Рухани жаңғыру

Төл тілдің жаңғыруы

«Ойды ой қозғайды», «Сөзден сөз туады». Бұлай деп айтуыма өткен айда облыстық басылым бетінде жарық көрген «Латын әліпби: тамсанған талқыдан – талғамды талдауға» атты Ж.Смағұлов пен М.Тұрсынованың мақаласы түрткі болды. Елбасының қол қойған латын әліпбиінің жаңа нұсқасы ел зиялыларының талқылауында, әлі тоқталған жоқ. Ендеше, (қазіргі тілді емес), қазақтың атам заманнан келе жатқан төл тіл тазалығын жаңғырту, оны қазақи жолмен дамыту үшін атқарылып жатқан қыруар жұмыс әлемдік кеңістікке бағытталған бағдарлама деп түсініп отырмын.
Ешкімнің ықпалымен жүрмейтін тәуелсіз тілді қалыптастыру және біздің тілімізден басқалардың үлгі аларлық нұсқасын енгізу «Қазақстандық жол» идеясына сай келіп тұрғандығы – Елбасының сұңғылалығы. Бұл мақсатқа тек латын әліпбиіне оралу арқылы ғана жететіндігіміз дәлелденіп отыр. Жоғарыда аталған мақалада И.Крыловтың «Аққу, шаян, шортан» деген мысалындағы шаян да, шортан да су жәндіктері, бірігіп арбаны суға қарай сүйресе, аққудың халі қандай болмақ? Аспанға сүйрей ала ма?
Ғаламтордан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, сыншы Марал Ысқақбайдың 2005 жылы жазған, Baq.kz сайтында жарияланған «Он ғасырға созылған ұлы күрес немесе «екендік» деген сөз бар ма?» атты мақаласын оқыдым. Содан бір үзінді: «… Ахмет атамыз бастаған алаштың атпал азаматтары түгелдей қазақ тілінің тазалығы үшін жаңаша күрескені бүгінгі сауатты жұртшылыққа түгел мәлім. Демек, біздің ана тіліміздің мәртебесі үшін, оның тазалығы үшін күресіміз тарих бетінде жазылып қалған деректерге қарағанда, анық он ғасырға созылған екен. Міне, бүгін біз ХХІ ғасырдың табалдырығын аттағанда, бұл мәселе бұрынғыдан әлдеқайда өткірлеу қойылып, күн тәртібінде және тұр. Ал енді бұл өзі неғылған таусылмайтын, бітпейтін тартыс? Қане, сырына үңіліп көрелікші. ХІ ғасырда өткен тіл зерттеуші ұлы бабамыз Махмұд Қашқари өзінің «Диуан лұғати ат-түрік» атты кітабында: «Баласағұндықтар да түрік халқы. Бірақ олар екі тілде – түрік және парсы тілдерінде – сөйлейді» деп жазып кетіпті. Баласағұн қаласы Жетісу аумағында тұрған қала екенін ескерсек, онда өмір сүрген халықтың бүгінгі қазақ халқына тікелей қатысы бары даусыз ғой. Ал, ХҮ ғасырда өткен ұлы ақын Әлішер Науайи жоғарыда аталған трактатында: «Кез келген түрік адамы сартша сөйлей алады, ал бірде-бір сарт – ол ақсүйек пе, жай қарапайым шаруа ма, бәрібір – түрікше сөйлей алмайды» дейді. Мынау дәл бүгінгі жағдайдың өзі емес пе?! Тек парсы жұртының орнында орыс халқының өкілдері, парсы тілінің орнында орыс тілі тұр. Қазақтың тоқсандағы шал-кемпірінен бастап, балабақшадағы «боқмұрындарына» дейін орысша сайрап тұр да, орыс атаулы қазақшаға мүлдем жоқ», – деп жазылған. Бұл тіл, тіл тазалығын сақтау туралы мақала екен.
Бұл мақаланың жазылғанына он үш жыл болыпты. Біз енді ғана жанталасып жатырмыз. Өзім туралы айта кетейін. Мен – зейнеткер ұстазбын, жасым сексеннен асты. Бірақ қоғамдық жұмыстан қалған жоқпын. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесімін. Мамандығым мұғалім болғандықтан, қала мектептеріндегі өтіп жатқан талқылаулардың көпшілігіне қатысып, пікірімді білдіріп жүрмін. Мектепке бармай тұрып-ақ, соғыстың алдында латын әліпбиінде жазылған шығармаларды оқып, сауатымды ашқан болатынмын. Қазіргі талқылауларға катыса жүріп, қолымда сақталған латын әліпбиімен жазылған Абайдың екі кітабын (өлеңдері, поэмалары), Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» кітабын, Джек Лондонның «Ақ азу» және қазақ жазушыларының екі кітабын (әңгімелер жинағы) Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапханасына, Жамбыл атындағы мектепке және екі орыс мектебіне тарихи жәдігер ретінде таратып бердім.
Енді неге жанталасып жатырмыз дегенге келейін. Қазір қоғамымызда тіліміз қойыртпақ болып бара жатқанын байқап отырған шығарсыздар. Қазақ қазақпен қазақша сөйлеспейтіні өтірік емес. Елбасы Н.Назарбаев әлемдік өріске ену үшін, оларды түсіну үшін және өзімізді таныту үшін ағылшын тілін меңгеру керектігін және оны балабақшадан бастау керектігін миымызға сіңдіріп келеді. Ал, біз ерте дейміз. Ерте дейтіндер азиялық мемлекеттерді мысалға келтіреді. Олар қазір жер жүзіндегі мықты мемлекеттердің қатарында дегенді айтады. Оған келісуге болады. Бірақ қазір ғалам сағат сайын өзгеріп жатқан жоқ па? IT заманында отырмыз ғой. Біз сол мемлекеттердің ізімен жүрсек, өзімізді өзіміз таба алмай қалуымыз мүмкін. Өйткені өзгерістің жылдамдығы сондай, ой қорытып үлгермейсің. Неге 50 елдің қатарына енуді жоспарладық, неге енді 30 елдің қатарына енуді күн тәртібіне қойдық. Алыс қашықтыққа шабатын тұлпарлар болады. Біз сол тұлпарлардың тұяғымыз. Осы екпінімізді төмендетіп алмасақ, 30 елдің ортасында не алдыңғы жағында болатындығымыз анық. Ағылшын тілі әліпбиінің омыртқасы латын әліпбиі екендігін әлем біледі. Осыны ескерсек, біздің қазақша латын әліпбиіміз әлем тіршілігіне оңай сіңісіп кете алатындығына және тіл тазалығының сақталатындығына сенімім мол. Міне, ағылшын тілін меңгеру арқылы өз тілімізге жол салынатындығын сезіп тұрған шығарсыздар. Бұл – стратегия! Бұл – Рухы бар, жүрегі бар, латын әліпбиімен қайта түлеген киелі өз тіліміз кез келген мемлекеттің шаңырағында (босағасында емес) емін-еркін сөйлей алады деген сөз! Бүгінгі жас жеткіншектер сонда мақтанатын болады.
Енді латынды үйренуді бастай беру керек. Латын әліпбиі бойынша үйрену, оқыту мектептерде кестемен іске асырыла бастайды. Ал қалғанымыз, үлкеніміз бар, кішіміз бар, әкімі бар, ақыны бар 2020-2025 жылдарды күтпей-ақ қазірден бастап үйрене беруіміз керек. Ол үшін қазақша, орысша газет-журналдардың әр шыққан нөмірінің 1-2 бетін латын әріптерімен жазылған мақалаларға беру керек. Әкімдер де жазсын, орыс тілділер де жазсын. Үлгі көрсетсін. Осылай, қате жазылғаны үшін ұрысу емес, үйрену үшін жаттығу алаңдарын жасаса деймін. Хабарландыруларды, жарнамаларды латын әрпімен берсе, олардың иелері, сұранысты ескеретін болса, латынды үйренуге ынталы болатыны белгілі. Ата-аналар да алдын ала баласының келешегі үшін еріксіз үйренуге тырысады. Қалада әрбір қоғамдық ұйымдардың (Ассамблея, тіл орталықтары тағы басқа) баспанасы бар. Сол жерлерде тегін үйрету курстары жүргізілсе. Осындай қарекеттерді іске асыра бергенді дұрыс деп есептеймін.
Орыс мектептерінде де латынға көшуді түсіндіру жұмыстарын қазірден бастаған дұрыс деп ойлаймын. Ата-аналармен кездесуді ұйымдастыру керек. Балаларға латын әліпбиін аса салмақ салдырмай-ақ, шошытпай ақылмен түсіндіруге, үйретуге болады. Бұл жұмысты орыс мектептеріндегі қазақ тілінен беретін мұғалімдер оңай алып кете алады. Балалар қазақша жақсы сөйлеп кете алмаса да, жазуды үйренеді. Сонда мектепті бітірген орыс балалары да, қазақ балалары да жұмысқа орналасқанда, әсіресе әкімшілік жұмыстарға орналасса алауыздық, бір-біріне іштей қарсылық, қызғаныш, сенімсіздік сезімдері бола қоймас деп ойлаймын. Бұны ескермесек жікшілдік тууы мүмкін.
Тағы да кездесетін келешекте төмендегідей кедергілер болатын сияқты. Олар мыналар: қазақ-орыс сыныптарында орыс тілі жүреді. Күндердің күнінде мемлекеттік қарым-қатынас қағаздары, компьютерлік технология тілдері латын әліпбиімен жазылатын бірыңғай мемлекеттік тілге көшірілетін болса, орыс сөздерін латын әріптерімен жазу қажеттілігі туары сөзсіз. Сонда көп сөздерді жазу қиыншылығы туады деп ойлаймын. Мысалы: центр, центнер, церковь, цемент, Чкалов, Чапаев, Чита, Астрахань, казахское ханство, Бокейхан, асхана, т.с.с. Егер осы жаңа нұсқа бойынша мен атымды Oshaqbai деп жазсам, ел қалай оқиды? Мені білетіндер дұрыс оқып, ал білмейтіндер Осхақбай деп оқымасына кім кепіл? Ағылшын әліпбиі арқылы оқыса дұрыс оқитын болар менің атымды. Егер солай ұйғаратын болсақ, онда ағылшын әліпбиінің ығында кеткен боп шығамыз. Егер осындай сөздер кездесіп отыратын болса, қашанғы ағылшын тілін көмекке шақырып отырамыз? Тағы бір мысал: Ашаршылық жылдары – asharshylyq jyldary. Сөз ұзарып кетті. Оқушылар түсініп оқиды деп айта алмаймын. Сол сияқты Чапаев – Chapaev Сондықтан, СҺ-ты (ч-ға сәйкестірілгенді) С’-деп ауыстырса, Ѕћ -ты Ѕ’-деп ауыстырса деген пікірді қолдаймын. Ал, Ц-ны С-арқылы белгілеуге болатын сияқты. Тағы бір шатастыратын сөздер: Асхат, Асхана сөздерін латын графикасымен жазсақ: Ashat, Ashana- ағылшынша не жазылғаны түсінікті, ал қазақ латын әліпбиімен оқысақ Ашат, Ашана болып шығады. Іі, Ии, Йй – әріптері де біраз әурелейтін түрі бар. Ілгек, Істік, Ісмер, Иілгіш, Игілік, Ілік –с өздерін жазып көріңіздерші. Ilik, Ine – I таңбасы екі сөзде де бірдей, бірақ біреуінде і болып, екіншісінде и болып оқылады. Оқушыға жаңылтпаш сияқты етіп берудің не қажеті бар. Бұны да өзгерткен дұрыс деп есептеймін. Түптің түбінде қайта-қайта шығындала бермес үшін «кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей бір жобаға тоқтаған дұрыс. Юникодты білетін мамандардың арасында конкурс ұйымдастырса жақсы нәтижде беріп қалады деп ойлаймын.
Сөз соңында айтарым, Елбасымыздың қазақ тілін халықаралық деңгейге жеткізу жолында жұмыстар жүргізуді талап етіп отырғанын ескерсек, қазіргі аяқ алысымыз жаман емес. Бірақ ұтымды шешімдермен осы жобаны түпкілікті іске асыра алсақ Мәңгілік елдің – Мәңгілік тілі үстемдік құратын күн алыс емес секілді.

Ошақбай СУХАНБЕРЛИН,
ҚР Білім саласының
Құрметті қызметкері,
ардагер ұстаз.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button