Жаңалықтар

Тұрғындар маңызды шешім қабылдауда белсенді

Елімізде АЭС құрылысы бойынша референдумға тұрғындар ерекше жауапкершілік танытуда екенін айтады Қарағанды қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияндағы №31 сайлау учаскесінің төрағасы Саян Жекебаев. Себебі, өздерінің таңдауларын жасауға асыққан сайлаушылар учаске ашылмастан келіп, кезекке тұрған.

Суреттер автордан

– Таңғы сағат жетіде учаске ашылғаннан дауыс берушілер келіп, өз таңдауларын жасап жатыр. Халық белсенділігі жақсы екенін байқауға болады. Арасында тыныштық сағаттары болады. Бірақ, соған қарамастан, №31 учаскеге қарасты сайлаушылар еліміз үшін маңызды шешім қабылдаудан шет қалып жатқан жоқ, – дейді Саян Шайкенұлы.

Төраға учаске ашылар алдында байқаушыларға аталған сайлау учаскесіндегі оларға қойылатын талаптарды пысықтап, түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.

Ал, ел өміріндегі саяси оқиғаны жіті бақылауда ұстап отырған байқаушылар аталған учаске жұмысы заң нормаларына сай дейді.

«Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалының өкілі Жаннұр Ысқақова референдум  Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізіліп, қала тұрғындары келіп дауыс беріп жатқанын айтады. Жаннұр Әлиқызы ешқандай құқық бұзушылық болмағанын да ерекше атады.

№31 учаскеде мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай қарастырылған. Мәселен, мүгедектер арбасымен келетендер үшін арнайы кабина қарастырылған. Одан бөлек, көру мүмкіндігі шектелгендер үшін де арнайы бұрыш ұйымдастырылған.

– Аталған бұрышта, яғни, кабинада дауыс беруші үшін үлкейткіш лупа, трафареттер бар. Мұнда көзі нашар көретін жандар дауыс береді, – дейді №31 сайлау учаскесінің хатшысы Меруерт Қошанова.

Айта кету керек, №31 учаскеде барлығы 2096 дауыс беруші тіркелген. Саян Жекебаев учаске ашылған үш сағат ішінде екі жүзге тарта адам дауыс беріп үлгергенін айтады.

Сондай-ақ, үйде дауыс беретіндер де бар. Олар аталған учаскеге сағат 12.00-ге дейін тапсырыс қалдырады. Ал, 12.00-ден кейін сайлау комиссиясының мүшелері үй-үйлерді аралауға шығатынын айтады Меруерт Қайратқызы. 

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button