Тәлімгерден әкімдерге қандай тәлім?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының жаңа кезеңіндегі басым бағыттардың бірі ретінде мемлекеттік қызметті жаңғырту міндетін қойған еді. Мемлекеттік органдар қызметінде сабақтастық пен институционалдық жадының сақталуы әр заман өзекті болып қала бермек. Бұл, әсіресе, кадрлық тұрақсыздық жағдайында аса мән берерлік дүние. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасы негізінде Қазақстанның барлық өңірлерінде тәлімгерлер кеңесі құрылған-тұғын.
Кезекті кеңес жиынын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Ербол Жолданғар тізгіндеді.
– Өткен үш ай мерзімінде жаңа тағайындалған жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының баяндамаларын тыңдайтын боламыз. Өздеріңізге белгілі, мемлекеттік қызметшіге қойылатын талап жоғары. Сондықтан, бұл кеңестен біз зор нәтиже күтеміз, – деп сөзін бір тұжырып қойды Ербол Қабдығалиұлы.
Алғашқы болып, тәлімгерлер кеңесінің мүшесі, Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов сөз алды. Спикер бұл үрдістің оң екендігін айта отырып, қоғамды әділдік қағидатына бейімдеу басшының тікелей өзіне байланысты екендігіне назар аударды. Халықтың тыныс-тіршілігімен бірге жасаған жетекші ғана өлке өміріне өлшеусіз үлес қоса алады деді Ғабит Тұяқов.
Саран қаласының жаңа басшысы Еркін Баулықов Саран өндірістік аумағының республика деңгейінде өзіндік орны бар екендігіне жете тоқталды.
Қазірдің өзінде екі алып жоба құрылысы аяқталуға жақын. Оның бірі – отандық тұрмыстық техника өндіретін кешені «Silk Road Electronics» ЖШС болса, бірі – автокөлік шиналарын шығаратын «KamaTyresKZ» зауыты. Бұл өндіріс кешеніне тағы алты өндіріс ошағына қосымша 400 млрд. теңге шамасында инвестиция тартылады. Оның 95 пайызы – жеке меншік қаражат көзі. Бұл тұтастай алғанда экономиканың түрленуіне әкеп соқтырады. Бір қуантарлығы, құрылған жаңа жұмыс орындарымен облыс қана емес, көршілес аймақ азаматтары да қамтылу үстінде. Жұмыс орнының саны 6000-ның үстінде. Бұдан бөлек, назарымызда өзге де жобалар кезек күтіп тұр. Мәселен, 2024-2025 жылдарға 140 млрд.теңгелік инвестициясы бар жобалар кешенін дайындаудамыз. Мысалы, «Технониколь» компанияның ізімен шатыр, гидрооқшаулағыш һәм жылу оқшаулағыш материалдарды өндірмек бағдар бар. Бұл – қалаға қосымша 45 млрд. теңгелік қосымша табыс көзі. Әлбетте, мұндай алып компаниялар аумақтағы шағын және орта бизнестің өркен жаюына айтқысыз сеп! Тиісінше, өндірісті аумақтың ахуалы көтерілмек. Бұл орайда келген жұмысшыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үдерісі де үдемесе, кеміген жоқ. Сондай-ақ, ел өзі «РТИ» атап кеткен апатты үйлерді қалпына келтіру шараларын да жоспарлы негізде жалғастыру үстіндеміз. Бұған бизнес өкілдері де бей-жай қарамайды. Мәселен, бұл салаға 200 млн.теңге құйған жарқын мысалдарымыз жеткілікті. Аймақты абаттандыру амалдары да зор маңызға ие. Қаланы жарықтандыру 12 пайыз шамасында. Жыл сайын 10 пайыз көлемінде өсіру жоспары тұр. Жалпы өздеріңіз таныссыздар, Саран қаласының жай-күйі күннен-күнге жақсарып келеді.
Еркін форматтағы жиындағы келесі сөз тізгінін Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі Досбол Күлекеев алды. Бүгінде аудан халқы 230 мың адамға жеткенімен, халық санының уақыт өткен сайын артып келе жатқандығы аңғарылады. Мына тұрған Майқұдық баяғыдай кішкентай қалашық емес. Кемінде 130 мыңдай халық тұрады. Сондықтан, бұл маңның тұрғындары орталыққа күн сайын сабыла бермейтіндей жағдай жасалуы тиіс екендігіне тоқталды аудан әкімі. Бұл арада қазіргі күнге дейін елге олжа салып жатқан ірі шахталар бар. Тау-кен мен энергетика саласын құрайтын сегіз, машина жасау және металл өңдеу кешені сегіз ошақты қамтиды. Бұған металлургия, химия, тамақ өндірісін қосып қоялық.
– Иә, бізге дейін бұл аудан көп игі өзгерісті бастан кешірді. Ендігіде тек сол дәстүрді жаңа заманауи қалыпта жалғастыру міндеті тұрғандай. Алдымен, балалар ойын-сауық алаңдарын барынша қауіпсіз етуге мән берудеміз. Қай жастағы жасөспірім болса да, аулада сейіл құрып денесін де шынықтыра алатындай сапалы кейіпке енгізу заман талабына айналып келеді. Осы орайда халықпен жүздесу өте маңызды. Қараша жұрттың талап-тілегін қаперімізге ала жүріп, қорытып, тиісті шешім шығарғанда ғана берекелі болмақ. Мысалы, Сұрыптаудағы Теміржолшылар мәдениет үйінің алаңының келбетін жаңарттық. Соны бағдарламалар аясында аумақты қайта жөндеу жұмысы да жандану үстінде. Әлеуметтік нысандардың жай-күйін күнделікті бақылаудамыз. Бұған қоса, Архитектурная көшесі тұтастай алғанда қала меймандарына әкеп көрсетерлік көрнекі жеріміз. Көше бойында маңайын шөп пен қамыс өсіп, иесіз кейіпте қалған алаңдар да жоқ емес. Осы маңдарға инвестиция тартып, көркін арттыруды көздеп отырмыз. Маңайға мағына үстеп, ел игілігіне беру бір күннің шаруасы болмағанымен, үнемі назарда тұтып жүргенімізді хабарлаймыз. Сол маңдарда бизнес орталық, теннис корты сынды әлеуетті нысандар ашылса, құба-құп болар еді. Оның үстіне, ендігі жылы кенді өлкенің торқалы 90 жылдығы аталып өтпек. Соған орай, ауданымыздың әр алаңын жиектасына дейін жөндеуді, мақсат етеміз! – деп бір тоқтады аудан әкімі.
Басшылар баяндамаларына қанық болған кеңес мүшелері жаңа әкімдерге ақжол тілеп, қарамағындағы әр қызметкердің көңіл күйіне, мақсат-мұратына қоса мән беруге кеңес берді. Себебі, әрбір істің тыңғылықты атқарылуы басшының ғана емес, сол қарапайым қызметкердің көңіл халіне, өмір салтына байланғанын еске салып өтті мемлекеттік қызмет ардагерлері.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz