Руханият

«Түлкілітаудың аспаны» – балалықтың дастаны

Белгілі қаламгер, Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, медиа зерттеуші Төлен Тілеубай Қарағандыға келіп, баспадан былтыр шыққан «Түлкілітаудың аспаны» атты жаңа кітабының таныстырылымын өткізді. Әуелі өзі білім алып, қанаттанған Қарағанды зерттеу университетінің филология факультетінде студенттермен кездесті. Одан соң облыс әкімдігінің қолдауымен Н.Гоголь атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында «Төленнің жүрек лүпілі» атты оқырманмен кездесу кеші өтті.

Бұл кітап – қаламгер Төлен Зәрубайұлының төртінші кітабы, ал проза жанрындағы алғашқы туындысы. Дегенмен, Төлен әріптесіміз әдебиетке тосыннан келген жоқ. Журналистикаға өлең жазып келген ол «Шабыт» фестивалінде қазақтың аяулы ақын қызы Фариза Оңғарсынованың батасын алыпты. Сонда Фариза ақын: «Айналайын, Төлен бауырым, публицистикаңмен таныспын. Жазуыңа ризамын. Бірақ, сен прозаны қолға алып көрші. Қолыңнан келеді», – деп сенім білдірген екен. Міне, ақынның аяулы пікірі қаламына қуат беріп, көркем шығарманың да ауылына ат байлап отыр.

Қаламгердің алғашқы прозалық шығармалар жинағына­ «Түлкілітаудың аспаны» атты повесі және әңгімелері енгізіліпті. Алғашқы повесіне ауыл баласының арман-тілегі, мақсат-мұраты, адамның бойындағы адалдық, мейірім сияқты ізгі қасиеттер арқау болған. Автор шығарманың бас кейіпкері Әмірдің балалық шағын суреттеу арқылы ауылдың мамыражай тіршілігін сағынышпен жеткізеді.

Кітапханада өткен таныстырылымда белгілі өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан, аудармашы, руханият жанашыры Рымбала Смайылова, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Сәбира Күлпейісова Төлен Зәрубайұлының жазушылық қадамына сәттілік тілеп, баталарын берді. Бала Төленнің талантын танып, әдебиетке ынтасын ашқан Сәбира Ізбасарқызы шәкіртіне күміс қалам мен портфель тарту етті.

Мұнымен қоса, Қазақстанның Құрметті журналисі Әли Тойжігіт, балалар жазушысы Жұпар Жақан, белгілі сатирик Әдебиет Белгібайұлы, майталман медиатанушы Жанар Рамазанова жаңа кітапқа құтты болсын айтып, жазушының азаматтық болмысы, журналистикадағы айшықты орны жөнінде сөз қозғады.
Кітапты оқып шыққан оқыр­ман қауым өз ойларын ортаға салды. Олардың қатарында кітапты бір деммен оқып шыққан №19 Жайлы мектептің 6 сынып оқушысы Айша Дастанбек те бар.

– Автор табиғат суреттерін, даланың иісі аңқыған көрінісін керемет суреттейді. Әмірдің әкесі Сұраған аға да жер-су атауларын жақсы білетін, мейірімді, еңбекқор адам болып шығады, – дейді Айша Дастанбек. 

Ал, А.Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушысы Нұрасыл Рысқұл кітап оқып отырып, ауылда өткен балалық шағын сағынғанын айтып, мәз.

– «Түлкілітаудың аспаны» кітабын қолыма алып, оқығаннан-ақ, ойша ауылда тұратын ата-әжемнің үйіне барып қайттым. Таңмен таласа оянып, әжемнің сиыр сауған сәттері еске түсті. Сүттен айырған қаймақ, әжемнің қолынан шыққан құрт-ірімшіктің иісі мұрныма келді. Шелек-шелек қызанақ пен қиярды көрші-қолаңға таратып, сүйіншілеп қонақ шақырып отыратын шуақты күндер көз алдыма елес­теді, – дейді Нұрасыл Рысқұл.

Н.Гоголь атындағы облыс­тық ғылыми әмбебап кітапхана директорының орынбасары Гау­һар Нұрланқызы, Ж.Бектұров атындағы жасөспірімдер кітапханасының директоры Нұргүл Қасымханқызы Астанадан туған жеріне арнайы келіп, оқырманмен кездесіп жатқаны үшін Төлен Зәрубайұлына естелік сыйлық табыс­тады.
Өз кезегінде Төлен құшақ жайып қарсы алған Қарағандысына, кездесуді ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Жиын соңында қонақтар «Төленнің жүрек лүпілі» көрмесін тамашалап, кітапхана әзірлеген оқырман қауымның пікірлер топтамасын және автордың қолтаңбасымен кітап алды.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретті түсірген Гүлнәр МАХАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button