“Тәртіпке бағынған құл болмас”
Дәл осы кезең – немқұрайдылық пен бейғамдықтан арылатын уақыт. Өзіңді, бала-шағаңды, туыс-туғандарыңды, айналаңды қазіргі таңда белең алған қауіпті кеселден қорғаймын десең, баршаға ортақ тәртіпке бағын! Ұлт батыры Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмас» деп бекер айтпаған. Біртуар тұлғаның сол нақылы – бүгінгі күннің мүлтіксіз орындалуы тиіс талабы.
Десек те, ел аумағындағы қазіргі ахуалға қарамастан, жұртшылықтың бірін-бірі қонаққа шақыруы, жиналып алып әңгіме-дүкен құруы саябырсымай тұр. Бәріміз де сауаттымыз, Мемлекет басшысының төтенше жағдай жариялау туралы Жарлығында: «…отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынсын» – деп, «тайға таңба басқандай» жазылғанын бәріміз де білеміз.
Біз соған мойынсұнып жүрміз бе? Әй, қайдам?! Көше толы сабылған ел. Қашықтықтан жұмыс істеу дегенді демалыс деп түсінгендер де солардың арасында. Індет ошақтары іспетті ірі қалалардан ауылдарға келушілер де әлі толастар емес. Күні кеше сонау шалғайдағы Арқалық ауылына карантинге жабылған Алматыдан келген саудагерлер түрлі жиһаз сатып жүргенін естідік. Бруцеллезбен ауырған малдарды алып кетуге Елордадан шыққан жүк көліктері ауылда жүр. Төтенше жағдай кезінде олар ауылдарға қалай өтті?! Блок-бекеттер тосқауыл бола алмағаны ма?! Ауылға бекітілген учаскелік полиция инспекторы қайда?! Ауыл әкімдігіндегі жауапты тұлғалар не қарап отыр? Олардың вирус тасымалдаушы емес екендігіне кім кепіл? Бәрін айт та, бірін айт, жергілікті жердегі құзырлы мемлекеттік органдардың өкілдері Президент тапсырмасына неге немкетті қарайды?!
Біз төтенше жағдай кезінде күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жүрген дәрігерлердің еңбегі ерекше екенін мойындап, бас июіміз керек. Отбасынан алшақтап, өз өмірлерін қатерге тігіп, қауіпті дертпен күресіп жүрген дәрігерлер қауымының еңбегі – ерліктің шынайы үлгісі.
Таяуда әлеуметтік желіде жарияланған кішкентай бір қыз баланың Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа жазған хаты көпшіліктің көңілін қатты толқытты. «Анам үйге оралмай қала ма деп қорқамын!» – дейді ол. Сөйтсек, әлгі балғынның анасы дәрігер екен. Осынау хаттағы сәби сезімі аурумен арпалыстың алдыңғы шебінде жүрген ақ халатты абзал жандар қызметінің маңыздылығын айғақтап тұр.
Баршаға ортақ талап сол – мүмкіндігінше үйден шықпауға тырыс! Дүкенге, дәріханаға бетперде киіп шығыңыз, халық шоғырланған жерлерге бармаңыз, үйіңізді, үйдің кіреберісін тазалап отырыңыз, дене қызуы бар, жөтеліп жүрген адамдардан аулақ болыңыз – осының бәрі орындалуы қиынға соғар шаруа емес. Бар болғаны, қойылған талапты терең түсінікпен, жоғары жауапкершілікпен қабылдау керек. Ел болып жұмылсақ, аты жаман кеселді еңсереріміз күмәнсіз.
Рымбек СМАҒҰЛОВ,
«Қарқаралы» газетінің бас редакторы.