Жаңалықтар

Түркі әлемінің тұңғышы

Әр ұлт өзінің біртуар азаматтарымен, батырларымен мақтанады. Сондай мақтанатын, мақтан ететін нағыз батырымыз, ол – Тоқтар ӘУБӘКІРОВ.

Тоқтар Оңғарбайұлының кезінде МИГ-29 реактивті ұшағын авиатасушы крейсердің палубасына асқан шеберлікпен қондырған ерлігі, ал оған дейін әуе кеңістігінде ұшағына екі рет жанармай құю арқылы солтүстік полюске ұшып барған ерлігі бізге аңыз болып жетті. Осындай ерліктері үшін Кеңес Одағының батыры атанған даңқты бауырымызды, көрегендігі болар, Қарағанды облысына шақырып, жастармен тұңғыш кездестірген сол кездегі пединституттың ректоры Сұлтан Қапарұлы Досмағамбетов болатын. Жас батырды туған жерде түлетіп, көптеген кездесулер ұйымдастырды, Тоқаң жайлы газеттерге жазылып, телеарналардан көрсетілді. Осы кезден бастап, мен бір жағы қызмет бабымен, екіншіден туған бауырымдай көркем мінезімен тәнті еткен Тоқаңмен жиі араластым десем болады.

Ал, бірінші президентіміз – Елбасы Н.Назарбаев СССР-дің 72-ші космонавты, Кеңес Одағының батыры Тоқтар Әубәкіровті «түркі жұртының тұңғышы болып, ғарышты бағындыруың керек» деп, елге шақырғаннан кейін, Тоқаңның ғарышқа ұшқандағы халықтың шексіз қуанышы, ерекше сезімін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді, ұлан-асыр той дүбірі бүкіл қазақ даласын дүрілдеткені мәңгі көз алдымда. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының қолқалап, қолдауымен ғарышқа жолы ашылғанын Тоқаң өзі де үнемі айтып жүреді. Қазақ деген халықтың атын айдай әлемге танытып, Тоқтар Оңғарбайұлының ғарыш кеңістігін бағындырған ерлігіне биыл күзде Тәуелсіздігімізбен қатар 30 жыл толатынын да ұмытпауымыз керек.

Ресейде ұзақ жылдар қызмет етіп, ғарыштан космонавт болып оралғаннан кейін, батырдың ең бірінші халықпен кездесулері, әрине Қарағанды облысынан басталғанда қасында жүрдім. Менің байқағаным, ол кісінің халыққа деген махаббатының шексіздігі. Айта кететін бір жайт М.Мамыраев атындағы шағын ауылдан үш бірдей батырдың шыққаны белгілі, ол біздің Тоқаң, Мартбек Мамыраев және Еңбек Ері Нұрбақыт Қабдыкәрімова.

Тоқаң шуақ шашқан жылы жүзі, атақ-даңқы қандай жоғары болса, соншалықты қарапайымдығы, кісілердің бәрімен мейірімді жүзбен қауышып, үлкендерге ілтипатпен қолын беріп, басын иіп амандасатын кісілік қалпымен әр жүректің төрінен берік орын алды. Батырдың жымиған күлкісінің өзі тым ерекше ғой. Әр адамға көңіл бөліп, қай-қайсына да айтатын бір жылы сөз табады, сол көркем мінезі ешқашан өзгерген емес. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қағиданы мен осы батыр бауырымнан көріп, тәнті болып келемін.

Тағы бір атап өтетінім Тоқаңның адалдығы, ашық айтып, әділдікті қалайтын таза жүрегі, дәрежесі жоғары екен деп ешкімнің алдында бас имейтін батылдығы, алмас қылыштай өткірлігі.

Тоқаң біздің ұйымдастыратын кездесулерімізсіз де кең танымал, атағы жер жарып тұр ғой, ал бізде осындай жаннан жастар үлгі алса екен, батырдың азаматтығы, принципшілдігінен үлгі алса, сол асыл қасиеттерді бойларына дарытса екен деген мақсат болды. Тоқаңның алғаш ғарышқа ұшқанына бір жыл толғанда біз Қарағандыда осы тарихи оқиғаға арнап, республикалық, халық аралық деуге де болады, айтыс өткіздік. Сонда Тоқаңның өзі арнайы келіп, риза болғаны, айтыскерлерге тілегін айтып, әрқайсын қанаттандырғанына куә болдым. Сол айтыстың бірінші жүлдесін алған ақын Баянғали Әлімжанов үнемі «көптеген айтыстарға қатысып, жүлде алып жүрмін ғой, бірақ Қарағандыдағы Кеншілердің мәдениет сарайындағы сол айтыс, ондағы жеткен жеңісім мен үшін айрықша қымбат» деп айтып жүрді. Біз мәдениет сарайының сахнасына ақбоз атты алып шығып, оны Тоқаңның өзі тапсырған болатын. Сонда Тоқаң аса бір ризашылық сезімде айтыскерлерге құрмет көрсетті.

Тоқаң Қарағандыға келгенде жастар – мен арнайы кездесіп, Талғат Бигелдинов атындағы мектепте, басқа да оқу орын – дарында жастардың жүрегіне әр сөзін жеткізе білетіні, азаматтық пен көркем мінезді қалай қалыптастыру керегін айтып, ұлтына деген махаббатың басым болсын деп, жастарға өсиет айтатын. «Офицерлер өзінің адалдығын жеткізу үшін «Честь имею!» дейді ғой, міне Отанға адалдықтарың офицердікіндей болсын, ұлтқа қызметті басты ұстаным етіп алыңдар дегенінде жастардың көздері жанып, Тоқаңа қарап, шіркін, мен де осындай болсам деп, жігерленіп тұратын.

Қарағандыда өткен үлкен концерттік бағдарламада біздің жақсы музыканткомпозитор Кагенов деген азамат Олжас Сүлейменовтің «Земля, поклонись человеку!» деген поэмасы бойынша, симфониялық шығарма жазды. Соған арнайы келіп қатысқан Тоқаң шығар – машылық топқа алғыс айтып, қатты риза болды. Тоқаңның бір ерекшелігі ауылда туып өскен, ауыл мектебінде білім алған, сол туған жерге деген махаббаты ерекше, елге деген құрметі өзгеше және ол ешқашан да ортаймайды.Тоқаңның екі мәрте батыр Талғат Бигелдиновті пір тұтқанын білемін, сол кісіні облысқа арнайы алып келіп, оның ішінде туған жері Мартбек Мамыраев ауылына апарып, сонда ашылған музейді аралатып, халықпен, үлкендермен кездестіріп, Қоянды жәрмеңкесінің орны сияқты тарихи орынға апарып қайтқаны да естен кетпес сапар болып еді.

Тағы бірде Еңбек Ері Нұрбақыт Қабдыкәрімованың 60 жасқа толған мерейтойы Қарқаралыда, Мәдениет сарайында өтіп жатыр, Тоқаң келуі керек еді, бірақ келе алмайтын болды, «ол кісі Мәскеуде» деген хабар жетті. Бір сәтте салтанатты шара орта шеніне жетіп қалғанда, залға маңдайы жарқырап Тоқаң кіріп келгенде, сахнада отырған Нұрбақыттың көзінен жас ыршып кетті, батыр қызымыздың түрін көргенде бәріміз де көңіліміз босады. Бұл әрине, қуаныштың көз жасы еді. Нұрбақыттың ризалығында шек жоқ, сөйтсек, Тоқаң Мәскеуден Астанаға ұшып келіп, күннің ақтүтек боранына, жолдың қиындығына қарамай, көлікке отыра салып, батыр қарындасын құттықтауға, алып-ұшып жеткен ғой.

Теміртауда тұратын нағашы әпкесі мен жездесі Нығмет Қыстаубаевқа деген Тоқаңның ерекше бір ризашылық сезімін байқағаным, сол Нығмет жездесінің отбасына қолынан келген көмегін көрсетіп, жағдай жасап, балаларына жағдай туғызып, жездесін кереметтей құрметтеді. Қай жерде кездесу болса, сол жерден қалдырмай, төрге шығаратын. Қарағанды облысы ғана емес, басқа аймақтарға апарып, елдің құрметін көрсетіп, шынайы сезіммен, туысқандық мейірімін аямайтын. Бұл сол кісілердің еңбегін ақтағаны, Нығмет ақсақалға білдірген ризашылығы деп ойлаймын. Отбасының ешбір қызық қуанышынан шет қалмайтын.

Осыдан 5 жыл бұрын өзінің 70 жасқа толған мерейтойының аясында Қарағандыда Тоқаңа деген айрықша құрметті ғарышқа бірге ұшқан экипажынан көрдім. Мәскеуден, Австриядан басқа да елдерден барлығы 15 шақты адам келді ғой, сонда оның ішінде бірге ұшқан экипаж толық құрамымен болды, барлығының Тоқаңа деген құрметі, ол кісі туралы небір игі тілек, жақсы лебіздерді айтып жеткізе алмай тұрған риясыз пейіл көңілдері, жарыса айтқан шынайы сөздері біздің мәртебемізді өсірген болатын.

Түркі әлемінің тұңғышы атанған батыр бауырымыздың кісілік келбеті мен жан жүрегінің ұлтына деген шексіз мейірім шуағы баршамызға ортақтығымен қымбат. Жанымыздай жақсы көретін асыл азамат аман болсын әрдайым деймін!

Рымбала ОМАРБЕКОВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Басқа материалдар

Back to top button