Жаңалықтар

Тұрақтылық – тұғырымыз

    Рухани сергектік салтанат құрған елде – рух бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы барша қазақстандықтар үшін соны серпін, тың серпіліс әкелгенін ерекше мақтанышпен айта аламыз. Бұл мақалада қазақ дейтін ұлы халықтың рухани мүддесі ғана емес, қазақстандық біртұтас ұлт қалыптастырудың алғышарттары қамтылған. Яғни, елінің тарихы, жерінің игілігі ортақ, тарихи тағдыр тамырластырған барлық этностардың рухани мүмкіндігі сараланған. Бұл игілік – Елбасы саясатының әуелден-ақ өзегі еді.

Қазақ пен татар – бауырлас ұлт. Қазақ халқының «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген мақалы – татар халқына да ортақ. Осы ұстанымды ұран еткен бабаларымыз салып кеткен достықтың дара жолын біздер жарасымды жалғастырып келеміз. Бейбітшілік пен ұлы достықтың алтын бесігіне айналған Қазақстанды мекен еткен жүздеген ұлт пен ұлыс өкілдері Елбасының ынтымақты байрақ еткен ымырашыл саясатын қолдайды. Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан жүйелі түрде ұйымдастырылып келе жатқан маңызды шаралар тарих табыстырған біздерді рухани тұрғыдан жақындата түсіп, ынтымағымызды нығайтуда.

Жақын күндері Астана төрінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбындағы мерейтойлық XXV сессиясы салтанат құрады. Аталмыш жиынның түпкі мәмілесі бірлік пен рухани келісім болары да сөзсіз. Ал, бірлік пен келісімнің маңызы салмақталған жиынның этномәдени бірлестіктер жұмысына жаңа леп, тың серпін беретіні айдан анық.

Бүгінгі таңда әлем елдерінің біразы ішкі тұрақсыздықтың зардабын тартып отыр. Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында «Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді» деп атап өтті. Бұл – біздің Қазақстанның сипаты. Жасыратыны жоқ, терроризм жаһандық проблемаға айналып отыр. Осынау қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін Елбасы атап өткендей, біртұтас халық болып татулықты сақтау маңызды. Осы мақсатта Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы жанынан құрылған барлық этномәдени бірлестіктер Елбасы Жолдауы мен күні кеше ғана жариялаған бағдарламалық мақаласының маңыздылығын насихаттау жұмыстарына құлшына кірісіп кетті.

Біздің бірлестік «Идел» татар және татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталықтарының Қауымдастығы» Қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалы ретінде 2012 жылы ресми тіркеуден өтті. Бірлестік жанында хореографиялық ұжым, татар халқының ана тілі мен салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын оқытып, үйрететін демалыс мектебі жұмыс істейді. «Идел» бірлестігінің шығармашылық ұжымдары қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі іс-шаралардан қалыс қалып көрген жоқ. Сондай-ақ, облыстың қоғамдық өміріне белсене атсалысып, өзімізден басқа этностардың рухани құндылықтарын насихаттауда да белсенділік танытып келеді.

Біздер Елбасының өзімізге деген ерекше қамқорлық пейілін жан-тәнімізбен сезініп қана қоймай, елдегі рухани келісім қаймағының бұзылмауына қызмет етуге дайынбыз. Өйткені, тұрақтылық – тұғырымыз! Біз үшін одан асқан құндылық жоқ.

Суфия САТРЕТДИНОВА,

«Идел» татар және татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталықтарының

Қауымдастығы» ҚБ Қарағанды

облыстық филиалының төрағасы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button