Жаңалықтар

Түпкі меже – ажырасуды азайту

Облыста кейінгі үш ай бойы шаңырақтарды шайқалудан сақтауға бағытталған бірегей жоба қолға алынды. «Менің үйім» халыққа әлеуметтік көмек көрсету және дамыту орталығы» қоғамдық қорының мұрындық болуымен «Бақытты отбасы» жобасы сот органдарында жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында отбасы және бала институтын қолдауды тапсырып, «бала құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне басымдық беруіміз қажет» деп атап көрсетті.

Man takes care of family – concept on wooden background

Бұл туралы басқосуда сөз алған «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова да айтып өтті.

Жоба облыс орталығында үш жерде – отбасын қолдау ресурстық ортағында, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотында және Октябрь ауданының №3 аудандық сотында қолданыста. Психологтар ажырасуға бел буып келген ерлі-зайыптылармен арнайы жұмыс жасау арқылы оларды райларынан қайтарып, отбасын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Әзірге пилоттық саналатын жоба іске қосылған үш ай ішінде айтарлықтай оң нәтижеге қол жеткізген.

  • Аталған уақыт ішінде 89 отбасымен психологиялық жұмыстар жүргіздік. Көбіне ерлі-зайыптылар эмоция үстінде бәріне қолын бір сілтеп, ажырасып кетіп жатады. Біздің мамандар сөйлесе келе, отбасындағы түсініспеушілік себептерін анықтап, отбасын сақтап қалуға ықпал етеді. Ал, зорлық-зомбылық жағдайында – мәселе басқаша. Ондай отбасыларды сақтап қалудың еш мәні жоқ, – дейді «Менің үйім» халыққа әлеуметтік көмек көрсету және дамыту орталығы» қоғамдық қорының төрағасы Ирина Жданова.

«Отбасылық сот» пилоттық жобасын іске асыру аясында сот органдарының да нәтижелері жаман емес. Мәселен, осы күнге дейінгі мерзімде Октябрь ауданының №3 аудандық сотында 140 отбасын ажырасудан сақтап қалуға жағдай жасалды. Бұл ретте мамандар жауап берушінің сот отырыстарына келмеуі де ажырасу мәселесін ушықтырып тұрған жайттардың бірі екенін атап өтті.

  • Ажырасу туралы арыз 5 күн ішінде қарастырылады. Кейін біз бұл отбасыларды психологтарға жібереміз. Татуласу үшін алты ай уақыт беріледі. Пилоттық жоба аясында психологтардың жұмысы тегін жүргізіледі, – деді Октябрь ауданының №3 аудандық сотының судьясы Динара Мутубаева.

Мамандар ажырасу зардабы әуелі балаға тиетінін жақсы біледі. Сондықтан, бұрын психологиялық жұмыстар тек балаларға ғана көрсетіліп келген. Бұл отбасы ажырасып кеткеннен кейінгі көмек болатын.

  • Психологиялық көмек көрсету мәселесінде ювеналдық соттардың психологтары жұмыс істеп келген еді. Бұл іске мектеп психологтары да тартылды. Дегенмен, мектеп психологтарының жұмыс бағыты басқа. Осы салада маманданған психологтардың жұмысы әлдеқайда нәтижелі болмақ, – дейді Қарағанды облысының кәмелеттік жасқа толмағандар ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының психологы Юлия Верхуша.

Қоғамдық қор жобаны әрі қарай жүзеге асыру үшін әуелі психолог мамандарды оқыту жұмыстарын да жүргізіп, түрлі семинар, тренингтерді ұйымдастырып үлгеріпті. Психологиялық қана емес, заңгерлік, медициналық көмек, кеңес беру сынды жұмыстар да жасалады. Мұндай жұмыс еліміздің 8 аймағында көрсетілуде. Түптеп келгенде жоба «Отбасы және неке туралы» заңнамаға ажырасулардың санын азайтуға бағытталған өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді мақсат етеді.

Деректерге сүйенсек, Қазақстан ажырасулар саны бойынша әлемде оныншы орында тұр екен. «Бақытты отбасы» жобасының нәтижесінде ажырасулар азайып, балалар берекелі отбасында өссе деп үміттенеміз.

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button