Тұлпарды құлынынан танитындар қайда?!
Қамбар ата төлімен біте қайнасқан қазақ тарихын жылқыдан ада елестету мүмкін емес. Әлемдік сөздікке сыймайтын жылқының түсіне қарайғы атауларының өзі қазақ пен жылқының ерекше байланысын айқындағандай. Кешегі Кендебайдың «Керқұласы», Қамбардың «Қара қасқасы», Ер Тарғынның «Тарлан» аты көптің аузында. Ақанның «Құлагерінің» өзін елестетсек, жал-құйрығы төгілген кер мен құланың қосындысы келеді көз алдымызға. Ежелгі деректерге сүйенсек, қазақ сөздігінде жылқының түсіне байланысты айтылар 400-ден астам атауы бар көрінеді.
Барлық қазақы жылқы атаулары қылаң мен бараннан туады. Өздеріңіз білетіндей, қылаң ол – жылқының ашық түсінің жалпы атауы болса, баран керісінше, қара немесе сол тақылеттес түстерге айтылады. Жалпы, қазақ жылқысының түстері туралы зерттеулер жүргізген Ахмет Тоқтабайдың «Қазақ жылқысының тарихы» кітабында бұл туралы кеңінен баяндалады.
XIX ғасырда француз-испан жазушылары қазақы жылқы түстерін зерттейді. Олар өздері түсініп, аударуға келетін 60-тан астам жылқы түсін ғана қағазға түсірген көрінеді. Ондағы тізімде тек қарагер, құла, жирен, қара, күрең, күрең қасқа секілді ауызекі тілдегі түстер ғана жазылған. Ал, одан басқа байшұбар, тарлан, шабдар, сарыбауыр, топайкөк, ала шеке, сұржекей, ақауыз сынды атаулардан айналып өтеді. Неге? Өйткені, ол атауларға тікелей аударма жоқ.
XIX ғасыр аяғында Торғай өңірінде мал дәрігері болып істеген М.Преображенский, А.Добромыслев қазақы жылқы түстеріне байланысты атауларының көптігі сонша оны орыс және Еуропа тілдеріне аудару мүмкін еместігін жеткізген.
1892 жылы Ресейдің атты әскерінің майоры И.Хантинский күнделігінде былай жазады. «Қазақ жылқыларының 60 пайызға жуығы торы мен кердің айналасында, жирен және қара көк түстерге жатады. Ал, қалған 40 пайызы басқа сан алуан түстерді құрайды. Қазақы жылқы өжет әрі иесінің ойындағысын оқи алады» деген пайым келтірген. Расында, қазақ жылқы түсіне қандай да, бір заттың, не жан-жануардың атауын астастыра айтқан. Мысалы, «Ботагөз», «Сүлікқара», «Топайкөкті» алып қарасақ, аударуға келе ме? Аудара қойған күнде де оның мағынасы өзгереді.
Жылқы атаулары жақсы сақталған мекендердің бірегейі – Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы. Онда көнекөз қазақтар жылқы түсіне қатысты біршама атауларды күнделікті тірлікте қолданады. Бұл жерлердегі атаулар мен біздің еліміздің атауларында еш айырма жоқ. Десек те, Моңғолия мен Шыңжаң қазақтарында көне этномәдениет берік сақталғаны рас. Біз қолданатын жылқы атауларының 350-ден астамы осы мекендерден жеткен деседі. Жылқы түсі тек сәнді, не сөз шұрайлылығы ғана емес. Сонымен қатар, мал басының бүтіндігін де айқындар аспекті екені бар. Ертеде бай-бағландар үйір-үйір жылқысын санына қарап емес, түсіне қарай түгендеген. «Қырық мың жылқысы су ішкенде лайланбаған Нияздың көліндегі» көріністе соны суреттемей ме?! Бай қырық мың жылқыны, әлбетте, саусақпен санай алмаған. Төбелі мен қасқасын, шұбары мен басқасын түгендеу арқылы санына жеткен.
Ал, бүгінгімізге осы үрдіс қаймағы бұзылмаған қалпы жетті десек, артық. Біз «ақ, қара, қызыл, сары» деп атайды екенбіз жылқы атауын. Түсін ажыратуды былай қойғанда, жылқы мүшелері мен дене-бітімінің атауларын ұмытқанбыз. Бұл жылқыны жаратылысынан жаратып мінген Ғұн ұрпағына сын емей немене?!
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz