Бәрекелді!

Түркістаннан олжалы оралды

Жақында Түркістанда қазақ тілі оқытушыларының арасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқау өткен еді. Сол байқаудан Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Динара ТӘРБИЕҚЫЗЫНЫҢ бағы жанып, бас жүлде иеленіп келді.

Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің бастамасымен өткен байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілді сапалы оқыту мақсатын жүзеге асырып жүрген үздік оқытушылардың жаңашыл әдіс-тәсілдерімен танысу, озық тәжірибелерін тарату, қазақ тілі оқытушыларының кәсіби беделі мен қоғамдағы мәртебесін арттыру. Иә, талаптары таудай ұйымдастырушылардың үдесінен шыққан жерлесіміз – тіл үйретудің инновациялық озық әдіс-тәсілдерді қолдану, бес деңгей бойынша тіл үйретудің қыр-сырын меңгерген мықты маман.

– Бұл жеңісті бірнеше жылдық еңбек, төккен маңдай термен келді деп есептеймін. Алдымен, осы байқауға қатысуға деген ниетімді мақұлдап, қолдау білдірген қалалық тілдерді дамыту орталығының басшысы Береке Жарылғаповаға, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғалия Тохметоваға шексіз алғысымды білдіремін. Ұйымдастырушылардың талабы таудай болды. Бар күш-жігерімді салдым. Байқауда түрлі кезеңдер бойынша сыналдық, – дейді байқау жеңімпазы.

Бірінші кезеңде дидактиканың, андрогогиканың мәселелері, ересектерді оқытудың әдіснамасы, шет тілдерін оқытудың әдіснамасы, үздік авторлық әдістемелер, оқыту технологиялары мен инновациялық әдіс-тәсілдер жайлы 25 сұрақ алдын-ала дайындалу үшін ұсынылды. Қатысушыға 25 сұрақтың екеуін таңдап алу мүмкіндігі беріліп, таңдалған 2 сұраққа дайындықсыз, толық жауап беру талабы қойылды. Ал, екінші кезеңде қа[1]тысушылардың А1 деңгейіне сәйкес келетін, тыңдаушылар саны 5-10 адамнан және өзге ұлт өкілдерінен тұратын, сабақ беріп жүрген тобы болуы қажет. Үшінші кезең. Мұнда қатысушы авторлық әдістемесіне сәйкес, сынама өткізіп жатқан тобымен 5 минуттан аспайтын сабағының фрагментін, яғни бейнесабақты әзірлеу. Осы топта оқытушының авторлық әдістемесі сынамадан өткізіледі, қатысушы байқаудың осы кезеңінде өзінің әдістемелік идеясы және оның тиімділігі, авторлық әдістемесінің ерекшелігі, классикалық әдістемеден айырмашылығы жайлы мәлімет беріп, қорғап шығу керек. Төртінші кезең. Оқытушы сынама топтағы тіл үйренушілеріне сөйлеу әрекетінің 4 түрі бойынша (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым) тапсырмаларды орындатады. Қатысушылар осы 4 кезең бойынша бақ сынасты. Мұның бәрін орындап шығу оңай шаруа емес. Алайда, байқауды ұйымдастырушылардың талапшылдығы қамшылапты жерлесімізді. Мұндай байқаулар қазақ тілі оқытушыларының мәртебесін өсіреді және мемлекеттік тілдің мерейін арттырады.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

САРАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button