Тұлға

Төлеу десе Ақадыр есіме түседі

1980 жыл еді. Ақадыр аудандық газеттеріне тілші болып енді ғана кіргем. Бір күні қызыл шырайлы ел ағасы кіріп келді. Бірден:

Керней боласың ба? – деп тарпа бас салсын..

Содан көсілсін-ай келіп. Бабаларымның өзі білетін игі жақсыларын сыдырта санамалап шықты. Ішім жылып қоя берсін.

Бабаларыңның бір жақсысы Кеншоқыда. Ел Ақтайбек басы дейді. Менің он жасымда сол мазар тұрған. Осыдан он үш жыл бұрын тоқсан жасында әкем Тұтқыш бақилыққа озды. Сол кісі айтып отыратын. Менің он жасымда осы бейіт бар еді деп. Ар жағы саған аманат, – деп ағамыз шығып кетті.

Берген ақпаратына тәнті болайын. Сөз саптасына қарап ағайын-жамағайындарымыздың бірі шығар деп ойлағам. Сөйтсем Сарым атасынан екен.

Содан тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Әргі-бергі тарихты қозғаймыз.

Құлағымның кәрілігі біздерді одан әрі жақындастыра түскен.

Әңгімесі ішіне сыймағанда келіп-кетіп жүреді. Сол деректердің көбісін кәдеге жараттым да. Әңгімесін:

Құлағыңда жүрсін, – деп бастайтын.

♦ ♦ ♦

Төкеңмен көзбе көз талай сыр шертіскенбіз. Ауыртпалықты көріп өскен отбасыдан екен. Әскери отбасыдан шықпаса да бәрі де Батыстағы отты жойқынға іліккен. 1907 жылы дүниеге келген Сағымбай бауыры Сталинград қырғынына қатысқан. Ажалының жоқтығы да. Омырауында «Жеңіс» ордені жарқырап, елге аман-есен келген. Еліне еңбегін сіңіріп, желтоқсан көтерілісі жылы қайтып келместің кемесіне мінген. Мағау бауыры революциямен құрдас екен. Заманында ел ішіндегі беделі жоғары болыпты. Бұрынғы Сталин атындағы колхоздың басқармасы болыпты. Дондағы ұрыстарға қатысыпты. Соғыстан алған зардабынан 1965 жылы қайтыс болады.

♦ ♦ ♦

Төкең әңгіме айтса тұздықтап айтады:

Ашаршылық жылында Шет жұрты оңбай қырылды, – дейді тамағын қырнай сөйлеп, ұзаққа кетер қалып танытып, – қалғанының жанын алып қалған мынау өзіміздің Балқашымыз. Шөлге жақын отырған Кәрсен-Кернейді балығымен асырады. Ал біздерді жолымен алып қалды…

Мен аузына кіріп кетердей әрбір сөзін бағып отырамын. Алайда ол кісі саспайды. Көлденең әңгімелерді де қосып жібереді. Кейін ой жүгіртіп қарап отырсам әдейі айтады екен ғой. Біле берсін деп.

Жадына тоқи берсін деп.

Жолымен алып қалды деген әңгімесінде үлкен астар жатыр екен. Мынау Ақтоғай мен Шет шегінде Қарғалы деген табиғаты көркем жер бар. Сол кезінде совхоз болыпты. Соңынан Балқаштың қосалқы шаруашылығы болып қайта құрылыпты. Қарағанды мен Балқашты байланыстыратын жол осы Қарғалы арқылы өтіпті. Түнемелікке бекеттер салыпты. Көлігі тынықсын деп. Адамы бел жазсын деп. Сонда кірешілер күндіз-түні ағылады дейді. Бұл кісілер соларға қызмет көрсетеді екен. Кірешілердің көліктерін жайғап дегендейін. Өздеріне ас-суан әзірлеп дегендейін.

Құдайдың көзі түзу ғой, сол жол мына Шет, Ақтоғай, Ақадыр жұртшылығын әлі асырап отыр, – дейді ағамыз таңқ-таңқ түшкірініп.

♦ ♦ ♦

Белгілі қоғам қайраткері Қасымбек Медиев айтады:

Баяғыда ертегілерде желаяқ дегендер болушы еді. Сол рас болып шықты. Мына Төкеңдер машиналы деген бізден барар жерімізге бұрын жаяу барып тұрады, – деп.

Қасымбек ағамыз сол жылдары Ақадыр ауаткомының төрағасы болып істеген. Ақадыр ауданының іргетасын осы Қаскеңдер мен Төкеңдер көтерген.

Қаскең болмысында мазасыз адам.

Төкең де ылдым, ұшқыр адам.

Қаскең әлгі сөзімен соны дөп басып тұр.

Төкең Қаскеңнен де мазасызырақ еді ғой. Жақсы мағынасында, әрине.

Бұл жасанды, туынды мазасыздық емес. Табиғатынан бар нәрсе-тін.

♦ ♦ ♦

Төкеңнің Ақадыр ауданын аяғынан қаз тұруында еңбегі сіңудейін сіңген ғой. Алайда, марапаты мақтау қағазы, алғыс хат дегендерден аспай жүрсе керек. Бірде Төкең әлде орден, әлде медальға ұсынылыпты.

Атаулы мереке келіп, ел марапатталып жатады. Сол кезек Төкеңе жетпей қалады. Алайда, Төкең аупарткомның күректей мақтау қағазын алыпты. Соны алып тұрып айтқан екен:

Медаль, орден алу үшін міндетті түрде соғыс болуы керек пе? – деп.

Төкең сөзінің астарын аудан басшылары түсінсе керек.

Келер жылғы атаулы мерекелердің бірінде Төкең бірінші болып салпыншақтардың біреуіне ие болыпты.

♦ ♦ ♦

Екінші жаһан соғысы басталғанда Төкең он тоғыз жасына шыққан атпал жігіт екен. Ол кездің баласы ерте есейген ғой. Қапшығын арқалап қырық бірдің аяғында Батысты бетке алыпты. Бір жыл бойы арнайы даярлықтан өтеді. Келер жылдың аяғында шекаралық 298-ші дивизияның құрамында соғысқа кіреді. Курск иініндегі қанды қырғынға қатысады. Орел, Белгород қалаларын азат ету ұрыстарында ерлік көрсетеді. Бірінші Беларусь майданының сапында жорық жолымен Батыс шекарасына енеді. Ұлы Жеңісті атақты Нюрнберг қаласында қарсы алады.

Майдангерлер елге қайтып жатқанда бұларды тағы бір сын күтіп тұрады. Сол жылдың тамызында жапон самурайларын баудай түсіріп, Харбин қаласын жаудан азат етеді. Солайынша шығыста да соғыс қимылдары саябырсиды.

Бейбіт заман қалыпқа келе бастағанымен бұлар тағы да қайта алмайды. Шекаралық әскер ретінде ел шебінің күзетінде тұрады. 75-ші шекаралық отряд сапында Қытайда тұрады. 1947 жылға дейін.

Туған жерге тек 1949 жылы оралады.

Төкеңде жауынгерлігі бар, әскерилігі бар, бейбіт күндегісі бар, әйтеуір орден-медаль жеткілікті. Соның қайсысы қадірлі деймін де сөйлеткім келіп.

Сонда Төкең анамыздың «Батыр Ана» орденін алдырар еді…

♦ ♦ ♦

Төлеу Тұтқыш десе соғыс емес, Ақадыр есіме түседі. Ақадырдың отымен кіріп, күлімен шықты. Колхозын басқарды. Батыр десең батыр. Ақадырдың батпағын құрғатқандардың бірі.

Төрехан МАЙБАС

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button