Спорт

Төрге оздырған 4000 алтын

Биыл Қарағанды облысының спортшылары үшін нәтижелі һәм берекелі болды. Саңлақтар аймақтың ғана емес, халықаралық деңгейде бүтін бір елдің намысын абыроймен қорғап берді. Қоржын медальға толды. 33 159 спортшы түрлі деңгейдегі 996 додаға қатысып, 13 927 медаль алыпты. Соның 4 494-і – алтын. Айшықты жеңістерімізге тоқтала кетейік.

Сурет: Olympic.kz сайтынан

Ел бойынша үздік

Былтыр Қарағанды облысы «Үздік спорт аймағы» болған еді. Биыл бұл атақ Алматыға бұйырды. Осы жылы да сол қатардан алшақтамадық. Республика бойынша «Үздік аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі» марапатын Бұқар жырау ауданы еншіледі. Бұл марапат Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен салтанатты шарада табысталды. Мұнда аудандық бөлім қызметкерлерінің, соның ішінде нұсқаушылардың, бапкерлердің және спортшылардың еселі еңбегі еленді. Ауданда жалпы саны 114 спорттық нысан болған. Осы жылы 13 бірлікке көбейді. Әсіресе, халық жаппай айналыса бастаған Street Workout алаңдары салынды. Көпфункционалды хоккей корты да тұрғындардың игілігіне берілді.

Облыс VI жазғы спартакиадада жалпы командалық есепте III орын алды. Осы додада 122 медальді қанжығалаппыз. Соның 45-і – алтын, 32-сі – күміс, 45-і – қола. Дәл осы нәтиже үшін салтанатты жиында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Аблаев та министр Ермек Маржықпаевтің қолынан марапат алды.

Гуанчжоудан олжа

Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен XIX Азия ойындарында да қарағандылықтар ел мерейін үстем еткен еді. 25 жастағы Данил Мұсабаев батут гимнастикасында күміс алды. Қазақстан бұрынсоңды осы спорт түрінен жүлделі болмаған екен. Жерлесіміз байрақты бәсекеде тарихи жеңіске жетті. Ал, 22 жастағы Кирилл Тубаев байдарка ескек есуден қоланы иеленді. Синхронды жүзуде Арина Пушкина мен Ясмин Тұяқова жарады. Суда балықша жүзген спортшыларымыз Ұлттық құраманың қоржынын бір қола медальмен толтырды.

Паралимпиадашылар да қуантты. Азия пара ойындарында ядро лақтырушы атлет Дастан Мұқышев пен жүзуші Диас Кенжебек қоржынға екі алтын салды. Дастан Мұқышев алтын алып қана қоймай, Азия ойындарының рекордын жаңартты. Ол ядроны 15,74 метрге лақтырған. Осы жеңісінің арқасында 2024 жылы Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама алды. Жүзуші – Наталья Звягинцева және Роман Потапов, дзюдошы – Даяна Федосова мен шахматшы Әлімжан Аяпов қола медальді қанжығалады. Он тоғыз жастағы Диас Кенжебек Азия пара ойындарында алтын алып, екі рекорд орнатты. Олимпиадалық лицензия үшін оған тек бір секунд қана жетпей қалған еді.

Тарихи жеңіс

Біріккен Араб Әмірлігінің Рас-эль-Хайм қаласында шағын футболдан өткен әлем чемпионатында Қазақстан Ұлттық құрамасы II орын алды. Бұны – тарихи жеңіс деуге толық негіз бар. Өйткені, әлем чемпионатында еліміз күміс алмақ түгілі, плэйофқа да шықпаған. Негізгі жаңалық мынада: Ұлттық құраманың сапын қарағандылық спортшылар толықтырды. Яғни, Арқаның намысын қорғап жүрген «Биосфера» шағын футбол клубының қырандары. Айта кетсек, бұған дейін ел құрамасы 2015, 2017 жылдары әлем чемпионатынан ХІ орын иеленген еді. Жерлестеріміз әлемдік аренада фаворит саналатын Мексика, Чехия, Әзірбайжан құрамаларын жеңіп, айды аспанға шығарды.

Қазақстан спортының деңгейін көрсетті

16 жасар қарағандылық Алан Кұрманғалиев Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) жаңартқан рейтингінде V орынға көтерілді.   Жерлесіміз Португалияның Вила-Реал қаласында өткен «WTT Youth Contender» турнирінде 17 жасар спортшылар арасындағы бәсекеде және 19 жасар спортшылар арасындағы бәсекеде алтын медаль жеңіп алған болатын. Бұған дейін Алан 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында – Х орында, 19 жасқа дейінгілер арасындағы рейтингте – ХХІІ орында тұрған. Елдің даңқын асқақтатқан жерлесімізді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтаған еді.

Гиннес рекордтар кітабына енген 7 рекорд

Шахтинск қаласының тумалары Руслан Фатахов пен Дмитрий Именченков стритлифтингтен өткен әлем чемпионатында 5 алтын медальға қол жеткізді. Медальдардың төртеуін Руслан Фатахов салды және Гиннес рекордтар кітабына 7 рекорды енді.

Жерлесіміз, жаһан жұртына Қазақстанды ғана емес, Қарағанды мен Майқұдықты таныстырған, кәсіпқой бокс жанкүйерінің сүйікті боксшысы Геннадий Головкин әлі өз биігінде. Спорттағы жолын Қарағандыда бастаған Шавкат Рахмоновтың жұлдызы жарқырап келеді.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button