Бас тақырыпҚарағанды

Түпкі меже – тұрғындар мүддесі

Қала басшысы Нұрлан ӘУБӘКІРОВ ел алдында есеп берді. Өткен жылды таразылап, алдағы жоспарды баяндау ұзаққа созылмады. Әкіммен бетпе-бет кездесіп, көңілдегі базыналарын айтуға жиналған қарағандылықтар бұған қуанбаса, ренжіген жоқ. Былтырғы айтылған ескертулер, берілген уәделердің орындалысы осы есептік кездесуде тағы сұралары анық…

Баяндамадан кейін таласа-тармаса кезекке тұрып, сауалдарын қоюға ұмтылған жұртшылықтың да қарасы қалың. Әрқайсысы әр түрлі мәселемен келген. Жер тепсініп талап еткені де, мінбердегі әкімге саусағын шошайтып, кінә таққаны да, атқарылған жұмыстар үшін алғыс айтқандары да бар. Әрине, әкімге «аспандағы айды әпер» демеді. Бәрі – жердегі дүниелер. Айтылған сынға салқынқандылық танытып, сауалдарға ыждаһаттылықпен жауап берген әкімнің өзі де, орынбасарлары да біраз міндеттер арқалап қайтты. Жауапсыз қалған сұрақ болмады, тіпті, біразына кейін, кездесуден соң жазбаша жауап қайтаруға да уәде етті…

Кездесуге келгендердің ішінде Майқұдықтан жеткендердің өкпелері қара қазандай екен. Өзгелерден бұрын микрофонды алған әже сөзін «осы Майқұдық қашан да ұмыт қала бередіден» бастады. Күннің көзі жылт ете түскенде төбесіндегі қар еріп, үйіне кіре бастағанына қынжылған ана «отырғанымыз үкіметтің үйі емес пе?» деп, шатырын дұрыстауды талап етті.

Қазір үкіметке қараған үй жоқ. Пәтерлердің барлығы жекешеленген. Демек, үйдің төбесінен су ақса, оған үй иесінің өзі жауапты. Нұрлан Ерікбайұлының жауабы да – осы. Қайтарымды қаржымен шатырды жөндеп, үйді жаңалауға болатын мемлекеттік бағдарламаның бар екенін, қалада 7 үйдің қалпына келтірілгенін айтады. Мәжілісте тұрғындарға жеңілдетілген несие беріп, тұрғын үйлерін қалпына келтіру мәселелері де қарастырылуда. Бірақ, қалай болғанда да, үйлері үшін тұрғындардың өздері – жауапты.

Осы Майқұдық тұрғыны Н.Кузнецова көшелерді жарықтандырып, асфальт қашан төселетінін сұрады. Өткен жылы қаладағы аулаларды жөндеуге баса көңіл бөлініп, аймақ басшысы жыл сайын қаладағы 100 ауланы абаттандыру бағдарламасын құруды міндеттеген болатын. Сол міндетке сәйкес, Қазыбек би және Октябрь ауданында әрқайсысы 50 ауладан жөнделді де. Әрине, бір жылдың ішінде қаладағы аулалардың барлығы жөнделіп, жарықтандырылып, асфальт төселе қалмайтыны анық. Қала басшысының айтуынша, қаладағы 600-ге тарта көшенің 200-ден астамында ғана қазір жарық бар. Биыл тағы 100 аула жөндеуден өтеді. Көшелердің бәрінде қашан самаладай жарқырап, шам жанып тұрады деген майқұдық тұрғындарының сауалына әкімнің жауабы бұл.

Бобруиская көшесі тұрғындары неше жылдан бері пеш жағып күнелтіп отыр. Алдыңғы жылы да, былтыр да уәде бердіңіздер, бізге қашан жылу келеді – дейді тұрғындар. Ишимская көшесінің тұрғыны Р.Хасенова да осы сауалмен келген екен. Егер алдыңғысы пеш жақса, соңғылары жылу үшін айына 30 мыңнан астам ақша төлейді. Нұрлан Әубәкіров бұл орайда газдың келуін күтуге тура келетінін ғана айтты. Себебі, қала көлемінің ұлғаюына байланысты барлығын бірдей қамтамасыз етуге жылу электр станцияларының қауқары жетпейді.

Федоровкадағы саяжайлардың бірінің иесі Николай Рудометкин сол жердегі су қоймасы суының жарамсыздығын, күн жылығанда жағымсыз иіс шығатынын айтып, шара қолдануды сұрады. Жауапты «Қарағанды Су» ЖШС бас инженері Н.Сеньковский айтты.

– Кәріз коллекторлары әбден тозған. Қайта, бюджеттің көмегімен әбден тозығы жеткен құбырлардың біраз бөлігін жөндеуге мүмкіндік алдық. Оның үстіне, табиғи сулардың да әсері бар. Қала ұлғайған сайын коллекторлар арқылы ағызылатын су көлемі де артады. Болашақта суағарлар мәселесімен күрделі түрде айналысу керек дейді, – бас инженер.

Зейнеткерлер жағы қала ішілік автобустардың, оның ішінде №11 бағытының сирек жүретінін әрі ерте тоқтап қалатынын айтса, біразы жолақының қымбаттығына шағынды.

– Зейнетақы көлеміне қарай зейнеткерлер жеңілдетілген 50 теңгемен жүруге құқылы. Барлығына бірдей жеңілдік беру үшін жолақының айырмасы тасымалдаумен айналысатын мекемеге бюджет есебінен төленеді. Ал, оған артық ақша жоқ. Басқа қалалармен салыстырғанда, Қарағандыда зейнеткерлерге жеңілдік бар, – дейді Нұрлан Әубәкіров.

Қарағандылықтар күнделікті тірлікке ғана емес, Қарағанды брендіне айналып, атағын айдай әлемге паш еткен «Қарағанды кәмпиттерінің» де жағдайына да алаң. «Кәсіпкерлердің қолынан фабриканы аяғынан тұрғызу келмесе, халық болып көмектессек?» қайтеді деген сауал да қойды. Залдың қолпаштап қол соққанына қарағанда бұл да біразының көкейіндегі мәселе тәрізді.

Әкімнің айтуынша, «Қарағанды кәмпиттерінің» болашағы – зор. Нарыққа танылып үлгерген «Рахат» пен «Баян сұлудан» асып түсу үшін жұмыстар жүргізілуде.

Кездесуге келгендер әкім барлық проблеманы шешіп тастай алмайтынын білсе де, іштегі шерлерін бір тарқатты. Оны «Бәрі сізге байланысты» деген сөздерінен де байқадық. Сұрақтарға жауап беріп, біразын орынбасарларына қадағалауды тапсырды.

Жалпы, кеншілер қаласы өткен жылы табыстан құралақан емес. Қай салада да өсім бар. Әкімдік жұмысы Президент белгілеген тапсырмалар мен міндеттерді орындауға жұмылдырылған. Мәселен, өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 125 млрд. теңге. Индустриялық-инновациялық саясатты жүзеге асыру басталғаннан бері қалада 95,2 млрд. теңге инвестиция құйылып, 29 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, кәсіпкерлікті қолдау картасынан тыс 176 жаңа жұмыс орны құрылып, жыл басынан 71115 адамға 2,4 млрд. теңге сомасына төлем жасалған және әлеуметтік қызметтер мен көмек көрсетілген. 448 отбасы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алып, 2264 отбасына тұрғын үй көмегі көрсетілген.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button