ұсынылады. Сонымен қатар, түпкілікті нәтижеге қол жеткізу мерзімі де қысқартылмақ. Яғни, аталған түзетулер қабылданса, тұтынушы құқығын қорғау тәсілін өзі таңдайды. Әрі екінші тараптан құқықбұзушылық анықталған жағдайда тікелей мемлекеттік органға талап-арыз бере алады.

Ал, екінші бір өзгеріс тұтынушы құқығын қорғау мәселесі бойынша омбудсмен институты енгізіледі. Бұл жерде омбудсмен институты тағайындалған адамға ерекше жария мәртебесі беріледі. Яғни, қоғамның үйлестірушісі қызметін атқарып, жауапкершілігі артады.

– Тұтыну салаларында құқықтарды қорғаудың базалық қағидаттарын енгізу ұсынылады. Ашып айтқанда, Заң ережелеріне «Тұтынушылардың негізгі құқықтары» мәртебесін беру қажет. Өз кезегінде, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың салааралық үйлестіруді күшейту ұсынылды. Одан бөлек, құқықтары бұзылған және сотқа дейінгі кезеңде кәсіпкерге шағымдансада мәселесі шешілмеген тұтынушының пайдасына сот айыппұл түрінде салатын кәсіпкердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін енгізуді ұсындық. Бұл ұсыныс – уақыт талабы. Себебі, кәсіпкердің тұтынушылық дауды сотқа дейін шешуге құлқы жоқ. Мысалы, мынадай дерекке назар салыңыз, өңірлердегі тұтынушылық дауларды реттеу тәсілдеріне тұтынушылардың наразығы артып келеді. Демек, кәсіпкерлерді сотқа дейінгі кезеңде бұзушылықтарды өз еркімен жоюға үлкен мүмкіндігі бар. Осыған ұқсас оң тәжірибе біз келісілген саясат құратын Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде қолданылады, – деді Еркін Салауатұлы.  

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button