Тәттімбеттің “Былқылдағы” мен “Сылқылдағы” Былқылдақта туған…

Арқаның асқар белі Қызыларайда “Былқылдақ” деген таңғажайып бір жайлау бар. Жаз шыға осы елдің малшылары осы жан баурайтын жасыл белеске көшіп, қаз-қатар тігілген киіз үйлер алыстан көз арбап тұрушы еді. Үш мың жылға созылған көшпелілер мәдениетінің бір сұлбасы  Совет өкіметінің өзінде осы өңірде саф алтындай сақтаулы тұр еді.  Есте қалған көкейдегі осынау көріністер көз алдымда көлденеңдейді де тұрады. Біздің балалық шағымыздың елесі… Ақтоғай ауданының малшылары осындағы май зауытына сүт өткізіп, Қарағанды-Балқаш қалаларына сары май, ірімшік жөнелтуші еді. Май зауатының меңгерушісі ерлі-зайыпты  Шәймерден Шалтабаев, Шәрбану  Нығыметжанова – Қызыларайдағы төрінен қонақ кетпейтін жаны жайсаң адамдар еді. Арқаның игі жақсыларының бәрі де осы шаңырақтан дәм татқан. Туасы жілік майы үзілмеген қаракөктің тұқымы.  Арғы атасы Байтас – Темірші болысының болысы болған.  “Жақсының көзі еді” – дейтін ел олар қахында.

Сөйтсек, бұлар атақты Әлімхан Ермековтің осы елде қалған ең жақын-жуығы екен. Бұл кез Әли-ағаның аты-жөні жөнді атала қоймайтын уақыт. Ол кісі Ібір-Сібірден айдаудан келгеннен кейін осы құтты шаңырақта айлап жатушы еді. Мен ол кезде сегіз-тоғыз жасар баламын, Әли-ағаны осы Шәкеңдердің үйінен көргем, еңселі, ер тұлғалы,  аса ажарлы, ешкімге ұқсамайтын интеллигент адам. Менің әкем Ақсұңқардың туған ағасы Ақбайдың құдай қосқан қосағы – Күлғайша шешеміздің бауыры екен. Әкем мені ол кісінің Қарағандыдағы үйіне де талай ертіп апарған. Ол кезде бұл кісінің Ленинмен 5-6 сағат дауласып, Қазақстанның осы күнгі шекарасын аман  алып қалғанын да біле қоймаймыз. Әкеміз “Бұл кісі қазақтан шыққан бірінші математик қой” деп отырушы еді. Басқасын айта қоймаған…

“Қандай керемет адамдар болған десейшi! – деп еді Ахаң-Жақаңдардың (А.Байтұрсынов, Міржақып Дулатов) топырағында туып, көп сырға қаныққан этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметов. – Олардың кереметтiгi сонда, бiрiн-бiрi сойып салуға, тiптi, тiрiдей өлтiруге дайын тұратын қазiргi жақсы мен жайсаңдарымыз сияқты емес, олар ешуақытта бiрiн-бiрi жамандамаған ғой! Оларды ұстатқан – көре алмаушылар!

Рас, Ысмайыл Есмағанбетов, Әбдiлдә Тәжiбаев, Мұхамеджан Қаратаев сияқты iрiлер де болды iшiнде, бiрақ бұлар ол кезде iрi емес едi. Кейiн iрi болды. Сәбең, Сәбит Мұқанов Ақаң мен Жақаңның бас жауы болды. Бiрақ, Сәбең о бастан жасырынбай ашық соғысты. Мұхтар Әуезов көзiн қуғын-сүргiннен 1959 жылы ғана  әзер ашты, 1961 жылы қайтыс болды. Ал, Мұхаң мен Әлiмхан Ермековтi сақтап қалған Ахаң (А.Байтұрсынов) мен Әлихан Бөкейхановтар ғой. «Бiздi жамандаңдар, бiздi тура жолдан бұрған осылар деп көрсетiңдер» деген…»

 

Әлiмхан Ермеков айдаудан оралғанда үш кiсi сәлемдесе барған. Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан және Мұхтар Әуезов. Сәлем берiп, алдымен Қаныш Сәтбаев кiрген, одан кейiн Әлкей Марғұлан кiрген. Мұхаң Әлкейден жасы үлкен болса да, оның соңынан кiрген. Сол кезде Әлекең Мұхтардың сәлемiн алмастан бұрын: «Сен тұра тұр? Мен «Абай жолын» Сiбiрге алдыртып оқығанмын. Сен неге Құнанбайға қиянат жасадың?!» – деп сұрапты. Сонда Мұхаң: «Құнанбайды олай жазбасам, кiтап шықпайтын болды, Әлеке?» дептi. Әлiмхан содан кейiн «ә, жөн екен!» деп, Мұхаңның сәлемiн алыпты…»

Биыл сол Әли-ағаның бауыры Шаймерден ақсақалдың фәниден бақиға көшкеніне 20 жыл да, Шәрбану шешеміздің жарық дүниеге келгеніне 100 жыл болады екен. Қазаққа Әлімхан Ермеков сынды сом алтындай ұл туған бұл атаның балалары сталиндік қуғын-сүргіннен көз ашпаған тұқым еді. “Орнында бар оңалар” демекші, олар да осы күнге аман-есен жетті. Ұлы – ұяда, қызы – қияда. Немересі, осы тұқымның бір тұяғы Махмұт Әліпбергенов те бүгінде республика жұртшылығына танымал; қазақтағы саусақпен санарлықтай кәсіпкерлердің бірі һәм бірегейі. “Алтай Полиметалл” тау-кен компаниясының бас директоры. Елге мецанаттығымен де мәшһүр. Биыл туған жері Қызыларайға Билайн байланыс жүйесін орнатпақ та  ойы бар.

Былқылдақ – осы атаның кіндік кескен жұрты. Бұл – Арқадағы аты аңызға айналған тарихи жердің бірі.  Осы елдің бір перзенті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының корреспонденция мүшесі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мүсілім Әмірханұлы Ермековті кім білмейді?!  Бұл жерге бір кезде Әли-ағаға еріп, орыстың ұлы этнографы Григорий Николаевич Потанин де келген.  Ол қазақ эпосының озық үлгілері мен аңыз-жырларын  Әли-ағаның өз аузынан естіп, аң-таң қалған деседі…

Әли-ағаның әкесі  Ермек те заманында  ел билеген, аузы дуалы кісі болған. Құнанбай аға сұлтан болып тұрған кезінде Ермек оны да осы Былқылдақта хан ұлындай арулап күткен деседі. 1923-1925 жылдары Томскіде оқып жүрген студент  Қаныш Сәтбаев та осы жайлауда Әли-ағаңның  құдайы қонағы болған. Әлімханның  туған ағасы Әмірханның қызы – Дәмеш  апамыз  қазақтың аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері  Темірбек Жүргеновке осы топырақтан ұзатылды. Нығымет Нұрмақов пен Зүпінін Ыбырайқызының үйлену тойы да осында дүркіреп өткен көрінеді. Тәттімбет өзінің “Былқылдақ”, “Сылқылдақ” күйлерін осы  Былқылдақта жалғанның жарығына шығарады! Әли-ағаның шаңырағында!  Алаштың небір жақсысы мен жайсаңы жүрген жер еді – бұл!

Кіндіктен қаным тамған, қайран, Былқылдақ! Кімдер келіп, кімдер кетпеген сенен?! Шәймерден көкем мен Шәрбану тәтем де кетіпті…

Қызыларай

Туған жер!

Туған топырақ!

Қарашы менің көзіме:

Жұмыр жер жырын оқып ап,

Құсша ұшып келем өзіңе…

 

Құсша ұшып келем Арқаға,

Алмайды күтіп анашым.

Дүниежүзілік саяси картада

Сен –

Жалғыз нүкте ғанасың.

 

Жер үшін сен – бір түйір дән,

О, менің құйттай мекенім.

Кіндіктен қаным құйылған

Кішкентай Планета едің!

 

Айранын анам іш десе,

Зәмзәм суына бергісіз.

Кіндігім саған түспесе,

Кім болатыным белгісіз.

 

Арқалап жүгін арқама

Мойындап өтем тірлікте:

Дүниежүзілік саяси картада

Жүрекке ыстық бір нүкте…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.