Тәрбиемен ұштасқан білім
Жаһандық даму технократтық тұлғалардың көбеюіне ықпал етіп жатқандықтан, рухани толысқан тұлғалар қалыптастыру білім берудің маңызды міндетіне айналуды. Мектеп қоғамдастық құндылықтары мен қағидаттарына негізделген мәдениет пен дүниетанымды қалыптастыратыны анық.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда жеке тұлғаны ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеуде мына мақсаттарды негізге алдым: патриот азамат тәрбиелеу; жалпыадамзаттық негіздер мен құндылықтарды құрайтын саналы көзқарас пен ұстаным қалыптастыру; ҚР азаматын тәрбиелеудің үлгісіне сәйкес этнопедагогика, этнопсихоголия, этномәдениетті негізге алу; оқушыларды табысты іс-әрекетте бағыттау, олардың шығармашылығы мен білімқұмарлығын дамыту, қолдау. Осы мақсат аясында әзірленген оқу тапсырмаларын қарастырып көрейік.
«Құрмет және Сүйіспеншілік» құндылықтарына бағытталған оқу тапсырмалары
Қазақ тілі. 7-сынып. Тақырып: Сүйіспеншілік – жаны ашу, аяушылық.
Оқу мақсаты: 7.3.1.1 әртүрлі жанрдағы мәтіндерді жазу үшін құрылымын ескере отырып, күрделі жоспар құру.
Жазылымалды тапсырма: Өзіңіз оқитын мектеп «Құрмет көрсету» айында түрлі шаралар ұйымдастырып жатыр. Сізге осы айлықта сұхбат, нұсқаулық, эссе жазу жұмысы ұсынылды. Жұмысыңызға шолу жасап көріңіз.
Жазылым тапсырмасы: Берілген жазба жұмыстарының құрылымын ескере отырып, күрделі жоспар құрыңыз.
1-топ. «Үлкенге қалай құрмет көрсетуге болады?» деген тақырыпта төменгі сынып оқушыларынан алатын сұхбат мәтінінің үлгі-жоспарын жазыңыз.
2-топ. «Өзгеге жасаған ізетің, өзіңе жасаған құрметің» деген тақырыптағы нұсқаулық мәтінінің жоспарын жазыңыз.
3-топ. «Құрмет етсең, құрмет көрерсің» тақырыбында жазатын эссе жұмысының жоспарын ұсыныңыз.
Қорытындылай келе, құндылықтар негізінде білім беру пәндік сабақтарға жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды кіріктіруге, сабақтың сапасын арттыруға көмектеседі. Құндылықтар негізінде білім беру мұғалімдерге жаңа ғасыр ұрпағының ерекшеліктерімен танысуға және олармен өзара берік қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді. Білім мен тәрбие құстың қос қанатындай, қатар алып ұшса ғана биікке самғайды. «Оқытудағы мақсат жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру» деп Міржақып Дулатұлы айтқандай, білімді тәрбиемен ұштастыру, өскелең ұрпақтың қызығушылығын ескере отырып, адами құндылықтардың салмағын сақтап қалу – мұғалімге жүктелетін басты міндет.
Гүлзира ӘКІМБЕКОВА,
Н.Нұрмақов атындағы
мамандандырылған
мектеп-лицей-интернаты