Жаңалықтар

Тұрақты даму, нақты нәтиже

Шет ауданында өткен жылы нақты сектор саласында 145 млрд 804 млн теңгенің өнімі өндіріліп, жоспар 110 пайызға орындалды. Биылға 140 млрд теңгенің өнімін өндіру жоспары белгіленіп отыр. Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларының орындалысы және алда тұрған міндеттер турасында тоқталды.

Инфографиканы жасаған А.Рахымжан

Былтыр негізгі капиталға аудан аумағындағы ірі кәсіпорындар мен орта және шағын бизнес саласынан 107 млрд теңгенің инвес­тициясы құйылған. Жыл соңына дейін 20 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту межеленуде. Тұрғын үй саласында өткен жылы 11 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар 148 пайызға орындалды. Биылғы жоспарға берілген 9 мың шаршы метр тұрғын үй, бюджет қаржысына салынатын арендалық және жекеменшік құрылысы арқылы тапсырылатын болады. Аудан бойынша өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлік саласында 81 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Жыл соңына дейін айтулы салада өндірілген өнім мен көрсетілетін қызмет көлемін 83 млрд теңгеге жеткізу межеленуде.

Аудан экономикасын арттырудағы негізгі бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы саласы. 2024 жылдың қорытындысымен өндірілген өнім көлемі 63 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде, былтыр аудан аумағындағы шаруа қожалықтары әр түрлі жеңілдетілген несие көздерінен 2 млрд теңге қаржы алып, оған 194 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары мен 261 шетелдік әрі отандық асыл тұқымды ауыл шаруашылығы жануарлары сатып алынды. Сонымен бірге, суармалы егістікті айналымға енгізу бағытында 870 млн теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.

Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 838 млн теңге қаржы бөлініп, ол 5 елдімекеннің ішкі көше жолдарын орташа жөндеуге бағытталды. Биыл айтулы бағдарлама аясында рес­публикалық бюджеттен 690 млн теңге бөлінді. Оның 300 млн теңгесін Ақсу-Аюлы ауылына жабық бассейн ғимаратын салуға және қалған 390 млн теңге қаржыны Красная Поляна ауылындағы су құбыры желілерін қайта жаңартуға бағытталмақ. Ал, «Өңірлерді дамыту» атты 2020-2025 жылдарға арналған бағдарлама аясында ұлттық қордан 2023 жылы 2 млрд 400 млн теңге қаржы қарастырылып, ауданның 7 елдімекенінде орталықтандырылған су жүйесінің құрылысы басталған болатын. Былтыр облыстық бюджеттен қосымша 447 млн теңге бөлініп, айтулы құрылыс жұмыстары 5 елдімекенде толықтай аяқталды. Қалған 2 ауыл ағымдағы жылы орталықтандырылған су жүйесіне қосылмақ.

– 2024 жылы коммуналдық салаға жалпы 2 млрд 500 млн теңге қаржы қаралды. Оның ішінде, облыстық және аудандық бюджеттерден қарастырылған 821 млн теңгесіне 8 елдімекеннің ішкі көше жолдарына орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. Облыстық трансферт есебінен берілген 348 млн теңгеге 2 елдімекеннің жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, аудандық бюджеттен қаралған 236 млн теңге көшелерді жарықтандыруға бағытталып, ауданның 6 елдімекенінде жалпы саны 588 жарық нүктелері жаңадан орнатылды. Биыл ауданға қарасты елдімекендердің ішкі көшелеріне сұраныс бойынша жарық шамдарын орнату үшін 184 млн теңге қаржы бөлініп отыр, – деп хабарлады аудан әкімі.

Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша өткен жылы халық саны 200-ден төмен 11 елдімекенге облыстық бюджеттен 250 млн теңге трансферт және 1 елдімекенге жергілікті бюджеттен 30 млн теңге қаражат қарастырылып, ұңғыма бұрғылау жұмыстары арқылы кешенді блок модульдері орнатылды. Биыл да дәл осындай кешенді блок модульдерін 8 ауылға орнату үшін жергілікті бюджеттен 240 млн теңге қаржы қарастырылды. Бұл жұмыстардың толықтай аяқталуы аудан елдімекендеріндегі тұрғындарды 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өткен жылғы қол жеткізген үлкен жетістіктердің сап басында халықты баспанамен қамту мәселесін шешу болып тұр. Себебі, былтыр республикалық бюджеттен 67 млн облыстық бюджеттен – 164 млн және «Самұрық – Қазына» акционерлік қоғамынан 2 млрд 530 млн теңге бөлініп, оған 178 таунхаус үйлер салынып, сатып алынған болатын. Мемлекеттік бағдарлама аясында 24 пәтерлі 3 қабатты тұрғын үй салынып, толықтай аяқталды. Осыған орай, үй кезегінде тұрған көпбалалы және әлеуметтік әлсіз топ санатындағы 202 отбасына жаңа жыл қарсаңында тұрғын үйлердің кілттері табыс етілді.

Келесі кезекте халықты жұмыспен қамту бағыты бойынша ауданда қазіргі таңда жұмыссыздық деңгейі 3 пайызға дейін төмендеп отыр. Өткен жылдан бастап, аудандағы мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін «Инватакси» қызметі іске қосылып, оған жергілікті бюджеттен 10 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге дейін бұл қызмет түрін екі елдімекенде 13 адам пайдаланып келеді.

– Жалпылай алғанда сіздерге 2024 жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарымыздың негізгілерін атап көрсеттім. Биыл да ел игілігіне арналған межелі мақсаттарымыз бен жүйелі жоспарларымыз тұр. Олардың барлығы да жұмыс барысында қайта сараланып, өзгеріске түсіп отыратыны белгілі. Басты мақсат – қазыналы өңіріміз бен ажарлы ауданымыздың дамуына қызмет жасап, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын жақсарту болмақ, – деп тұжырды сөзін Мұхит Сайлауұлы.

Брифинг соңында спикер журналистер сұрақтарына жауап берді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button