Жаңалықтар

Тұрғындар мәселесі – назарда

Майқұдықтың жолының күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілгенін газетіміздің өткен сандарында жазған болатынбыз. Дегенмен, ондағы мәселелердің күрмеуі мұнымен толық шешілген жоқ. Майқұдықтың Сахалин ықшамауданы тұрғындары күні бүгінге дейін ауыз судан тапшылық көруде. Одан қала берді көгілдір отынның, жарық шамдарының жоқтығы, тіпті, қоқыстың уақытылы шығарылмауы тұрғындардың наразылығын тудырған. Осы мәселе бойынша ықшамаудан тұрғындары қала әкімі Ермағамбет БӨЛЕКПАЕВПЕН кездесіп, мұң-мұқтажын жеткізді.

Қоқысқа толы аула

– Сахалин – Майқұдықтың ортасы. Бірақ, біз қалада емес, ауылда тұрып жатқан секілдіміз. Олай деуіміздің себебі, ауыз су жоқ. Көшеміз жарықтандырылмаған. Әлеуметтік желіде «Көшемізде бәрі жақсы» деген ақпараттар жетеді. Бұның бәрі жалған. Осы мәселе бойынша жергілікті билік өкілдеріне көше тұрғындары атынан шағымданған едік. Алайда, уәдемен шығарып салады, – деді ықшамаудан тұрғыны Жанар Ахметова.

Тұрғындар Bazis жанармай бекетінен үйге бару – қиямет қайым деседі. Өйткені, асфальт төселмеген. Соның салдарынан көктемде батпаққа батып, қыста қар омбылап жүр. Сондай-ақ, аялдамадан шіркеуге дейінгі және әріде орналасқан үй аралығында жаяу жүргіншілерге арналған жол жоқ. Ата-аналар балаларына алаң. Қазір қар да тазаланбайтын болыпты. «Ауладан қоқыс та уақытылы шығарылмайды» деп шағымданды тұрғындар. Алайда, коммуналдық мекеме өкілдері жұмыстың кестеге сәйкес уақытылы жасалып жатқандығын айтады. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Горкомтранс» өкілдері тұрғындарға бірігіп қоқыс жәшігін сатып алуды тапсырыпты. Ал, тұрғындар айтқанын екі етпей орындаған. Бірақ, жағдай әлі сол қалпы көрінеді.

– Осыдан 5 жыл бұрын «Горкомтранс» мамандары келіп, аула тұрғындары бірігіп қоқыс жәшігін сатып алуымыз керектігін айтты. Егер алмасақ, айыппұл төлейтіндігімізді ескертті. Содан олармен келісімшартқа отырып, 2 қоқыс жәшігін сатып алдық. Ал, жәшік толғанда ешкім келмейді. Еріксіз қоқыс жәшіктері толғанда ақылы қызметке жүгінеміз. Оның өзінде жолды сылтауратып, көшеге кіргісі келмейді. Бір түсінбейтінім, өткенде «Горкомтранс» қызметі үшін 30 мың теңге келіп тұр. Мен ақылы қызметке жүгінсем, онда оларға не үшін ақша төлеуім қажет, – дейді Ольга есімді тұрғын.

Бұл мәселеге сала мамандары көлік пен жұмыскердің жетіспейтіндігін алға тартты. Ал, атқарылмаған қызмет үшін келген төлемдер қайта қаралып, жойылады.

– Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жоспар құрып, 2022 жылғы бюджеттен қаржы бөлеміз. Осы мәселені тікелей бақылауымда ұстаймын. Ал, жол мәселесін су жайын шешкеннен кейін қолға аламыз. Күнгей шағынауданының тұрғындарымен де дәл осындай мәселе болған. Қазір ол жаққа су да тартылды, көшелері де жарықтандырылды. Жолды да күрделі жөндеуден өткіздік. Сол секілді алдағы уақытта бәрі оңалады. Газ мәселесіне келсек, қалада газ кезекпен тартылуда. Сахалин ықшамауданына 2025 жылы келеді деп жоспарлап отырмыз. Келер жылы Михайловка, қала маңындағы ықшамаудандар қосылады. 2023-2024 жылы кезекте Күнгей, Таугүл ықшамаудандары тұр, – деді Ермағамбет Қабдулаұлы.

Интернеті жоқ ықшамаудан

Ықшамаудан тұрғындарының көтерген мәселесі бұнымен біткен жоқ. Восток-3 ықшамауданы жағынан кіреберісте «Теплотранзит» мекемесінің қалдық су өтетін құбыры бар. Сол құбырдан өту үшін арнайы көпір орнатылмаған. Көпірдің орнына ағашт жасалған өткел ғана тұр. Одан қала берді құбырдың сырты талапқа сәйкес қапталмапты да. Күн суытқалы жылы құбырды үйсіздер паналап жүр. Адам өміріне қауіпті өткелдің орнына жаңа көпір салып, құбырды қайта қаптауды талап етіп отыр тұрғындар.

– Бұдан бөлек, әр мезгіл сайын құбыр арқылы қалдық су сыртқа шығарады. Біз төменгі жақта тұрғандықтан, судың астында қаламыз. Бұрындары сырт жақта арнайы су төгетін арна болатын. Барлық судың бәрі құбыр арқылы сол жаққа кететін. Ал, қазір керісінше, біздің жаққа құйылып жатыр. Су жібергенде ықшамаудан тұрғындары қалаға шыға алмай қалады. Тұрғындар бұған дейін мәселелерді айтып, жауапты мекемеге шағымданды. Алайда, олар құр уәдемен шектеледі. Бірнеше ай өтсе де ештеңе жасалмады, – дейді Жанар Ахметова.

Сахалин – шалғай жатқан ауыл болса, бір жөн. Алайда, Майқұдықтың кіре берісі болса да әлі күнге дейін интернет жоқ. Бірақ, «Қазтелеком» компаниясының интернетке арналған сымы тартылған екен.

– Айтылған мәселенің бәрін қадағалауыма аламын. Жиын өткізіп, қайтадан талқылаймыз. Сала басшыларына тұрғындармен кездесіп, мәселені көзбен көріп, шешуді тапсырамын. Келер айда сіздермен қайта бір кездесіп, атқарылған жұмыстарды талқылаймыз, – деді қала басшысы.

Ербол ЕРБОЛАТ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button