Бас тақырыпЖаңалықтар

Түркістан облысындағы жағдай: Президент қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды

Мемлекет басшысына Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 5 жасар қыз баланың өлтірілгені жөніндегі қайғылы оқиға туралы мәлімет берілді.

Сурет aqorda.kz

Құқық қорғау органдары істі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Күдікті анықталды.

Қолда бар ақпарат бойынша, күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Биыл оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шығарылған.

Президент Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды. Мемлекет басшысы биыл шығарылған сот үкімінің заңдылығын қарастыру және адамға қатысты аса қауіпті қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту маңызды деп санайды.

Баланың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.

Айта кетейік, 13 шілде күні Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы (Черняевка) ауылында 2018 жылы туған қызды зорлап, артынша өлтіріп кеткен. 

– Жедел-іздестіру барысында полиция ауыл тұрғындарының бірінің үйінен дене жарақаты бар қыздың денесін тапты. Күдікті қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы (99-бап) бойынша іс қозғалып, тергеу басталды, – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Бейресми ақпараттарға қарағанда, жас қыздың өліміне күдікті анықталған соң ауыл тұрғындары наразылыққа шығып, күдіктіні халықтың қолына беруді талап еткен.

Ауыл адамдары жиналғанын полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Халық тынышталғанын, ауылды полиция бақылап тұрғанын айтты.

Ауыл тұрғындарының сөзіне қарағанда, Жібек жолы ауылында интернет ажыратылған. Түн ішінде осы ауылдағы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекаралық өткізу пункті жабылған.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button