Тұлпардың тұяғымен жеткен тарих
Елбасы ұлттық мұраларымыздың бірі құндылықтарға бай тарихымыз екендігін жоғары бағалай отырып, «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласының бір тарауын «Атқа міну мәдениеті» деп атады. Сол арқылы қазақ жеріндегі ежелгі өркениеттің бастау көзімен таныстырып, оны жаһан жұртына мойындату бағытын нұсқады. Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы Иманбүрлік өзенінің жағасындағы Ботай қорымын 1980 жылы қазу кезінде табылған 10 тоннаға жуық жылқы сүйектерінің қатталып, тұтас бөлмелерді құрауы, сүйектерден ауыздық іздерінің табылуы – жабайы жылқыны ауыздықтап мініп, бас білгіге үйретудің Ұлы Далада басталғандығын айғақтайды. Сондай-ақ, мыңдаған жылқының сүйегін қалап, үй-жайы мен қора-қопсы тұрғызу – біріккен бірнеше тайпаның қолынан ғана келер деп ойласақ, мұндай болмысы күрделі іс-әрекеттерді бүтін бір мемлекеттілікке ұқсас нышан деп қабылдауға болар.
6000 жыл бұрынғы, энеолит дәуіріне тән осындай жәдігерлердің баламаларын Ақтоғай ауданының Желтау, Қарашоқы, Кенелі тауларындағы Қола дәуіріне жататын тасқа қашалған таңбаларда кездесетін жылқы бейнелерінен де аңғаруға болады. Арқа табиғатының панорамасына айналған әйгілі Қызыларайдың Әулиетауындағы зәулім тас үңгірдің қабырғасына қызыл жосамен (охра) салынған таңбаларды көрген (онда жылқы да бейнеленген) археолог ғалым Жолдасбек Құрманқұлов «бұл неолит дәуіріне жататын Өскеменнің Ақбауырынан кейінгі таңбалы ескерткіш сақталған жер» деп болжаған болатын. Ендеше, біздің аймағымызды да асау құландарды қолға үйретіп, тұлпарға айналдырған «Атқа міну алаңы» деп атауға болар. Облыс өңірлеріндегі Сақ, Түркі, Қыпшақ дәуірлеріне тән ескерткіштерден де сол кезеңде өмір сүрген адамдардың атты ерекше құрметтегенін білдіретін айғақтардың кездесуі ойымызды растай түседі. Түркілердің «ат қай жерде өссе, сол жер біздікі» деген нақылы, ал IX ғасырда өмір сүрген Әл-Жаһиздің «Түркілердің өмірін есептегіңіз келсе, олардың жерде жүргенінен көрі, ат үстінде көп болатындығына көзіңіз жетер» деген ұстанымы ежелгі бабаларымыздың атты жанына серік еткендігін айғақтап тұр. Ақтоғай ауданының Егізқойтас деген жеріндегі көне қорымды қазған археолог ғалым Мир Қадырбаев 2 метр тереңдіктегі қабірге адам мүрдесімен бірге атының да қоса жерленгендігіне көз жеткізді. Бұл адамның фәни жалғанда ғана емес, о дүниелік мәңгілік мекенінде де пырағымен бірге болуды мақсат тұтқандығын аңғартады.
Мекиен даладағы түз тағысына айналған жабайы жылқыны құзға қамап, орға құлатып, қолға ұстап, алғашқыда аң терісін жауып жайдақ мініп, келе-келе ер-тұрманды ойлап тапқандығы – адамдар ой-санасының жетілгендігінің жемісі. Көне түркілер жылқының піріне «Қамбар ата» деп сыйынып, жабы, қазанат деп жіктеп, пырақ, тұлпар, бәйге, арғымақ, сәйгүлік деп дәріптеген. Осындай жүйріктерді баптап, бағын ашатын атбегілер ел аузында мақталып, сый-құрметке бөленген. Қазақ эпостарындағы батырлар есімдерінің алдына мінген аттарын шығарып, «Қара қасқа атты Қамбар», «Керқұла атты Кендебай» деп атауы – айрықша құрмет тұтқандық. Тайбурылды құлынында 40 күн қулық биенің, 40 күн қысырақтың сүтін беріп өсіруін тұлпарды соншалықты қастерлегендігінің белгісі десек, соған лайықты жылқы жануарының да аңызға айналған үлгі тұтарлық әрекеттері бар. Ер Жәнібектің Көкдөненінің хан Абылайды жау қоршауынан алып шығуын, қазақ-қалмақ арасында өткен бір аста Қарауылтөбеден жіберілген айдама бәйгеден Әйменбет бидің озып келе жатқан қара атын қалмақ шолғыншыларының орта жолда ұстап алып, қақпа тасқа қамап қойғанында ұлы дүбірге еті қызған сәйгүліктің тас қоршаудан қарғып шығып, үстіндегі шабандоз баланың түсіп қалғанына да қарамай, жарыс жолындағыларды қуып жетіп, басып озып, көмбеге бірінші келуін, Қарқара көтерілісі жетекшісінің бірі Жәмеңкенің Тәшкеннен келген досы қалап алып кеткен Керкекіл атының мың шақырымға жуық жер ден адаспай жол тауып, өз жұртына екі дүркін қайтып оралуын, Кейкі мергеннің Кертөбел атының шауып келе жатып жата қалып жасырынып, иесін жаудан құтқаруын тұлпарлардың өз иесіне берілген айнымас есті қасиеттері деп бағалауға тұрарлық.
Бабаларымыз «аттың жалы түйенің қомында» жүріп, құстың қанаты талып, тұлпардың тұяғы тозып жететін ұлан-ғайыр даланы қол астында ұстауының сыры – текті жануар жылқы түлігінің аса зәру мұқтаждықтарын бір өзі өтегендігінен болар. Тіпті, құлынның терісі – жарғақ, ат терісі – тулақ пен торсық, жылқының жал-құйрығы – арқан, қылы қобызға – шек, найзаға – шашақ, тұяғы – «тайтұяқ» атты ұрма аспап, кепкен тезегі құрт-құмырсқаға, у шыбын мен масаға қарсы дәрі ретінде кәдеге жараған. Ат адамның мініс көлігі болуымен қатар, соғыстағы жауынгерлердің ең басты қаруының орнын алмастырған. Бәйге, көкпар, қыз қуу, аударыспақ, жамбы ату, теңге алу тағы басқа ұлттық ойындарының да қатысушысы міндетін атқарған. Сондықтан, халқымыз жылқыны жеті қазынаның қатарына жатқызған. Оларды нақыл сөздерінің арқауына енгізген. Қасиеттерін бағалап, тыйымдар мен ырымдар арнаған. «Аттың құлағында ойнаған жігіт» дегені – бұғалыққа түскен шу асауды қос құлағынан ұстап, тұқыртып, дегеніне көндірген жылқы мінезді пысық жігіттерді меңзегені. Осылайша, әрбір нақылдың астарына тәлім тұтарлық мағыналар сыйдырған. Жақсы тілектері: «Ер қанаты – ат», «жақсы ат өршіл келеді, жаман адам төршіл келеді», «ат баспаймын деген жерін үш басар, адам көрмеймін деген жерін үш көрер», «ат ерінді келеді, ер мұрынды келеді», «атың бар да жер таны желіп жүріп, асың бар да ел таны беріп жүріп», «ат айналып қазығын табар», «ат аунаған жерде түк қалар», «ат аяған жолда қалар». Жағымсыздары: «ат құйрығына байлау», «ат қойып келу», «жүген ұстап қалу», «ат құйрығын кесісу», «ат арыса тулақ, адам арыса аруақ», «жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас». Тиымдар: «Сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме», «тұлданған атқа тиме», «тері алынбаған атты жарысқа қоспа», «бәйгемен мал бақпа», «жауыр атқа жайдақ мінбе», «шідерлеулі атты ұрлама», «атты ауыздықпен суарма». Ырымдар: «Ат ұстарың келді», «тоқым қағарың құтты болсын», «ат жалын тартып мінген екен», «жолға шығарда ат құмалақ тастаса қанжығаң майланады», «ат құлағын қайшыласа, қауіп бар». Жылқы малының қасиеттері: Айғыр өз үйірін өрісінде қорғайды, өз төлін өз үйіріне қайтып алмайды, лас суды ішпейді, күйіс қайтармайды, түрегеп тұрып жусайды, ашық бейітке кірмейді, тас қараңғы мен түтек боранда адассаң, жолды өзі табады, иесі жоқ ер тоқымды ат ауылға өзі келеді, кірпігін жұлып тастамаса, құлындаған жеріне қаша береді, адам мінгенде ғана аяңдайды, қарсы жолды кесіп өтеді, үлкен жолдың бойын қара тұтады.
Өмір сүру қағидаларында барлық ізгі қадамдар оң жақтан басталатындығына қарамастан, атты қолға үйреткенде сол жағынан мінуді таңдаған. Оған себеп, ат үстіндегі адамның сол қолында үнемі қос тізгін болып, ал оң қолын қам-қарекет жасау үшін қолданып, жайшылықта қамшы мен құрықты, жорықтарда «ер қаруы – бес қаруды» ұстайтындығынан да деп тұжырымдауға болар. Сондықтан, аттың сол жағын – мінер жақ, оң жағын – қамшылар жақ деп атаған. Ат әбзелдерінің ішіндегі қос үзеңгі салт аттының таянышына айналған. Аяқ салып атқа мінерде, садақ тартып, жамбы атқанда, найза түйреп, теңге алғанда, аударыспақ пен көкпар тартқанда, үзеңгіден күш алып сүйеніш тапқан. Тарихи деректерде үзеңгі б.з. II ғасырында пайда болған деген ақпарат берілген. Алайда, Сақ, Ғұн жауынгерлерінің ат үстіндегі соғыста жеңіске жетуінде, үзеңгінің орны айрықша болған. Қола мен темірден ауыздық соққан шеберлердің сол кездің өзінде үзеңгі жасауды меңгеруі әбден мүмкін. Құлашын кеңге жайып келе жатқан қазба зерттеулерден Ұлы Даланың құпияларын ашатын, топыраққа көмілген әлі талай жәдігерлер табылар. Халық даналығында салт атпен жолға шыққан жолаушыға, жаңа мансапқа көтерілген пендеге «үзеңгің берік болсын» деп бата берген. Біз де барша қазақтың атқамінер азаматтарының үзеңгілері берік болсын деп тілейік.
Тұңғышбай МҰҚАН,
өлкетанушы.