Тұмау өршіп тұр
Қазан айы басталғалы бері 5 мыңнан астам адам жіті респираторлық вирусты инфекциямен ауырған. Науқастардың жартысынан көбі – 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл деректерді облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті айтып берді.
Басқарма басшысы Юрий Залыгиннің айтуынша, облыста жыл сайын ЖРВИ мен тұмау жұқтырған 40-60 мың адам тіркеледі. Былтырғымен салыстырғанда ауырғандар саны 1,4 есеге өскен.
– Ай басынан бері 5270 жағдай тіркелді. Бұдан бөлек, тұмауға жатпайтын вирус түрлері де анықталды. Мәселен, риновирус – 67%, бокавирус – 13,7%, аденовирус – 7,8%, РС-вирус – 3,9%. Тұмау салдарынан қайтыс болғандар жоқ. Аймақта иммундау шаралары жүріп жатыр, – деді Юрий Залыгин.
Білім беру ұйымдарында бір инкубациялық кезең ішінде сынып санынан 20-дан 30%-ға дейінгі оқушылар ауырса, білім беру ұйымдарында оқытудың кабинеттік жүйесінен бас тарту, күнтізбелік он күн ішінде сыныптарға жаңа балаларды қабылдауға тыйым салу ұсынылады. Егер ауырған оқушылар саны 30%-дан асса, оқушыларды онлайн оқытуға ауыстыру жүзеге асырылады. Өңірлерде инфекцияның апталық бақылау деңгейі өссе немесе көрсеткіштері 1,5 еседен артса, бұл шектеу шараларын енгізуге негіз болады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес биыл В вирусымен қатар тұмаудың А/Н1N1, А/H3N2 түрлері басым болмақ. ЖРВИ мен тұмаудың ауа арқылы жұғатынын және оның қоздырғыштарының қоршаған орта әсеріне берік екенін ескерсек, аурудың алдын алған орынды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz