Білім

Тұрақтылық – даму кепілі

Әбілқас Сағынов атындағы Қа­рағанды техникалық университетінде Рухани келісім күніне орай студенттермен кездесу өтті. Облыс­тың дін істері жөніндегі басқарма ұйымдастырған шара жастардың діни сауаттылығын арттыруға ба­ғытталған.

Студенттер абайламай жүріп, дәстүрлі емес діннің түрлі айла-амалдарына бой алдырып қоятыны жасырын емес. Ал, цифрлық технология заманында интернетте, әлеуметтік желіде шындық пен өтіріктің аражігін ажырату қиын. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысындағы филиалының директоры Серікжан Байбосынов сыни тұрғыдан ойлауды үйрену және жалған ақпаратты қалай ажыратуға болатынын айтып, тарқатып берді.

– Соңғы уақытта қоғамда түрлі, түсініксіз мәселелер туындап жатыр. Ғаламторда жалған ақпарат көп. Жастар сенеді, анығын білмейді. Біз үшін жастардың өтірік ақпаратқа сенбеуі, соны сараптай білуі аса маңызды, – дейді Серікжан Байбосынов.

Мамандар сенімді және ресми ақпаратқа сену керектігін алға тартып отыр. Ал, қоғамда резонанс тудыратын жаңалықтардың байыбына бару қашанда өзекті. Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Жанболат Сектайдың айтуынша, жастармен мұндай кездесулердің маңызы зор және оларға жалған діни ағымдарға бой алдырмауды түсіндіру – басты мақсат.

– Кездесу Рухани келісім күніне арналды. Басқарманың басты міндеттерінің бірі – конфессияаралық келісімді және мемлекетіміздің зайырлылық қағидаттарын нығайту. Жастарымыз радикалды идеологияға қатыс­ты жан-жақты білімді болуы шарт. Спикерлерді арнайы шақырдық. Осы арқылы жастардың ойында жүрген сұрақтарға жауап тауып бергіміз келді, – деді дін істері жөніндегі басқарма басшысы Жанболат Сектай.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті оқытушыларының айтуынша, студенттерге барлық дінге құрметпен қарау керектігі үнемі насихатталады. Ал, елімізде ұлт­аралық достық қашанда маңызды.

Кездесуде отансүйгіштікке баулу тақырыбы да кеңінен қозғалды. Спикерлер 150 студентке тәрбиелік мәні бар дәріс оқыды.

– Біз бұл кездесуден көп ой түйдік. Дін деген өте нәзік әлем екен. Оны ғаламтордан тыңдап, қорытынды шығару қате екен. Патриотизм мен салт-дәстүрді сақтап, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетіп, бабалардың жолымен жүру дұрыс деген тоқтамға келдім. Алдымен, ұлттық құндылықтарды бойға сіңіріп, ұят, обал, сауап дейтін адамгершілік қағидаттарын меңгермей, дін шырмауына түскен жастарға тура жол көрсетуге осындай шаралар таптырмас мүмкіндік. Жиірек өткізілсе құба-құп болар еді, – дейді студенттер.

Дүниеде түрлі дүрбелең орын алып жатқан шақта етек-жеңімізді жиып, ішкі тәртіпке баса назар аудару аса маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстарға тұтас қоғам болып атсалысып, жастарымызға тура жол көрсетсек, ертең өкінбесіміз анық. Сондықтан, елдің ертеңіне бейжай қарамай, әрекетті бүгіннен бастайық.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button