Қарағанды

Тәрбиешінің жүгі жеңіл емес

Тәрбиеші мамандығының қызығы мен қиындығын бала ортасында жүрген жан ғана түсіне алады.

Жер бетінде тәрбиеші алдын көрмеген адам кем де кем. Мен өз бүлдіршіндерімді жақсы көремін. Өйткені, мен үшін бала – тазалық пен пәктіктің, шынайылық пен туралықтың айнасы. Олар қуанса шын қуанып, шын ренжи біледі. Жаны жақсылыққа құмар, арманшыл болады. Тәрбиеші мамандығының киесі де, қиындығы да осы періштелерді қалтарысы мен бұлтарысы көп үлкен өмірге даярлау. Жасыратыны жоқ, осы мамандықты таңдаған жандардың көбі – кәсібіне көңілі толмайтындығын айтады. Ал, мамандығын өзгертетіндер сирек. Оның себебі, сүйкімді балалардың киелі ортасы тәрбиешіні нәзік жіппен өзіне байланыстырып қойғандай. Жасөспірімдерді тәрбиелеуде ерекше қабілет пен асқан біліктілік, балаға деген сүйіспеншілік қажет. Қандай білім беру саласында болмасын әр жұмыстың тартымды, сәтті шығуы тәрбиешінің бала назарын еріксіз оқу іс-әрекетіне аударту, баламен оқу іс-әрекеті үстіндегі әрбір қарым-қатынасты шебер ұйымдастыра білуіне байланысты екеніне көзім жетіп жүр. Көбінесе жұмысымның негізгі бөлімдерімен қоса ұйымдастыру бөлімінде өткізілетін сергіту сәттерінің алар орны ерекше. Мысалы: «Әуенді шапалақ», «қорбаңдаған аю», «бала-бала балақан», «гуси-гуси га-га-га», «ұзын мұртты құмырсқа», «тербеледі ағаштар» тренингтерінде тәрбиеленушілерім ерекше көңіл күйге бөленеді. Ал мерекелік іс-шараларда «Шалқан», «Қасқыр мен жеті лақ», «Бауырсақ» ертегілерін сахналағанда түрлі рөлге енемін, бірде аю, бірде қоян, бірде сыйқыршы, бірде әжеге айналғанда балапандарымның қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Педагогикалық шеберліктің мәні алдымен қызықтыру, сонан соң үйрету деген тұжырымдаманы негізге аламын. Бұл балалардың өзіне деген сенімін арттырып, оқу іс-әрекеттеріне деген тұрақты зейін қалыптастыруға, қызығушылығын оятуға жағдай туғызады. Тәрбиешінің мақсаты – тәрбие беру. Адамның жаны мен тәні қашанда тәрбиеге мұқтаж екендігін ескерсек, тәрбиеші жүгі жеңіл емес. Балабақшада дұрыс тәлім-тәрбие бере алсақ, ол ертең мектепке барып саналы түрде сапалы білім алуға тырысады. Соның нәтижесінде елін сүйген азамат болып шығады. «Ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер,он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз,ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле» деген даналық бар. Баланың ой-өрісін дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлықтарының молаюына біздің тәрбиешілердің сіңірер еңбегі орасан.

Нұржанат ӘДІЛОВА,

«Қарлығаш» балабақшасының тәрбиешісі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button