Жаңалықтар

Тұлға тағдырының тамыры

Алаш қайраткері, Алаш Орда ұлттық-территориялық автономиясының Төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлының арғы атасы Бөкейді 14 жасында Орта жүздің әулие бабасы, Абылайханның ақылшысы, қазақ елінің данагөй абызы Қазыбек би мен шекшек Нұралы би 1748 жылы Самарқанның билеушісі Көкжал Барақтан болашақта Орта жүзге хан сайлау үшін Қаракесек еліне алып келген.

Әлекеңнің атааналарына қойылған Талдыбейіттегі ескерткіш тастарда жұрты Қаракесек деп жазылған. Қаракесек ішіндегі төре дегенді білдіреді. Ұлт болашағын тереңнен болжаған, көреген Қазыбек би бала Бөкейді хан тағының мұрагері ретінде аманаттап өз қамқорлығына алғандығы байқалады. Сарыарқада өмір сүрген Бөкейханды 1815 жылы Нұра бойында билердің қолдауымен хан сайлайды. 1819 жылы Бөкейхан қайтыс болып, Орта жүзде хан сайлау тоқтатылады. Бөкейдің Нұра өзенінің жағасына жерленгендігін Мәшһүр Жүсіп Көпеев дәйектеген. 1822 жылғы I Александр патшаның «Сібір қазақтары туралы» жарлығынан кейін хандық биліктің орнына жаңадан құрылған Қарқаралы округінің аға сұлтандығы мен болыстықтарына Бөкейдің ұрпақтары Тәуке, Рүстем, Ысмайылхан, Жамантай болыс, ал Құсбек аға сұлтан болып ел билеген. Әйгілі күйші Тәттімбет өзінің атақты «Бес төре» күйін төренің ел билеген бес баласына арнап шығарған. Бөкейханның 5 әйелінен тоғыз ұл туған. Соның бірі – Сұлтанғазы. (Шын аты Ғазы). Сол дәуірде Арғынның әрбір елінің өздеріне тән төрелері болған екен. «Төресі бар елдің – төбесі бар» деген сөз содан қалса керек. ӘлтекеСарымның төресі атанған Сұлтанғазы оқыған, беделді, полковник шенін алып, әскери тұлғаға айналған. Әлтеке-Сарым болысын 1824 жылдан Кенесары көтерілісі жеңіліс тапқанға дейін билеген. Қарқаралы өңіріне ықпалды адам болыпты. Сұлтанғазы Тоқырауын бойындағы бас Сарытеректі және бүгінгі Ақтоғай ауылы орналасқан Шатырша мен Жосалы аңғарын, осы жерлерге Сарытеректегі күміс теректер мен Ақтоғайдағы аққайыңдардың тұқымын қолдан отырғызып, өзінің кенже баласы Дайыр төреге еншіге берген деген дерек бар. Осы өңірдің атақты байының бірі болған сол Дайыр төренің зираты Тоқырауын өзенінің Жайдақ деп аталатын тұсында тұрғандығы да тарихтан белгілі. Ал, Жосалының иығындағы түйенің өркештеріндей тіп-тік екі төбенің Дайыр баласы «Кейкінің Қос Шоқысы» деп аталуы да төрелер мекені болғандығының айғағы. Аудан орталығындағы ішкі істер бөлімінің бұрынғы кеңсесі Дайырдың балалары Мұхаметқали мен Кейкінің және немерелері Садық пен Қайдардың зираты болған. 1930 жылы аудан орталығы Дуаншиден Қарамойынға ауысып, сол жердегі Ханқожадан тараған Сұлтанғазы немерелері Ақатай, Қанапия мен Құсайын төрелердің үйлерін «Қызыл үй» деп атап, аудан басшылығының орталық кеңсесі ретінде пайдаланғандығы, ал «Басшы» деп аталған Шатырша баурайындағы бүгінгі мекенге көшірілгенде Дайыр төренің балалары жерленген бейіт НКВД-ның канторына айналғандығы тарихтың қасіретті беті болып сақталған. Қазір ол жерде ғасыр нәубаты аталып, қуғынсүргін құрбандары болып жазықсыз жазаланған ақтоғайлық 234 адамның рухына арналған азалы ескерткіш тақта орнатылған. Сол тақтадағы қара тасқа, Әлихан есімі де қашалып жазылған. Алаш арысы 1898, 1903, 1926 жылдарғы Шербина, Швецов, Руденко экспедициясына қатысып, қазақтың генеалогиялық картасын жасаушы, 1905 жылы Бүкіл Қазақтық мойынсұнбау қозғалысын ұйымдастырушы, 1906 жылғы І Думаның депутаты, 1909 жылы Абай өлеңдерін баспадан шығартушы, 1913 жылы «Қазақ» газетін ашып, 300-ге тарта мақала жазған көсемсөзші, «Жаңа энциклопедиялық сөздіктің» авторларының бірі, 8 жыл Самараға жер аударылған саяси тұлға, 1917 жылы Алаш партиясы мен, Алаш-Орда ұлттық Автономиясын құрған төрағасы, 1923-27 жылдары «Шәкәрім шежіресін», «Қалқаман Мамыр» мен «Қобыланды» жырларын зерттеген фольклоршы, аудармашы, 9 тілді меңгерген ғалым Әлиханның Тоқырауын бойында өмірге келуі, Қарағандыны Алаштың кіші Отанына, Ақтоғайды Алаштың кіші Астанасына айналдырып тұр. Алаш көсемінің біздің өлкеде тууын Орта жүздің данышпан биі Қаздауысты Қазыбек бабамыздың 14 жасар Бөкейді 1748 жылы Барақ сұлтаннан қалап әкелген көрегендігінен деп бағалау керек. Бөкей ұрпақтарының Арқадан шұрайлы жер алуына Хан әулетінің болыс сайлауында жаңа туған баласына дейін тас салу артықшылығы қол жеткізген. Болыс Шоң би берген Жекежал қыстағында дара Әлихан ана құрсағынан болмысы бөлек болып, кіндігі кесіліп, сүндеттеліп туған. Алты жасқа дейін тілінің шықпауы, өсу деңгейінің шапшаңдығы, бала кезіндегі балуандығы мен студент кезіндегі батпан тас көтерген қуаты, бала болып қос тігіп ойнаған сәби қиялы, ауылға келгендегі қозы бағуға құштарлығы, Желтаудың өн бойындағы гранит тастарға қашалған 200-ден астам таңбаларды көріп қызықтауы, Жіңішке өзенінің жағасындағы 30-дан астам мүсін тастарды тамашалауы, қозы көш жердегі Беғазы тас қорғандарын аралауы, бала Әлиханның тумысынан табиғи ерекшеліктерінің нышаны болар. 1848 жылы Арқадағы Қоянды жәрмеңкесі ашылғанда Тәшкеннен шыққан саудагерлердің керуен жолы 1930 жылға дейін Балқаш көлінен асып, Әлихан туған Желтауды басып өтіп, Қарқаралыны қақ жарып Қояндыға жетіп, Омбыға барып тоқтаған. Сол дәуірдегі адамдардың өмір сүруіне айрықша қызмет жасаған бұл керуен жолы кейіннен Әлихан Нұрмұхамедұлының 7 жасынан бастап, 70 жасына дейін жүріп өтер өмір жолына айналған. Әлихан Омбыдан, Семейден, Қарқаралыдан ауылына осы керуен жолымен келіп отырған. Әлихан жас кезінде әкесінің туған ағасы Рүстем төренің тәрбиесінде болған. Еңбекшіл Рүстем Желтаудың Ақтұмсыққа қараған жазығының Тоқырауынмен шектесетін жағалауына өзеннен су шығарып егін салған. Қасына ертіп жүріп, бала Әлиханды еңбекке баулыған. Бұл жерлердегі қолмен қазылған арықтар күні бүгінге дейін «Рүстемнің кәрі тоғаны», немесе «Төре тоғаны» деп аталып, сақталып қалған. Баласы Бегетайға Абдолла шебер қашаған тас диірменді Тоқырауын өзенінің суын байлап су диірменге айналдырып, жиған астықтарын тартқызып, ұн шығарттырған. Осы Ақтұмсықтың төменгі жағындағы аяқ Сарытерекке Мұқан төре әкесінің ағасы Рүстемге үй салып берген. Рүстем әулеттің ішінде алғашқы болып 84 жасында қайтыс болғандықтан Талдыбейіт қорымына емес, Сарытерекке жеке жерленген. Қарқаралыда оқып етікші, Омбыдан теміржол технигі, Санкт-Петербордан орманшы мамандығын алып, саясатта азаттық күрескері атанған Әлихан 1901 жылы әкесі Нұрмұхамед 62 жасында қайтыс болғанда Жіңішке өзені бойынан қазақтың сегіз қанат киіз үйін үлгі тұтып, сегіз қабырғалы етіп, Тоқырауын бойындағы төрелерге топырақ бірақ жерден бұйырсын деп зират соққызған. Өзіме де осы қорымнан екі жарым кез жер бұйырса екен деп тілеген. 1905 жылы інісі Тәтіхан 25 жасында қайтыс болғанда Бразилияда өсетін Самырсын ағашының екі тұқымын өзі соқтырған зираттың ішіне егіп кеткен. «Талдыбейітке» Әлихан еккен қос қарағаштың біреуі ғасырдан асса да жайқалып өсіп тұр. Әлиханның ауылға келгендегі тағылымының тағы бірі, көкірегі ояу, көзі ашық азаматтармен пікір алмасып, кездесулер өткізіп, дастархандас болғандығында. Алаш арысын ауылдастары Әли-аға, Ақаң, Ғалихан деп те атаған. Кездесудің бірінде Бекпенбеттің Ақметжаны арнайы сыйға берген күмістелген ертоқымды ұлттық мұра деп бағалап, Эрмитажға тапсырған. 1920 жылы Алаш Автономиясы таратылып, 1921 жылы жары Елена Яковлевна Семейде ауырып қайтыс болған соң туған ауылына келіп, бір жарым жылын Желтауда өткізген. Семейден атқосшысы Бажай пар ат жеккен тарантаспен алып келгенде Жіңішке өзенінің жағасына 7 киіз үй тігіп қарсы алған. «Сәлемдесуге ағылған халық, күн сайынғы бас қосулар Қоянды жәрмеңкесіндегідей базарға айналушы еді» деп жазған ұрпағы Қасенхан ақсақал. Қолы босаған сәттерде ауыл балаларын жарыстырып, күрестіруге, тіпті, қаланың «городки» деген ойындарын үйретуге де уақыт тапқан. 1922 жылдың 10-шы қазанында Қарқаралы НКВД-сының бастығы Бектасов Тәкіш келіп, Үкіметтің шақыртып жатқанын жеткізген. Алаш арысы 3 күнге мұрсат сұрап ауылелдің игі жақсыларын, ел ағаларын және өз бауырларын жинап, аумалытөкпелі қиын заманның келе жатқанын, балаларды оқытудың, кәсіпкерлікпен шұғылданудың қажеттілігін еске салған. Ашаршылықтан, тәркілеуден, қудалаудан алдын ала хабар берген. Өз бауырларына өмір бойғы идеясын тапсырып кеткен. 1925 жылы қайыра соққанда бауырлары Қасымның кооператив құрып, несиеге Қарқаралыдан тауар алып сауда жасағанын, Әзіханның мектеп ашып, бала оқыттырғанын, Смақанның май зауытын іске қосқанын, Базылханның тері өңдеу цехын ашқанын көрген. Нарықтық қатынастар арқылы «аграрлық қалашықтар» құрғызып, «Қазаққа қызмет қылсам» деген арманының ауылда жүзеге аса бастағанына көзі жеткен. Бұл қозғалыстар 1928 жылғы жаппай тәркілеуден кейін тоқтатылып, бауырлары қуғындалып, жазаланған. Бар өмірін саяси күреске арнаған, өзінің қас жауы Сталиннің тура өлген күнінде 5-ші наурызда туған дара тұлға, 5 рет тұтқындалып, 16 жыл Мәскеуде үй қамаққа алынып, «Халық жауы» деген жалған жаламен 1937 жылы 27 қыркүйекте тура анасы Бегежанның қайтыс болған күнінде атылып, мәйітінің күлі Дон зиратындағы 1-ші шұңқырға көмілген. Туған інісі Смахан Талды бейіт қорымына Алаш көсемінің аруағы мен тері сіңген бас киімін жерлеген. Ақтоғай халқы 1992 жылы республикалық деңгейдегі конференция өткізіп, ас беріп, орта мектеп пен бас даңғылға атын берген. Мәскеуден келген немересі Евгенийге ақбоз ат мінгізген. 1998 жылы жерлестері Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермековпен бірге «Ақтоғайдың үш арысы» деген композициялық ескерткіш орнатқан. 2016 жылы «Халықаралық экспедиция» мүшелері Талдыбейіт қорымына Мәскеудің Дон зиратынан бір уыс топырақ әкеліп салған.

Тұңғышбай МҰҚАН,

өлкетанушы, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Back to top button