Тұлғалар тұғырындай қос туынды
Жақында есімі ел есінде сақталған Қаракесек Қараменде би мен Ақтентек сал туралы көпшілікке арналған ғылыми-танымдық зерттеу еңбегі Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің баспасынан жарыққа шықты. Құнды туындылардың авторы – Мұхамметқали Әбдуов.
Қазақ халқының әдебиет тарихында елге еңбек еткен талай тамаша тұлғалардың шыққандығы белгілі. Бірақ, солардың бір парасының өмірі мен қызметі толық деңгейде зерттеліп болған жоқ. Міне, осындай қайраткерлерді зерделеп, тарихтағы орнын айқындау, бағасын беру, бүгінгі ұрпаққа таныту – басты міндеттердің бірі. Осы тұрғыдан алып қарағанда зерттеу еңбегінің маңызы зор.
Кітапта Қараменде бидің өмірі, заманы, қарым-қатынас жасаған маңайы жан-жақты суреттелген. Оның әрі батыр, әрі шешен, би болғандығын айқындайтын ел аузынан алынған мәліметтер келтірілген. Бүгінгі күнге дейін сақталып жеткен шешендік сөздері сараланып берілген. Сондай-ақ, еңбекте салыстыру тәсілі де қолданылған. Біраз тарихи оқиғаларды айғақтайтын нақты дереккөздер де келтірілген. Оған бидің Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне жерленгендігін дәлелдейтін дерекқұжатты айтуға болады.
Қараменде би – тарихта болған адам. Оның шешендік сөздері, ерліктері жайлы аңыздар ел аузында сақталған. Автор сол материалдарды жинақтай келе, зерттеу мен талдау жүргізе отырып, ғылыми еңбекті өмірге әкелген. Еңбекте зерттеуге өзек етіп алған тақырып тың деректерге толы.
Сонымен қатар, танымал ғалымдардың ой-пікірлерінен үзінділер келтіріліп, дәлелдемелері, мәліметтері айқындалған.
Әр тарау өзіндік маңызды мазмұнымен тартымды. Әрі талапқа сай тұжырымдалып отырған. Қараменденің өскен ортасы, заманы, байланыста болған тұлғалары нақты дереккөздермен көрсетілген. Еңбекте тарихи оқиғалар әдеби пайымдаулар біртұтастықта шоғырландырылған. Ел аузында сақталған шежірелік деректер де орынды қолданылыпты.
Қазақ халқының әдебиет тарихында ақындықты, сазгерлікті және өнерді ұштастыра меңгерген «сал-сері» деп аталатын тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы жеткілікті деңгейде зерттелген деп айтуға әлі ертерек. Себебі, бүгінгі көпшілік қауымға толық деңгейде танылып үлгермеген өнерпаздар баршылық. Солардың бел ортасында XIX ғасырда өмір сүрген Ақтентек сал бірден назарға ілінеді. Өйткені, Біржан салдың оған арнаған өлеңі ел ішіне кеңінен тараған. Қазіргі кезде осы әнді Ж.Кемалов, Е.Құжыманов, E.Төлеутай сынды танымал әншілер орындап жүр. Дегенмен, Ақтентекке қатысты арнайы зерттеу еңбегінің жазылмағандығын мойындауымыз керек.
Біржан сал өлең арнаған Ақтентек салдың өз заманында осал адам болмағандығы ақиқат. Әйтпесе, Біржан сал оған арнап ән шығармас еді. Сонымен автор өзінің зерттеуінде айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Атап айтқанда, Ақтентектің шыққан тегі, өскен ортасы, қарым-қатынас жасаған адамдары, өмір сүрген заманы жан-жақты көрсетілген. Сонымен қатар, бүгінге дейін белгісіз болып келген оның бірнеше өлеңдері зерттеу еңбегіне енген. Бұл Ақтентектің сал-серілер сахнасындағы беделі мен тұғырын айқындауға көмек береді.
Жуырда Ақсу-Аюлы ауылындағы «Қазықұрт» мейрамханасында аталған кітаптардың тұсаукесер рәсімі де өткізілді. Бабалар мұрасын дәріптеуде ұрпақтары аянбай атсалысты.
Құрманғазы СЕМБИЕВ,
филология ғылымдарының кандидаты,
«Болашақ» академиясының профессоры