Тұрғындар қауіпсіздігі – басты назарда
Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпановтың төрағалығымен «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының және облыс орталығындағы барлық ірі сауда, ойын-сауық орталықтарының, базарлардың, басқа да халық көп жүретін нысандардың басшылығының қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел барысында Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов мекеме басшылығы мен өкілдерін сауда объектілеріндегі өрттердің статистикасы, тексерулер жүргізілген нысандардың жағдайы, тексеру барысында анықталған негізгі заңбұзушылықтар туралы хабардар етті. Барлық нысандардың өрт қауіпсіздігі жағдайын зерттеуге кірісу үшін департаментке ерікті түрде хабарласуға шақырды.
Кездесуде департамент басшылығы кәсіпкерлерді қызықтырған барлық сұрақтарға жауап берді, сонымен қатар басқарма мен сауда нысандарының өкілдері арасында меморандум жасау туралы келісімге келді.
Төтенше жағдайлар департаменті кәсіпкерлердің назарын өрт қауіпсіздігінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуге аударды. Адам көп жиналатын нысандарда өрт қауіпсіздігін тексеруді жүргізу өрттің алдын алуға көмектесетінін баса айтып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ