Тәртіп пен талап күшейді

Приозерск қаласында эпидемиологиялық жағдайды қадағалау қатаң қолға алынды. Мониторингтік топ мүшелері күн сайын қоғамдық және сауда орындарын, басқа да нысандарды аралап, тексеріп отыр. Бұл туралы Приозерск қалалық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы басшысы Гаухар ӨНЕРБЕКОВА мәлімдеді.

– Жыл басынан індетке қатысты 137 жағдай анықталды. Қаңтарда – 24 адам, ақпанда – 40 адам, наурызда – 63 адам тіркелген. Осы айда бүгінгі күнге дейін 17 жағдай белгілі болды. Қазіргі таңда емделу мен медициналық бақылауда 24 адам, жақын қарым қатынаста болған 44 адам үйлерге оқшауланды. Сондай-ақ, Приозерск қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері Covid-19 індетінің алдын алу мақсатында, жадынамаларды аялдамаларға жапсыру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындардың көшелерде санитарлық талаптарды сақтап жүріп-тұруы, аса қажеттілік болмаса сыртқа шықпауы, адамдар көп шоғырланған жерлерде қауіпсіздік шараларын сақтауды түсіндіру жұмыстары алдағы уақыттада жалғасады, – дейді Приозерск қалалық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы басшысы Гаухар Серікқызы.

Адам өміріне қауіп төндірген індет туралы күн сайын ескерту жасалып жатса да, қауіпсіздік шараларын сақтамайтындар бар. Мұндай заңсыздықтардың жолын кесу мақсатында шаралар қабылданған.

Нұрдос КӘРІМ,

ПРИОЗЕРСК қаласы.