Тұрғындар тілегі – назарда
Қарағанды қаласынан 550 шақырым қашықтықта орналасқан бұрынғы облыс орталығы Жезқазған қаласында бүгінде 100 мыңға жуық халық тұрады. Қазіргі уақытта қала тұрғындарын ерекше толғандырып, олардың арыз-шағымдарына арқау болып отырған көкейкесті мәселенің бірі – сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілу жайы. Жуырда ҚР Парламенті Сенатының бір топ депутаты осынау өзекті мәселені Сенат отырысында көтеріп, Премьер-Министр Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады.
– Сонау Кеңес заманынан бері кермек судың дәмін татып, азабын арқалап келе жатқан жезқазғандықтардың осынау түйткілді мәселесінің түйінін тарқатудың жолдары көптен қарастырылып келе жатыр. Алайда түбегейлі нәтижеге қол жеткізудің сәті түспей, сағызша созылғанына бірталай жылдың жүзі болды, – дейді салмақты сауалды Парламент Сенатының биылғы жылғы 26 қыркүйектегі отырысында жария еткен депутат Рысқали Әбдікеров. – Күн тәртібіндегі күрделі мәселені шешу мақсатындағы мейлінше тиімді қадам – Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен 2010 жылы жүзеге асырылуы қолға алынған, жалпы жобалық-сметалық құны 6 млрд. теңгеге жуық қаражатты құрайтын «Есқұла» тораптық су өткізгішінің құрылыс жұмыстарын жүйелі жүргізу болатын. Алайда, құрылыс-монтаж жұмыстары іс үстіндегі кеніштің құлау аймағына тап келуіне байланысты 2012 жылдың желтоқсан айында тоқтатылған. Тиісінше, тораптық су өткізгіш жобасына қажетті түзетулер енгізілді, соған орай, су жолының көлемі ұзарып, оның сметалық құны қосымша 1 млрд. 100 млн. теңгеге ұлғайған.
Рысқали Қалиақпарұлының мәлімдеуінше, жобаға иелік етуші Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары жөніндегі комитеті «жыры» көбейген су өткізгіш құрылысын 2014 жылы қайта жандандырып, 2017 жылы толық аяқтауды жоспарлаған еді. Бірақ, жүргізіліп жатқан сот рәсімдеріне сәйкес, жобаны аяқтау мерзімі 2018 жылға қалдырылған болатын. Кейінгі кезде осы жайтқа қатысты белгісіздік белең алғаны анық.
Бүгінгі күні игерілген қаржы көлемі 5 млрд. 164 млн. теңгені құрап отыр. Ал, атқарылуы тиіс жұмыс көлемі әлі де жетіп артылады.
Жезқазғандықтардың тілегін Үкімет басшысына жеткізген Сенат депутаттары «Есқұла» тораптық су өткізгіші құрылысын тиянақтау үшін қосымша қаржы қарастырылып, қажетті жұмыстар сапалы атқарылса, металлургтер мен қаланың қарапайым халқының ұзақ жылдарға созылған маңызды мәселесі оңтайлы шешілеріне сенімді.
Өз тілшімізден.