Бас тақырыпОблыс әкімі

Түтінге тұншыққан Теміртау

Құрыш қала мәселесі – бақылауда

Теміртаудың экологиялық мәселесі оңбай тұр. Еліміздегі ең ірі металлургиялық комбинат құрыш қаланы көк түтінге көміп тастаған. Қолқаны қабар жағымсыз иіс пен «қара қар» осының айғағы. Бұл мәселе бұған дейін де талай мәрте жазылып, биік мінберлерден айтылған болатын. Бірақ, нәтиже жоққа тән. Алпауыт компания айылын жияр емес. Қаланың алдағы жылдарға арналған іс-қимыл жоспары талқыланған жиында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек осы мәселеге баса назар аударып, тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.

«АРСЕЛОР» АЙЫЛЫН ЖИМАЙ ТҰР

«Қазгидрометтің» 2019 жылдың ІІІ тоқсанындағы көрсеткіші бойынша Теміртау еліміздегі экологиясы ең лас қалалардың қатарында. Ауадағы ластаушы қалдықтардың 83%-ы «АрселлорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі. Бірақ, АМТны бұл мәселе аса алаңдата қоймайтын тәрізді. Өйткені, 2016 жылдан бері ауаға зиянды қалдықтарды көп шығарғаны үшін 4 млрд. теңге көлемінде айыппұл төлеген кәсіпорын тарапынан экологияны жақсартуға бағытталған нақты жұмыстар байқалмай тұр. Қала бұрын қалай түтінге тұншығып тұрса, әлі сол қалпынан танған жоқ. Енді бұл мәселені облыс әкімі қатаң бақылауда ұстамақ.

– Қаланың экологиясы ерекше алаңдататыны жасырын емес. Өндірісті жаңғырту бойынша үлкен инвестицияларға қарамастан, АМТ бұрынғысынша қаланы экологиялық ластаудың негізгі көзі болып отыр. Компания басшылығына экологиялық мәселелерді шешу бойынша инвестициялық саясатты қайта қарауды тапсырдым. Бұл мәселені өте қатаң бақылауда ұстаймыз. Алдағы қаңтар айында АМТ компаниясының жаңа басшылығымен кездесеміз. Кездесуде компанияның жоспарларын қарастырамыз. Қаланың өмірі мен тұрғындардың көңіл күйі – тікелей осы жоспарларға байланысты болмақ, – деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.

Сөз орайы келгенде айта кету керек, қазан айында Экология министрлігі мен «Арселор Миттал Теміртау» АҚ қаланы сауықтыру бағытында меморандумға қол қойған болатын. Бұл келісім бойынша компания 2024 жылға дейін құрыш қалаға 500 мың тал егіп, ауаға шығарылатын зиянды қалдықтардың көлемін 30%-ға дейін азайтуы тиіс. Егер бұл талап орындалмайтын болса, онда кәсіпорын қатаң жазаланады.

БИЗНЕСТЕ БЕЛСЕНДІЛІК ТӨМЕН

Құрыш қаланың экологиясы ғана емес экономикасы да тікелей «АрселлорМиттал Теміртау» АҚ-на тәуелді. Ал, соңғы жылдары зауыттың өндіріс көлемінің азаюы қаланың тұрмысына да кері ықпалын тигізуде.

 – Өңдеу секторында өндіріс көлемі төмендеді. Негізгі себеп – «АрселорМиттал Теміртаудағы» жалпақ илем өндірісі көлемінің азаюы. Бұл қаланың жүйе құраушы кәсіпорынның көрсеткіштеріне қатты тәуелділігін көрсетеді. Комбинат ақсауда, бүкіл қала ақсап жатыр, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Қала тұрмысының алып кәсіпорынға тәуелді болуы жергілікті шағын және орта бизнестің дамымауынан туындап отыр. Өйткені, соңғы жылдары қалада ШОБ өкілдерінің саны 1 500 адамға азайған. Қазір олардың үлесі небары – 22,4%. Бизнес жүргізу жеңілдігінің рейтингінде Теміртау 197 аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың арасында 131-ші орында тұр. Облыстағы ең төмен көрсеткіш те Теміртаудың үлесінде. Ауыз толтырып айтарлық нәтиже емес.

– Сауалнама нәтижесіне көз салсақ, кәсіпкерлерге көлік инфрақұрылымы, коммуналдық желілер мәселесі кедергі келтіруде. Сондай-ақ, бизнес жүргізуге мемлекеттік органдардың араласуы, сыбайлас жемқорлық және жергілікті билік пен қала құраушы кәсіпорын тарапынан қаржылай қолдаудың болмауы да кері әсерін тигізіп отыр, – деді аймақ басшысы.

Облыс бойынша 65 кәсіпорын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 10 млрд. теңгеден астам жеңілдетілген несие алған. Ал, олардың сапында теміртаулық кәсіпорындар жоқ. Бар болғаны әлеуетті 5 бизнес-идея ұсынылған. Облыс орталығы мен Елордадан таяқ тастам жерде орналасқан қала кәсіпкерлерінің белсенділігінің төмендігіне аймақ басшысы алаңдаушылық танытып, осы бағытта тыңғылықты жұмыс жүргізу қажет екенін айтты. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы жобаларды іске асыру үшін инвестор іздеуді тапсырды.

АВТОБУСТАР ЖАҢАРТЫЛУЫ ТИІС

Жиын барысында аймақ басшысы қаладағы қоғамдық көліктердің жұмысын да сынға алды. Өйткені, қаладағы автобустардың басым көпшілігі тозған. Ал, автопарктерді жаңарту тиісті деңгейде жүргізілмей отыр.

– Биыл жолаушы тасымалдаушылар небары 4 жаңа автобус сатып алған. Жақында олармен жаңа келісім-шартқа қол қоясыздар. Ол шартта автопаркті жаңарту жөніндегі талаптың көрсетілуі міндетті. Автобустары бес жылдан астам уақыт қолданыста болған мердігерлер байқауға қатыспауы тиіс. Егер олар автобустарды жаңартқысы келмесе, онда басқа компанияларды жұмылдырамыз. Келесі жылы автопарктің 50%-ын жаңартуды тапсырамын, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Қаладағы жұмыссыздық көрсеткішін азайту және жылу маусымын өткізу мәселелері де назардан тыс қалмады. Аймақ басшысы қала әкіміне жылу маусымының өтуін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Ал, жұмыссыздықты төмендету үшін NEET-жастармен жұмыс күшейтілуі тиіс.

Биыл қала бюджеті 28%-ға артқан. Ал, келесі жылы тағы 7 млрд. теңге көлемінде қаражат қарастырылмақ. Қала тұрғындарының ахуалын жақсартып, қордаланған мәселелерді шешуге облыс әкімдігі тарапынан барынша қолдау көрсетіледі.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button