Басты тақырыпРуханият

«Түркістан идеясы – Алашорда жетекшілерімен қабылданған ортақ шешім…»

     – Біртұтас Түркістан идея­сы – Мұстафа ШОҚАЙДЫҢ Еуропа елдерінде Қазақстан және өзге Орта Азия елдерінің Кеңес Одағынан тәуелсіздіктерін алуы туралы жар салып айтып жүрген маңызды идея­сы. Құнын жоймаған бұл пікір алғаш қашан және кімнен шықты? Бұл пікір Шоқайдың өзінің жеке пікірі ме? Әлде Әлихан БӨКЕЙХАН және өзге Алаш жетекшілері де қолдаған ортақ пікір ме? Біз осы баяндамамызда бұл сұрақтардың жауабын беруге тырысамыз. Сондай-ақ, қорытындыда айтатын сөзімізді қазірден айтайық: “Біртұтас Түркістан” идеясы Шоқайдың жеке пікірі емес, 1918 жылы Орынборда Алаш жетекшілерінің келіскен ортақ идея.

Алайда, алғашында Әлихан біртұтас Түркістан идеясын, әсіресе, өзбектермен одақтасуды қаламағаны ақиқат. Бөкейхан бұл турасындағы ойын, әсіресе, 1917 жылдың күзінде қорытындылап, Түркістан өлкесімен бірге ортақ жұмыстарға кіріспеу туралы пікірін орнықтырды. Оның ойынша, бұл ынтымақтастық өзбек қоғамына да, қазақ қоғамына да ешқандай пайда келтірмейтін еді.

Оның мұндай қорытындыға келуінде үш себеп бар еді:

1. Екі ел де қараңғы еді. Бұл тұрғыда ол былай дейді: “Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы болса, Түркістан халқының қараңғылығы һәм шебер адамының жоқтығы бізден он есе артық. Қазақ Түркістанмен бір автономия болса, автономия арбасына түйе мен есекті пар жеккен болады. Бұл арбаға мініп біз қайда барамыз”.

Бөкейхан Түркістан аймағынан гөрі Сібірмен одақтасуды жақтады. Сөйтіп, қазақтардың білімді кадр тапшылығының орнын Сібірдің сауатты халқының көмегімен толтықтыруды көздеді.

2. Бөкейханды Түркістан аймағында ескішілдік пен діни фанатизмнің басым болуы және халықтың дүмше молдалардың шылауында жүруі ойландыратын. Осы себепті оның ойынша, “Түркістан өкіметі мен Алашорда Өкіметінің бірлесуі екі соқырдың қол ұстасып, жолға шығуы” деген сөз еді.

3. Әлихан, сондай-ақ, Түркістан мен Алашорда өкіметтері бірлесе қалған жағдайда, биліктің ескішіл күштердің қолына өтуінен сескенетін. Өйткені, өзбектер арасында діни фанатизмдері күшті орта барынан құлағдар еді. Ташкенттегі оқиғалар мен Шоқайдың басынан өткендер – бұған дәлел бола алады.

Әбдіуақап ҚАРА,

Түркиядағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button